19:29
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІКТІ ЖАРЫС ЖОЛЫНА ШЫҒАРУ

Көшпелі халықтар жүйрік жарыстырғанда аттарды алысқа айдап барып, арнайы мәре белгілеп сол жерден жіберетін болған. Тіпті кейбір аламан жарыстарда мәреге барған аттарды бір қондырып, тынықтырған соң ертеңінде жарыс жолына шығарған.

Сол себепті ат иелері ат айдалып баратын қашықтық пен қайтадан шауып келетін уақытты дәл есептеп жүйрігінің бабын орайластырады. Мысалы, жүйріктерді мәреге барғанға дейін тезегін тастатып, ішін босату үшін жемшөбін сәйкестендіру аса қажет. Бұл әрекет сәйкеспеген жағдайда ат шаппай қалады.

Жүйрік баптау кезінде ұйымдастыратын қара жарыстар таңдап алатын болған. Қысқасы, атбегі жүйрік жаратқанда бәйге болатын күннің ауа райын, жер жағдайын (жазық, өр, еңіс, т.б.) және қашықтықты есептей отырып, жүйрік жаратқан.

Бәйге болатын күннің таңында атының сырын білетін бапкерлер түнде босатып жіберіп, бой жаздырады. Көп жыл бәйгеге қосылып қаныққан жүйрік бабын жоғалтпай еркін жайылады.

 

Жүйрікті жарыс жолына шығару кезіндегі ескертулер:

  • Баптаған жүйрікті жарыс жолына шығарып, мәреге жіберер алдында жас шөппен тамақтандырған дұрыс. Өйткені тоқ аттың шабысы қуатты болады.
  • Бәйге басталатын күннің кешінде, күн батқан соң таңғы шық түспей тұрып, жүйрікті таза шөпке жайылтып, бәйге болатын жердің қашықтығына қатысты (тойдырып немесе жартылай аш күйінде) тоқтығын сәйкестендіреді. Бұл істе өте үлкен маңыз бар. Өйткені іш тартқан жүйрікті тым тойдырса, шаба алмай қиналады, аш құрсақ болса, жолай әлі құрып жарты жолда тұрып қалады.
  • Бәйге жолына шығарған жүйріктің аш-тоғын сәйкестендіргенде көмбеге дейін қанша уақыт жүріп барады соны дәл есептеп, тоқ жарау аттың тезегін тастап өзін-өзі баптауына ыңғай туғызған жөн.
  • Бәйге болатын күннің түнінде жүйріктің үйірін керме маңына айдап әкеліп, таңертең ерте өргізеді. Үйірін көрген жылқының шабыты оянады.
  • Бәйге болатын күннің таңында жүйрікті бетегелі жерге жайып, шөпті бір орып, басын шала бастағанда тоқтатып, суару қажет. Суды екі рет сіміріп жан-жағына қараса, бабына келгені. Судан басын алмай сіміре берсе, онда бабында күмән бар.
  • Жүйрікті жарыс жолына шығарарда денесін сабындап салқын сумен жуады. Бабы келген жүйрік денесіне су құя бастағанда-ақ сүйсініп тұрады.
  • Көптеген ат бапкерлері ертең бәйге болады деген күні баптаған жүйрігінің ноқта-жүгенін сыпырып, үйіріне жібереді де, сыртынан бақылайды. Байлауда зеріккен жүйрік үйіріне қосылған соң еркінсіп бой жазады. Кешкі һәм таңғы жусауда ұйқысын қандырады. Таңертең ұстап, біраз суарып, от шалдырып байлайды.
  • Кейбір жүйрікті бәйгенің алдында желе аяңдатып, тезегін тастатып, дайындайтын әдет бар.
  • Жүйрікті жарыс жолына шығарарда құйрығын өріп, кекілін түйеді. Ондағы мақсат шабыс үстінде қызып терлеген аттың маңдай мен санын жауып тер үстіне тер қосқызбау үшін.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 179 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: