16:48
Артық болмас білгенің

ЖЫЛ-ЖЫЛДЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ

Әлбетте, шығу тарихы тым әріге созылатын халықтық жыл санау есебінде он екі жыл аты бар. Алғашқы деректерді сегізінші ғасырдағы Күлтегін ескерткіштері һәм он бірінші ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари еңбектерінен көруге болады. Зерделесек, осынау дәстүр сол ескі заманның өзінде-ақ аңызға айналып кеткен екен. Демек, жыл санау тарихының желісі тым әріде жатыр. Ендеше әрбір жылға зер салайық.

Тышқан жылы. Кішкене жәндік тышқан атымен аталған жыл санаудың және жыл қайырудың басы да осы тышқан. Әр жыл 21 наурыз күні аяқталып, жаңа жыл 22 наурыз күнінен басталып есептеледі. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тәжірибесі бай, ұғымды халық әр жылға тиісті баға беріп һәм сол жылдарға сай күтініп те отырған. Соның бірі тышқан жылын жұрт молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштық жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбіне ақталып та отырған. Шынында да мыңдаған жылдар тарихында тышқан жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық бола бермеген екен. Тарихи деректердің айтуынша,

  • Алаш қазақ ордасы 1456 жылы, яғни тышқан жылы құрылған;
  • Үйсін Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болды;
  • Қаңжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туған.

Сиыр жылы. Үй жануары атымен аталған. Тышқаннан кейін халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалған. Ырымшыл халқымыз бұл жылы сәтсіздік бола қалса, «биыл ауыр жыл ғой» дей салған. Сиыр жылы туған адамдар халық әдеті мен ырымдары негізінде сиыр бауыздамайды.

Барыс жылы. Өзі аттас аң атымен аталған. Сиыр жылынан кейін келеді. Ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас жыл деп саналады. Еліміздің тарихында бұл жылға қатысты айтылатын елеулі оқиғалар есте қалмаған. Осындай себеппен барысты қазақтар жайсыз жыл қатарына қоспайды. Тарихи деректердің айтуынша,

  • Мұхаммед пайғамбар барыс жылы туып (570), ұлу жылы қайтыс болған (632);
  • 1937-1938 ж.ж. «Халық жауы» деп аталатын қанды қырғын осы барыс жылы болды;
  • 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы да барыс жылына тұстас келді;
  • Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай осы жылы туып, жылан жылы қайтыс болған (1890-1941).

Қоян жылы. Кәдімгі дала жануары қоян есімімен аталған, барыстан кейін келеді. Жыл қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы деп оған үрке қараған. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа үңілсек, 1867-1868 ж.ж. «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 ж.ж. «үлкен қоян» жұты, 1891-1892 ж.ж. «кіші қоян» жұты, 1915-1916 ж.ж. «тақыр қоян» жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жүдеушілікке, аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, әр жылға әлгіндей ат беріп, айдар тағып кеткен. 1962-1963 ж.ж. да мал өсіруші аудандар қатты шығынға ұшырап, мал қырылды.

Тарихтан белгілі қазақ еліне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қайғылы заман әкелген 1723 жыл да қоян жылы болатын.

Қоян жылы атақты Абылай хан туды (1711).

Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармаларына да арқау болып қалды. Солардың бірі І.Жансүгіров былай деп жазды:

Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,

Бір қазақ таба алмайсың, қысты ұнатқан.

Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар

Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.

Әбіқай Нұртазаұлы «қоянды» былай суреттейді:

Жұт көрдім жеті жаста «қоян» деген,

Адалды қыс емес-ті қоям деген.

Қызарып, қымыз ішіп ұйықтағанға,

«Абайла, аштық келді! Оян!» деген.

Ұлу жылы. Қояннан кейін келеді. Ұлудың қандай жануар немесе жәндік екені белгісіз. Ол туралы әртүрлі жорамал да көп. Түркі жұртшылығы оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек.

Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған. Оған Б.Майлиннің «Ұлу» деген өлеңі (1917) куә болады:

Ұлу келіп көтерді елдің обалын,

Мал жұтатып, сынын алды қораның.

Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,

Атышулы былтырғы өткен «қоянның».

Жылан жылы. Ұлудан кейін келеді. Жұрттың бәрі білетін жылан атымен аталған. Қазақ аңыз әңгімелерінде «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген қағидаға айналған қанатты сөздер бар. Бұл сөзді Абай да «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты шығармасында пайдаланған. Мұны тарихи деректер де растайды. Ұлы Абай айтқандай, Шыңғыс хан шабуылы 1221 жылан жылы Отырарды алып, 1222, 1223 жылқы мен қой жылдары азияны жаулаған (І.Кеңесбаев). Тарихи деректердің айтуынша,

  • 1928-1929 ж.ж. Қазақстанда кәмпеске зобалаңы болды;
  • 1941 жылғы Ұлы отан соғысы да осы жылан жылы басталған;
  • Қазақ халқын қан қақсатқан Қазан төңкерісі де (1917-1918) осы жылан жылымен тұстас келді.
  • Ұлы Абай жылан жылы туып, ұлу жылы қайтыс болды (1845-1904).

Жылқы жылы. Жыланнан кейін кіреді. Жылқы атауына байланысты қойылған. Халықтың арғы-бергі аңыздары мен ертегі әңгімелерінде жылқы жылы туралы жайсыз әңігме жоқ. Ырымда бұл жылы туғандар жылқы бауыздамайды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров жылқы жылы туып (1894), үшеуі де барыс жылы (1938) опат болды.

Қазақтың атақты қаһарманы Қаракерей Қабанбай (Ерасыл) батыр жылқы жылы туған (1690).

Жамбыл ақын жылқы жылы туып, тауық жылы қайтыс болған (146-1945).

Қой жылы. Жылқыдан кейін кіреді. Төрт түліктің бірі қой атымен аталған. Халық бұл жылды жақсы жыл деп сеніп, оны күтіп отырады. Қазақ бұл жылды қой мінезіне де ұқсатады. Қой жылдары көбіне жайлы болып, халық береке мен молшылыққа кенеліп отырған. Ел экономикасына көз салсақ, шындығында, 1966-1967 ж.ж. қой жылы Қазақстанда миллиард пұттан астық өндірілді.

Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Құнанбай қажы қой жылы туып, атақты Шоң би қой жылы қайтыс болған.

Ыдырамастай көрінген Кеңестер Одағы қой жылы құлады (1991).

Қазақ елі осы қой жылы Тәуелсіздікке қол жеткізді (1991).

Қазақ халқының рухани көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы қой жылы туып, барыс жылы қаза тапты (1873-1938).

Мешін жылы. Қойдан кейін кіреді. Мешіннің қандай мақұлық екені анық емес. Қазір оны маймыл деп жүр. Аңызда ол маймыл емес, азып кеткен адам деп те айтады. Ал жыл қандай болады дегенге келгенде қазақтар бұл жылды сәтсіз, бүліншілік, жайсыз оқиғалар көп болады деп қорқып отырады. Шындығында, біздің еліміз тарихындағы небір азапты, ауыр оқиғалар мен жұт, апат осы жылдарда болғанына көз жеткізу қиын емес. Айталық, 1920 жылы қазақ даласында мал қырылып, ол «Тас мешін» деп аталды. 1931-1932 ж.ж. алапат аштық осы жылы болды.

ХІХ-ХХ ғ.ғ. бірнеше соққан «Қоян», «Мешін», «Тауық» жылдарындағы аштық пен сұмдықты бастан өткізіп, көзімен көрген және мешін жылы аштан өлген торғайлық Әбіқай ақын Нұртазаұлы «Тас мешін» деген дастан жазып, шындықты шеберлікпен суреттеген:

Тап болды «мешін» деген қайдан заман,

Ешкімге тиген-ақ жоқ пайдан заман.

Көз тойған, көңіл ттоқтап келелі мал,

Ел айбыны – ерден дәулет тайған заман.

Түстей боп өңде көрген кеткенің бе,

Қайырылмай қалыбыңа, қайран заман?

Ақ орда хандығы мешін жылы құлады (1428).

Мешін жылы Әз-Тәуке хан таққа отырды (1680).

Дүниежүзі қазақтарының Алматыдағы Құрылтайы осы жылы өтті (1992).

Тауық жылы. Мешіннен кейін кіретін жыл. Үй құсы тауық атымен аталған. Бұл жыл да халық есінде қатты, ауыр жыл деп аталып қалған. Бұрынғы үлкендердің айтуынша, тауық жылы қауіп-қатер жиі болып тұрған, халық бейнетті көп шеккен дейді. Өткен ғасырлар мен жылдарға көз салсақ, халық санасында сақталған бұл ұғымдар да негізсіз айтылмаған сияқты. 1920-1921, 1932-1933 жылдары жұт, ашаршылық болғаны көпке белгілі. 1968-1969 ж.ж. құрғақшылық болды. Тағы да Әбіқай ақынға жүгінейік:

«Тас мешін» жалғастырдың «тауығыңды»,

Сыпырып сансыз қызық, сауғымды.

Тоңқиған атпақылдың сақасындай,

Көркімен көрсетпедің ауылымды.

Аштықтан Қырға, Сырға тентіреттің,

Ағайын неше дос, жар, бауырымды.

Тауық жылы есімі белгілі қайраткерлер мен ғалымдар туған. Әл-Фараби (870-950), М.Дулатов (1885-1935), М.Әуезов (1897-1961) осы жылдың перзенттері.

Ит жылы. Тауықтан кейін кіретін жыл. Жеті қазынаның бірі – ит атымен аталған. Бұл жыл халық үшін жайсыз жыл емес сияқты. Мешін, тауықтан кейінгі ауыртпалық ит жылы біршама жеңілдей түскен. Айталық, 1933 жылы аштық жиылды, 1945 жылы соғыс аяқталды.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев ит жылы туып, ұлу жылы қайтыс болды (1899-1964).

Доңыз жылы. Жыл санауының және жыл қайырудың соңғы жылы. Ол иттен кейін кіреді. Кейбір түркі елдері, сондай-ақ Қазақстанның кейбір жерлері, мұны «қара киік жылы» деп те атай береді (М.Ысқақов). қазақ «доңыз» деп кәдімгі шошқаны айтады. Оның жыл атауына кіруінің өзі жыл санаудың исламнан да бұрын енгенінің толық дәлелі болса керек. Бұл жылды халық пәле-жала көп болады деп жақсы атамаса да, көбіне ол тарихқа жайлы, тыныштық жылы болып келген.

Доңыз жылы айтулы оқиғалар да болды. Қазақ-жоңғар соғысындағы айтулы қазақ жеңісі 1729 жылы (доңыз) болды.

Асылында, жыл санау – халық даналығының бір тарауы. Осы жыл санау арқылы он екі жылдан қайырып отырады да, оны «жыл қайыру» деп атайды. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі тағылымы бар тапқырлық есептік жүйе де. Біріншісін он үш жылдан, одан кейінгілерін он екі жылдан есептеп, адам жасын да оңай шығарып ала береді. Сонда бір мүшел он үш, екі мүшел жиырма бес, үш мүшел отыз жеті, төрт мүшел қырық тоғыз, бес мүшел алпыс бір, алты мүшел жетпіс үш, жеті мүшел сексен бес жаста және солай жалғаса береді. Бұрынғы қариялар «алпыс бірдемін» немесе «жетпіс үштемін» демейді, «бес мүшелге толдым», «алты мүшелден астым» дейді екен.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 905 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: