20:50
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ

 Жүйрік баптайтын жердің жағдайы

  • Жүйрікті жаратып-таптауға байлау барысында есте болатын дүние: керме маңы таза, шөбі мол, жақын жерде таза-мөлдір бұлақ-бастау болғаны тиімді саналады.
  • Жүйрікті байлаған жердің топырақ қыртысы жұмсақ, айнала ашық көрінетін дөңеске орналасады. Жердің қыртысы қатты болса, жүйрік байлаған жерге жұмсақ қайрақ құм төгеді.
  • Ат байлаған жердің қыртысы қатты болса, төрт аяғы талмаусырып созылады, жұмсақ шымды болса, жылқы бойына ылғал тартып бабына түспей кешігеді.
  • Жақын маңда айғай-шу болмауы әрі сасыған шалшық судан жырақ болғаны абзал.

Көшпелі қалқа-моңғол тұқымынан шыққан атақты атбегі хардел бейс Пуребжаб (1844-1932) жазып қалдырған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты еңбегінде:

«Жүйрікті байлап-баптайтын орынның алдыңғы және оң жағында жақын маңда тау-төбе болмағаны абзал. Негізінен керме құруға жан-жағы ашық жер ыңғайлы. Әрі керменің оң жағы өзен-сулы, шығыс жағы тегіс жазық, батысы адырлы, жердің қыртыс топырағы сарғылтым, артқы жағында көл болса, бұл нағыз ат баптайтын орын».

 

Жүйрікті нұқсаннан арылту

Баптауға ұстаған кез келген жылқыда 3 түрлі ақау-нұқсан болады. Жүйрікті осы ақаулардан арылтып барып баптаған дұрыс.

  1. Жүйрікті үйірден ұстаған кезде ебедейсіз қылық танытып, қатты үркітіп немесе шошытып алған жағдайда бойына шошымалы ақау түседі. Бұндай ақаудың жылқы бойында бар-жоғын білу үшін: шоқтық ұшындағы ақ шеміршекті қаттырақ қысып байқайсыз. Егер жылқы аптығып, қозғалып кетпей тыныш тұрса, шошымалы ақаудың болмағаны. Сондай-ақ, баптау барысында тәжірибесіз атбегілер жас жылқыларды үркітіп шошымалы ақау түсіруі әбден мүмкін. Баптау кезінде ақау түскен жылқы алды-артына кезек сүріншектей береді. Оны анықтаудың жолы: эылқының сол жақ құлағының сыртқы шеміршегін қысқанда ауырсынады және сол жақтағы көз жанарына жұқа ақ жолақ түседі. Атбегілер осы жұқа жолақ арылған жағдайда жылқының ішкі ақауы кетті деп есептейді.
  2. Екінші ақау табанында болады. Табан ақаусыз жылқының аяқ тастасы нық әрі сенімді көрінеді. Егер табан ақау түскен болса, жай жүргеннің өзінде сүріншектеп, аяғының бұлшық еттерінде сәл-сәл діріл пайда болады.
  3. Үшінші ақау жылқының іш құрылысына түседі. Бұны аңғару кез-келген атбегінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, атбегі адам жүйріктің ішкі ақауын шығару үшін: арасына екі күн аралатып 2-3 дүркін желе жортып жеңіл терін шығарып, ішінде ақау болмағаны. Бұл ақауларды жүйрікті түбегейлі жаратуға байлаудан 5-6 күн бұрын тексеріп көрген дұрыс.
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 188 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: