16:51
Артық болмас білгенің

КҮН САНАУ ХАҚЫНДА

Дүйсенбі. Қазіргі есеппен алғанда аптаның басы. Біздің халқымыз үшін жақсы күн деп бағаланады. Әр адам жұмысын табысты аяқтауға күш салады. Бұл күні сапарға шыққан, сауда жасаған адамның жолы болады. Құрылыс үшін де сәтті күн. Тырнақ алған адамның ақыл-ойы артады, күш-қуат қосылады.

Дүйсенбі күні жаратылған бала ақылды, жақсы әрі ергек болады.

Дүйсенбіде Жер мен Көк жаратылған. Осы сәтті күні адамзаттың ұлысы, Алланың соңғы елшісі Мұхаммед пайғамбар туып һәм осы күні қайтыс болған.

Сейсенбі. Сәтсіз күн деп саналады. Бұл күні қазақтар жолға шықпайды. Той өткізбейді, неке қимайды, іс бастамайды. Қауіп-қатерден сақтанып жүреді. Дегенмен тиісті еңбектен, бастаған жұмысынан қол үзбейді.

Дінде қанды күн, яғни Абыл Қабылды өлтірген күн. Тырнақ алған адамның реніш, қайғысы көбейеді.

Бұл күні жаратылған бала мейірімсіз, қатігез болады. Жыныстық қатынас жасағандар бүйрек ауруына шалдығады.

«Ауа, аспан кеңістігі сейсенбі күні жаратылған» («Киелі кітап»).

Сәрсенбі. «Сәрсенбінің сәті» деп бұл күнді қазақтар өте жоғары бағалайды. Бұл күні бала туса оған міндетті түрде Сәрсенбай, Сәрсенкүл деп ат қояды. Ойын-тойын, игілікті жақсы істерін (көшу, жолға шығу т.б.) осы күні бастайды.

Тырнақ, шаш алуға болмайды, пейіл бұзылады. Сәренбіде бойға біткен бала ауру, кем туады. Су, түрлі өсімдіктер осы күні пайда болған. Бұл күні отырғызылған өсімдіктер, жемістер, ағаштар тез өседі. Себілген егін бітік болады.

Бейсенбі. Мұсылман елдері үшін қасиетті күннің бірі. «Киелі кітапта» күн, Ай, Жұлдыздар жаратылып, жерге жарық түскен деп жазылған. Қазақтар бұл күні жуынып, тазарып, әдеп сақтап, өздерін рухани жағынан да таза ұстайды. Исламдық, адамгершілік парызын, алған қарызын өтеуге тырысады. Аруақтарды еске алады, Құран оқиды, мешітке барады. Міндетті жұмыстарын да адалдықпен атқарады.

Бейсенбіде қайтыс болған адамдар иманды, Алла тілегін қабыл алғандар деп саналады.

Тырнақ алған адамның ауруы кетеді, дені сау болады.

Шын тілеген тілек қабыл болады. Бейсенбіде жаратылған бала ақылды болып туады.

Жұма. Қасиетті күн. Бүкіл мұсылман қауымы үшін маңызы өте жоғары. Бұл күні Адам ата жаратылған. Көктен қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған. Құранда «Жұма» атты сүре бар. Жұмада аруақтар әр үйден дұға дәметеді. Сондықтан әр үй аруақтарға арнап шелпек пісіріп, Құдайы нан беріп, өмірден өткен ата-ана, туған-туысқандарына арнап, атын атап дұға оқиды. Мешітке барады.

Жұма күні қайтыс болған немесе жерленген адамдар иманды, жақсы кісілер дейді халық даналығы.

Әр адам бұл күні таза жүріп, Алланы, Пайғамбарларды, аруақтарды еске алып, әдепті сөз сөйлеуге, көпшілікке пайдалы жұмыс істеуге, үлгі-өнеге көрсетуге тиіс. Ақ тілек қабыл болатын күн де осы қасиетті жұма.

Жұмада тырнақ алғандардың дәулеті артады. Бұл күні жаратылған бала ғалым, өнерлі, өнегелі болады.

Сенбі. Халық ұғымында сәтті, жақсы күндердің бірі. Әр отбасы, әр адам алаңсыз еңбек етеді.

Сенбі күні Алла тағала адам баласын және жан-жануарларды жаратқан. Адам баласына «жер бетіндегі барлық әлемге иелік етіңдер, өсіп-өніп, көбейіңдер» деп батасы берген («Киелі кітап»).

Бата қабыл болатын күн.

Аңшылардың жолы болатын күн.

Тырнақ алуға болмайды.  

Пасық, ақылсыз, залым бала жаратылады.

Жексенбі. Бұл күнге қатысты қағидалар мен ырымдар қазақта көп айтылмайды. Халық қатардағы күндерді бірі деп есептейді.

Бұл күні құрылыс басталса, сәтті әрі тез бітеді.

Тырнақ алған адамның дәулеті қашады.

Христиан дініндегілердің қасиетті күні.

Тілазар, теріс мінез, жасық, жаман бала бітеді.

Әлбетте, күн санау ұғымында халық әр күннің атын айтпай-ақ өткен күндерді кеше, алдыңғы күндер деп немесе келесі күндерді ертең, арғы күні, оның арғы күні деп те айта береді. Және ол әркімге де түсінікті.

Асылында, әр күннің өз орны, қасиеті осындай. «Алланың күнінің бәрі сәтті» деп халық дәл айтқандай әр күннің адамзат баласы үшін өз мән-маңызы бар. Тек әр адам, әр мұсылман аталған күндердің қадірі мен қасиетін есте ұстап жүрсе болғаны.     

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 855 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: