18:01
Атбегілік арналары

БАПКЕРЛЕРГЕ ҚОСЫМША КЕҢЕС

Жүйрік баптаудың қыр-сыры көп:

  1. Іш майы кетпеген жүйрікті әр күні таңертең суарған соң бетегесіз жерге жайылтып, ішек қарталарын кеңітіп майын суалдыру керек.
  2. Бәйге атты кешкі салқында қағыр таза жерге қысқа арқандап, тәулігіне 5-6 сағат жайылту, еті қатқан соң тәулігіне 7-8 сағат жайылту керек. Таңертең күн көтеріле көлеңкелі саяға байлаған дұрыс.
  3. Баптауға ұстаған үш күнен кейін әр күні кешкі салқында бір сағат бусандырмай мінсе, топқазы болудан сақтайды.
  4. Семіз жүйрікті майынан тез арылту үшін суға салатын әдіс бар. Таң асырған жүйрікті түн ортасында ағысы қатты өзеннің иіріміне салып, ағысқа қарсы сүт пісірімдей уақыт жүздіру керек. Өзенде көп жүзген жылқы болдырады және тоңады, еті сылынып ари бастайды. Бабына да түседі. Мұндай аттарды қара жарысқа салмай терін жабулап алған дұрыс.
  5. Кейбір еті сақайған жүйріктер шапқанда ісініп кетеді. Оларды қара жарысқа салар алдында денесін құрт-ірімшіктің сарысуымен жуады.
  6. Жүйрікті бәйгеге қосуға екі күн қалғанда, жүйріктің зерігуін шығарған жөн. Ол үшін оны кермеден босатып үйірге жіберіп көңілін сергітіп, ертең бәйге болады деген күні ұстап тынықтырады.
  7. Жүйрікке шақтап сұлу берген пайдалы. Ол жүйрікті қызылдандырмайды, етін сақтайды, сүйегін түзейді, тебінін арттырады.
  8. Баптауға тұрған жүйрікті 2-3 күнде бір рет сабындап жуып, денесін таза ұстайтын болса сергек келеді.
  9. Жүйріктің төрт аяғы мен өкпесіне көп көңіл бөлген дұрыс. Терін алған соң баяу жетелеп жүріп суытып, тері құрғап, аптығы басылғанда тоқтату керек. Бұл бойындағы тасыған қанды сабасына түсіреді, аяғына қан түсуден сақтайды.
  10. Жүйрік баптағанда жылқының бабы мен жарыс жолын дәл үйлестіру керек. Өйтпегенде, жүйріктің сіңірі созылады, аяғына күш тұүседі шабыстан мүлде қалады.
  11. Қара жарыстан кейін ыстықтай отқа қоюдан, суарудан сақ болған жөн. Суымаған жүйрікке су ішкізуге болмайды.
  12. Жүйрікті суық күндері ықтасында немесе қораға жабулап таң асыру керек.
  13. Шауып қызып келген жүйрікті суыққа алдырудан сақтанған жөн. Ол үшін суығанша байлап түн ортасында аздап дымқылдаған сұлу беріп таң асырған дұрыс.
  14. Жүйрікті күш-қуатына қарай баптайды. Мысалы, қанды бұлауға түскен жылқы қанша семірсе де майы шыныланбайды. Оған жемге піскен қойдың құйрығын ұнтақтап қоса жегізу керек.
  15. Семіз жылқыны бірден қинауға болмайды. Майы езіліп, қанталап кетеді. Қашан майынан арылып, қарны тартылғанша жетектеп аяң-желіспен суытады.
  16. Таза жем жеп семірген жүйріктің қазысын ыдырату үшін бір мезгіл құдықтық мұздай суымен бауырын жуып, қанын салқындатқан дұрыс.
  17. Кермедегі жүйрік ерігіп жалықпас үшін шылбырын жүгіртпелі етіп байлайды. Зеріккенде еркін жүріп, бойын жазады.
  18. Жүйріктің аунайтын жеріне құм төсеп, соған аунап-қунауына үйреткен дұрыс.
  19. Байлаулы жүйрік жалығып, жабығып қалмас үшін анда-санда мұздай су шашып сергітіп отырған тиімді.
  20. Мүмкін болса жүйріктің танауындағы шеміршекті алып тастаған дұрс. Шапқан кезде демін емін-еркін алады.
  21. Кейбір жүйрік арықтап болмайды. Мұндайда үнемі мініп, аттың аяғын кетіруден сақ болған жөн.
  22. Нағыз бапкер жүйріктің арқасына ер тигізбей баптайды.
  23. Дұрыс суып, тері алынбаған жүйріктің қаны бұзылып, ісініп кетеді.
  24. Өрге шаптырып жүйріктің бұлшық етін шынықтырамын деп аяғын кетіріп, қор қылудан сақ болу керек. Бабы келіскен сәйгүлік қашықтыққа бағынбайды.
  25. Семіз жүйрікті тез арыту үшін оған қант беріп іш майын ағызып, бір жұма сазға арқандап қазысын ыдыратып, бабына тез келтіруге болады.
  26. Жүйріктің қазы майының бар-жоғы жалынан білінеді. Жал қолды керіп, шіреп тұрмауы керек. Сауырындағы сулығы білініп тұрсын.
  27. Күн жылыда жүйрікті сабындап жуып, күн суық болса жылы сумен жуып, жүнін жақсылап кептіріп қара жарысқа қосқан жақсы.
  28. Жүйрік қоңды болса құрғақ шөппен баққан дұрыс. Арықтау болса күніне бір келі сұлу немесе жарған арпа берген жөн.
  29. Баптауда тұрған жүйрікке өте нәрлі жем беруге болмайды.
  30. Бапшыл ат жарау, бапсыз ат тоқ жарау күйді ұнатады.
  31. Бапшыл ат орақ тұмсық, бапсыз ат түзу тұмсық болады.
  32. Ертең бәйге басталатын күні атбегі түнімен атының жанында болуы қажет. Алдымен таға-шегесін тексеруі, бос болса мықтап, шеге ұштарын жақсылап жатқызу керек.
  33. Бәйге болатын күні жүйрікті ерте суарып, біраз жайылтып, бәйге төбеге жақындағанда шауып шығу керек. Сақа жүйріктер бәйгеге қосылатынын сезіп, тезек тастап тұрады.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 164 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: