10:41
Атбегілік арналары

ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ

 Он үшінші сын. ҚАДЫЛ АЙДАУБАЙҰЛЫНЫҢ ҮЛГІСІ

Өрен жүйріктер үйірдің ортасында жүргенде әсем болып көрінбейді. Бойын (сынын) жасырып жүреді. Қол-аяғы жуан, арбиған, олпы-солпы, алқам-салқам болып көзге қораш көрінеді. Шабан аттың бейнесін елестетеді. Мұны көрген кейбір сыншылар, «жүйрікте сын болмайды» немесе «жүйрік сынын жасырады» дейді.

Ал, өз басым «жүйрікте мін болмайды» дер едім. Өрен жүйрікті жылқыдан ұстап алып, байлап қойғанда алғашқыдан да келісті көрінеді. Жүгендеп құйрық-жалын түйіп, бала мінгізіп байқағанда ғана «жүйрік менмін» дегендей, үлкейіп, келбеттеніп, таранып, құлпырып, жайнай бастайды. Бірақ, сұлу бола алмайды.

Жан-жағы тең, тұрқы үйлесімді, мүсінді болып көрінеді. Алдынан қарағанда, арты биік, алды аласа, артынан қарағанда, алды биік, арты аласа болады. Мінер жағынан 4-5 қадамдай алыс тұрып қарағанда ғана төртбақтығы байқалады.

Басы, шоқтығы, сауыры бір деңгейде болады. Алды биік аттар: жазықшыл, еңісшіл келеді. Керісінше, арты биік аттар өршіл келеді. Бұлар еңіске шаба алмайды. Алды-арты бірдей жүйрік жақынға да, алысқа да талмай шабады. Мұндай бітімді жүйріктерді қазақ «шығасалма» дейді.

Түсінікті болу үшін бір мысал келтірейік. Қоянның, түлкінің, қарсақтың, аюдың, арыстанның, жолбарыстың... деген сияқты лауан-түрлі аңдардың алдыңғы аяқтары қысқа, артқы аяқтары ұзын болады. Олар өрге тиынша секіреді, еңіске түсерде бүгежектеп, «тұсалп» қалады. Бұл өз жауларының өр жағына шығып қана жан сауғалауға бейімделген табиғи үйлесімділік. Ал, бұғы, бұлан, құлан, киік, бөкен... сияқты аңдардың алды-арты тең болады да, өр, еңісті білмейді.

Жүйрік аттың дене бітімінен, мінезінен, жүріс-тұрыс, шабысынан, дауысынан, көз қарасынан, жоғарыда айтылған аңдардың бейнесін елестетуге болады. Сондықтан, сыншылар: «...түлкінің күшігіндей, қоян жақ, арыстан кеуделі, жиренше желеді, құлан желісті, тауешкі іспетті, бөкен қабақ, бөкен желісті, бұлан немесе бұғы басты» деп аңға теңеп сипаттайды.

Жүйріктің аяқтарының арасы алшақ, бұты талтақ, артқы жағынан қарағанда, артқы екі аяғының немесе бұтының арасынан алдыңғы екі аяғы көрініп тұрады. Сыншылар мұны: «Астынан түйелі көш өткендей екен» деп, әсерлендіріп мақтайды.

Құйрық-жалы сұйық, жүндес келеді. Бауыры жазық, жоны тартық болады.

Құлағы жалына басылмай артық шығып тұруымен қатар, кекілі сұйық, әрі көзге түспеген, үстіңгі ернінен, астыңғы еріні ұзын, алдыңғы тұяғынан артқы тұяқтары үлкен, адам жақындағанда көз алмай тесіліп қарайтын болса жүйріктің белгісі.

Арғымақтың көз қарасына жақсылап көз салыңыз. Ол қылықты келіншектердей үзіліп қараса бағыңыздың жанғаны. Оның үстіне, мінезі биязы, жуас, артқы екі аяғына салмақ салып шоңқайыңқырап тұрса өте жақсы.

Маңдайы кең, қабырғаның сүйегі, ауыз омыртқа, арқа, қарын, көк ет, бұлшық ет, омырауы үлкен болса жүйріктің белгісі.

Жағының арасы кең, екі алдыңғы аяқты қосып көргенде арасына жұдырық еркін сыятындай болса, шаты кең болса, тістерінің арасы алыс болса, жүйрік аттың белгісі.

Жылқының ізіне көп көңіл бөлген жөн, ізі көп дүниені айтып бере алады.

  1. Шауып бара жатқан немесе шапшаң жүрген аттың тұяғының ұшының ізінен басқасы толық айқын емес болумен қатар, артқы тұяқ алдыңғысының ізінің үстіне дөп түсіп жатқан болса, жүйрікке тән қасиет.
  2. Егер артқы тұяқтың ізі анық болумен қатар, алдыңғы тұяқтың ізі болумен қатар, артқы тұяқтың ізі алдыңғы тұяқтан асып түсіп жатса, онша жақсы емес.
  3. Алдыңғы, артқы тұяқтың ізі ашық, айқын болумен қатар, алдыңғы тұяқтың ізіне артқы тұяқ жетпей жатса, ол шабандықтың белгісі.

Міне, осы іспеттес жылқы малының сыртқы сыны көп дүниеден хабарлар етеді. 

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 210 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: