21:56
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 Жүйріктің терін алу

Қара жарыстың, яғни, жаратудың дұрыс-бұрыстығын аттың теріне қарап анықтайды. Аттың терін алу – ат баптаудың басты шарттарына жататын аса маңызды дүние.

Тері дұрыс алынбаған жүйрік тер буып шаба алмайды, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Тер алудың білмеген адам атбегі бола алмайды. Бәйге атының терін алу өз алдына бір өнер және бұл ат баптаудың маңызды сатысы.

Тер алуды атбегілер ауызекі тілде арам терін шығару деп те айтады. Термен бірге жүйріктің ағзасындағы артық-ауыс заттар сыртқа шығып, жүйріктің қан айналымы жақсарады.

Тер алудың мәні:

Жүйрікті артық майынан арылтып, тынысын кеңейтіп, аңқасын ашып, дем алдыру үшін қажет. Әрбір алынған тердің маңызы мен мақсаты және түрі болады. Аттың терін бұлтты, салқын күндері алған дұрыс. Өйткені, қаражарыстан қалжырап келген жүйрікті ыстық күннің ащы сәулесіне соқтыруға болмайды.

Тер алу әдістері:

  1. Ашық тер. Бұл терді алғанда жүйрікті кәдімгідей ашық қаражарысқа салып, шаптырып алады.
  2. Жабық тер. Яғни, жылқыны шаптырмай күн ысыған сәтте жабулап терлету. Кейбір атбегілер арнайы киізден шатыр жасап, оның ішіне маздатып от жағып, ысыған шатырға баптаған жүйрігін кіргізіп тер алатын тәсіл де бар.
  3. Жабатталған тер. Бұны ауа райының тымық кезін пайдаланып алады. Жүйріктің сауырынан құлақ түбіне дейін үлкен текеметпен тұмшалай жабулап, үстіне салмақты жігіттің бірін мінгізіп, сүйегіндегі сасық тері шыққанша әрі-бері желе-жортып шоқытады. Содан соң ер-тоқымын сыпырып тастап, қас қарайғанша жаяу жетелейді.

Тердің түрлері:

Арам тер. Жаратуға, яғни, байлап-баптауға қойылған аттың алғашқы терін айтады. Кейде май тер деп те атайды. Арам тер қою, жабысқақ болады. Арам тер тым майлы болса жүйрік әлі де семіз, іш майы кетпеген деп есептеледі.

Ащы тер. Жоғарыдағы арам терге қарағанда сәл тазалау болады. Оны татып көрсеңіз сортаң-ащы дәм шығады. Кейбір жағдайда жүйріктің ащы тері екінші, үшінші қаражарыстан кейін шығатын жайтар да кездеседі.

Батпақ тер. Жараған жылқы артық етінен арыла бастағанда арқасынан шығатын лай терді батпақ тер деп атайды. Ол қою, жабысқақ келеді. Бұл тер арқылы жүйріктің сыртқы жүнді қабатына сіңіп қалған шаң-тозаң шығады. Аттың тынысы ашылады, терісі кеңейеді, мінезі жайдарланады. Сергек күйге енеді. Жүні жылтырайды.

Ет тер. Жүйріктің денесі майдан арылып, еті қата бастағанын білдіретін тер. Ет тер арқылы жүйріктің бұлшық еттеріндегі арам сулар сығымдалып сыртқа шығады. Тердің дәмі кермек, өңі бұлыңғыр болады. Осы ет терден кейін жүйрік бабына келе бастайды.

Көбік тер. Үш-төрт қаражарысқа қатысқан жылқы бабы қанған жағдайда сауырынан көбік терін тастайды. Белгісі: шауып келген жылқының тері түйіршік-түйіршік көбіктеніп тұрады. Көбінесе бұл терді жылқының сауырынан немесе әбзелдеріне жабысқан бөлігінен байқайды. Көбік тері шыққан жүйріктің зәрі бозғылттанып, тезегі қатаяды.

Моншақ тер. Қаражарысқа көп қосылып, бабы келіскенжүйріктің қара терлері толық шығып болып, тазарады. Одан кейін шыққан терді моншақ тер деп айтады. Сипаты: таза мөлдір болады, тұнық судың тамшысына ұқсайды, жылқының денесінен домалап түседі. Бұл аттың бабы қанғанын білдіретін басты белгі. Кейде бұны су тер деп те айтады.

Мөлдір тер. Тердің өңі күмістей мөлдіреп тұрады. Мөлдір терді тану үшін жүйрікті күн көзіне ұстағанда мөлдір тері күнге шағылысып жылтырайды. Атбегілер мөлдір тері шыққан атты бәйгеге қосуға болады деп есептейді.

Сүйек тер. Бабы әбден қанған жүйрік тер терлегіш келеді. Атбегілер жүйрікті қинамай денесін қыздыру үшін соңғы терін алады. Бұл терді сүйек тер дейді. Бұл терде ешқандай қоспа болмайды.

Жалпы айтқанда:

Әрбір жергілікті өлкелік атауға байланысты тердің түрлері көп. Атап айтқанда, тұнық тер, су тер, май тер, қара тер, т.б. әркім әртүрлі атай береді.е

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 207 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: