13:34
Атақты Шәкен Аймановтың туғанына - 100 жыл!

ҚАЗАҚ КИНОГЕРІ һәм ТЕАТР ҚҰЛАГЕРІ

Қазақтың маңдайына ерекше дарындылығымен дараланып асқарланған, қазақ киноөнерінің майталманы, сахнаның саңлағы, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туғанына бір ғасыр толды, ағайын!.

Киелілер мекені Баянауыл ауданында кіндік қаны тамған Ш.Айманов орта мектепті тәмамдаған соң, Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен екен. Балдырған жасынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін ықыласпен тыңдап өскен көрінеді. Семейдегі мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, 1932 жылы, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. 1932-1933 ж.ж. сол театрға жұмысқа қабылданды. Әу бастан сахналық қабілетімен көзге түскен Шәкен алғашында бірнеше рөлдерді сомдап ойнады. Уақыт жылжи келе классикалық пьесалар бойынша қойылған қойылымдарда басты рөлдерді шебер орындауымен көзге түседі. Мәліметтердің айтуынша, әсіресе, оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында алтын әріппен кестеленетін өшпес із қалдырды. Сахналық өнермен ғана шектелмеген Кенжетайдың Шәкені режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, өздігінен спектакльдер қояды. Осынау қарқынмен 1947-1951 ж.ж. осы күнгі Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері болды.

Шындығында, театр өнерімен әуестенген Ш.Айманов Қазақ драма театрының сахнасында жиырма жылдай еңбек етіп, актерлік шығармашылығын шыңдады, бас режиссер болды. Ол М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім («Абай»), Алдар Көсе, Исатай (І.Жансүгіров, «Исатай — Махамбет») бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, «Асауға тұсау»), Уәлиханұлы және Тихон (Островский, «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Сатин (Горький, «Шыңырауда»), Шадрин (Погодин, «Мылтықты адам»), Кидд (Лавренёв, «Америка дауысы»), Бетт (Дж. Гоу мен А. Дюссо, «Терең тамырлар»), Хлестаков (Гоголь, «Ревизор»), Кривенко (Чирсков, «Жеңімпаздар»), Гельпак (Ф. Вольф, «Профессор Мамлок») бейнелерін сомдады. Ш. Айманов актер ретінде алдымен кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұнын дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ойтолғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер еді.

Кино өнеріне деген қызығушылығы артқаннан кейін 1945 жылы «Абай әндері», 1947 жылы «Жамбыл» көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді абыроймен сомдады. 1953 жылдан бастап өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етті. Н.Ф.Погодиннің «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», М. Әуезовтің «Абай» спектакльдерін театр сахнасына шығарды. Актер ретінде «Абай әні», «Жамбыл» т. б. фильмдерде ойнаған. «Абай әні» фильмінде Абайдың шәкірті, жас ақын Айдардың бақталасы Шәріп бейнесін сомдады. Шәкен кино саласында да осынау ұлттық идеясы шарықтаған ұстанымдарын шебер пайдалана білді.

Қайрат пен қажыр арқасында 1953-1970 ж.ж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне өлшеусіз һәм үлкен үлес қосты. Қоюшы-режиссер ретінде 1953 жылы «Махаббат туралы аңыз», 1965 жылы «Алдар көсе», 1966 жылы «Атамекен», 1968 жылы «Найзатас баурайында» атты көркем фильмдерді дүниеге әкелді. Ал телекөрермен  қауымның ой-талғамы мен патша көңілінен шыққан 1958 жылғы «Біздің сүйікті дәрігер» және 1969 жылғы «Тақиялы періште» көркем фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен дараланды. 1970 жылы жарық көрген әрі соңғы қойған «Атаманның ақыры» көркем фильмі режиссер Ш.Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды. Іскерлігімен танылған нағыз киногер Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін 1965-1970 ж.ж. атқарды.

«Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны» дегендей 1970 жылы 24  желтоқсанда елу алты жастағы Шәкен Айманов Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Топырақ Алматы қаласынан бұйырды. 1972 жылы Алматы қаласының бір көшесі, ал 1984 жылы «Қазақфильм» студиясына оның өшпес есімі берілді. Көзі тірісінде өзі тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.

Қазіргі таңда жыл сайын игі дәстүрге айналған «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде жаңа кинотуындылардың тұсауы кесіледі. Алматыға отандық һәм әлемдік киножұлдыздар ағылады. Қазақ киноөнерінің бірегей саңлағы Шәкен Кенжетайұлы Аймановқа тағзым ете, сыйластықпен табынады. Асылында, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегеніміз осы ғой тегі.

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 1078 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: