11:15
Атбегілік арналары

БАПТАУДА ТҰРҒАН ЖҮЙРІКТІ

жайылту және суару

Баптауға байлағанжүйрікті шөлдетіп барып суаруға әсте болмайды. Сондай-ақ, шаңқай түсте де суармаған дұрыс. Таңғы салқынмен суарған жөн. Бірақ, түнде жаңбыр жауып, шөп басына шық тұнған бұлтты күні таңғы салқында да суармаған қолайлы.

Тәжірибелі атбегілер жүйрігін ағынсыз тоқтау немесе құдықтың суына суармаған. Күніне екі дүркін ағынды сумен (бұлақ, бастау, өзен сулары) суаратын болған. Бір ескере кететін дүние: жүйрікті ағынға қарсы жүргізіп су ішкізген дұрыс.

Дене бітімі толысқан, сақа жылқыны самал желдің өтіне ұзақ ұстап, кенезесін кептіріп, кешкі салқынмен суарады. Бұлай жасаудың мәні: жүйріктің іш майы тез тартылып, қуаты артады. Бұл тәсілді кейбір тәжірибелі атбегілер дөнен жылқыны баптаудың басты тәсілі ретінде қарастырған.

Жаратуға байлаған жылқыларды күніне 2-3 сағат (тай-құнандарды 3-4 сағат) таза шөпке жайылтады және күндіз 2 сағат ұйықтатады. Бірақ бұл жайылту мәселесі жүйріктің арық-семіздігіне ьайланысты ұзарып немесе қысқарып отырады.

Уақытында ащылатқан дұрыс. Қатты ащылаған жылқы шыдамай топырақ жалайды да, ол асқазанында қорытылмай өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан аптасына бір рет тұз жалатып, ащылауын қандырады. Бірақ бәйге болатын уақыттан бір апта бұрын ащылатуды тоқтатады. Егер де ащылату көлемі шекті мөлшерден асып кеткен жағдайда (жиі-жиі ащылату немесе көп тұз жалатып жіберу) жылқының қарын қырындысы жидіп, тезегі сұйылып, бабы бұзылады.

Байланған жылқыға жұмсақ шөп берген дұрыс. Әсіресе, қияқ, жасыл балаусаны жегізуге болмайды. Өйткені, дәмі қышқыл бұл шөптер аттың терін дұрыс шығармайды және жаңа шыққан көк шөп кейде жылқының ішін айдап, тезегін сұйылтып жібереді.

Шөпке жайылту барысында: жүйріктің қарын салуын, сүбе жиюын, іш тартуын аңдаған жөн. Осы үшеуін үйлестіре білген жағдайда жүйрік ішін тартып, бауырына бұйра әжім-қыртыс түсірмей, түп-түзу болып оқтаудай жарайды.

 

Жүйрік жайылту және суару барысындағы ескертулер:

  1. Баптау барысында жүйрікті тер алудан бұрын немесе терін алған соң асықпай суарған тиімді.
  2. Бабы қанған жүйрік су ішкенде асықпай, қайта-қайта ішеді. Егер жүйрік басын судан көтермей тез-тез және лоқылдатып ішсе бабы келіспегені.
  3. Жас жылқыларды (құнан, дөнен, тай) күніне 3-4 сағат жайылтып, 2-3 сағат ұйықтатады.
  4. Қатты ащылаған жылқы қара топырақ жалап асқазанын бұзады. Ас қорыту жүйесі бұзылған жылқының бабы қашады. Сондықтан жүйрікті аптасына бір рет ащылатқан (тұз жалатқан) дұрыс. (жалғасы бар)
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 149 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: