21:17
Атбегілік арналары

ЖҮЙРІК БАПТАУДЫҢ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ

 Жүйрік баптау деген не?

Жүйрік баптау дегеніміз – түптеп келгенде атты шынықтыру деген сөз. Яғни, жүйрікті баптап, жаратудағы мақсат – оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек. Жүйрік баптауға ден қойған адам әуелі, баптауға ұстаған жылқысының жай-жапсарын жақсы білуі керек. Жүйріктің абиғатына, бітіміне, сипатына байланысты оны жарату, баптау әдістері де әр алуан болады. Өйткені, қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды чүйетіні бар. Бәрін бір тәсілмен баптау қате. Өйткені, әрбір ат – бір-бір әлем. Оның табиғи мінезі, бап тілеу ерекшелігі бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты, әрбір атбегінің ат баптау әдіс-тәсілі әр басқа.

Жүйрік жылқы жергілікті табиғатына, жайылған жеріне, орналасқан мекеніне қарай бапталады. Алдымен оның тұқым-тегіне, бітім-нышандарына назар аударған жөн. Өйткені, байырғы қазақ жылқысы бір қалыпқа құйып қойғандай біркелкі жасанды тұқым емес. Сондықтан да, әртүрлі жаратуды сүйетін, әр алуан жүйріктер болуы заңдылық. Бірі тоқжарау күйінде жақсы шапса, ендібірі әбден жеңілдеп іш тартып, жараған жағдайда жақсы шабады. Қайсыбірі қабырғасының жігі білінбей, жаңбырлығы осылмай семіз қалпында бабы қанса, кейбіреулері әбден арып, арса-арсасы шығып, қабырғасы ырсиып арығанда жақсы шабады.

Сол себепті, семіздеу жүйрікті арықтатамын деп жиі-жиі таңасырыпнемесе суға салып тоңдыру ісі қателікке ұрындыруы мүмкін. Тер алудың жөні осы екен деп орынсыз шапқылаудан да сақ болған жөн. Әуелі, баптауға жүйрікті аяңдатып, желдіріп, қысқа шапқын жасау арқылы жарату – оның тынысының кңеюіне, бұлшық еттерінің ширауына, сіңірінің созылмай бекуіне, тұла бойын ауырлатқан ащы терінің дұрыс шығуына сеп.

Атбегі әуелі жүйріктің қара еттелігін немесе май еттілігін жазбай тануы тиіс. Жаясы жалпайып, жоны тырсиып тұратын құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы, арқасы арбиған, қабырғасы ырсиған, келбеті жұпыны, бірақ іш майынан арылмаған жүйрікті арып кеткен екен деп қателесу оп-оңай.        

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 202 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: