16:17
Артық болмас білгенің

ҚАСИЕТТІҢ ҚАДІР-ҚҰДІРЕТІ

Атамекен, туған жер – әркімнің ата-бабасы, өзі туып, өскен жер. Туған жер, өскен елді құрметтеу, оған барып тұру – азаматтық белгісі. «Алтын бесік» деп әспеттеп айтатын жеріне келген баладан бастап ересек адамдарды туған жеріне аунатып алатын қазақ ырымы бар. Бұл бала отаншыл болсын, үлкендердің ауру-сырқауы, шер-шемені кетсін деген ұғымнан туған.

Қара шаңырақ – ата-бабадан қалған үй. Атадан балаға қалып келе жатқан киіз үй (қыстау) қасиетті орын есебінде сақталған. Мұндай үйді күтіп, таза сақтайды.

Киелі орындар – әулие-әнбиелердің, батырлар мен би-шешендердің, атақты адамдардың мекен-жайлары, қабірі, мешіті киелі, қасиетті деп саналады. Мұндай орындарға халық әдейі барып зиярат етеді, түнейді, тілек іздейді.

Ананың ақ сүті – адам баласы үшін қадір-қасиеті ерекше ұғым. Ананың ақ сүтін ақтау – өте үлкен парыз. Аналардың «ақ сүтім ақталды» деп марқаюы – балаларына ризалықтың белгісі. Ананы риза ету – Алланы риза ету деген сөз.

Құран Кәрім – Мұхаммед пайғамбарымызға түскен қасиетті төрт кітаптың бірі. Сол сияқты хадистер мен діни шариғат жинақтары да киелі кітаптар деп саналады. Діни кітаптар таза қолмен ұсталып, таза жерге сақталады.

Дастарқан – тағам, дәм байлығы мен берекесінің бейнесі, нышаны. Жомарттар мен мырзалардың, қолы берекелі әйелдердің аттары осы кең дастарқанымен шыққан. Дастарқанды аттамайды, дастарқан үстінде әдепсіз сөз айтылмайды.

Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.

Ошақ – қазан-ошақ деп қосарлана айтылатын киелі де иелі заттың бірі. «Ошақтың үш тұтынан бер» деген қазағымызда ізгі ақ тілек бар.

От орны – киіз үйдің ортасында ошақ құрылып, қазан асылып, от жағылатын орын. От орнын аттамайды.

Төр – әр үйдің қонақ отыратын жоғары әрі қасиетті орны. Үйге келген адамға «төрге шығыңыз» деген ілтифат пен ақ ниет осыдан шыққан.

Батырлардың қару-жарағы – нағыз киелі заттар деп бағаланады. Қаһармандар Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Ағыбай сынды ерлердің қылыш, найзасы, сауыты мен дулығасы, ер-тұрманы, садақ, шоқпарлары ғасырдан ғасырға сақталатын мәңгілік мұра.

Аңшы, шеберлер құралдары – мергеннің мылтығы, аңшының қақапаны, үйшінің үскісі, ұстаның балғасы, етікшінің бізі де қасиетті мүлік есебінде сақталады. Ол ешкімге берілмейді, сатылмайды және оны жоғалтпай ұстайды.

Ұлылардың қаламы – сирек кездесетін бағалы мұра ретінде мұражайда, әр үйде сақталады.

Ұстаның көрік үйі – халық ұғымында сақтайты иесі, соғатын киесі бар деседі. Сондықтан оған жай адамдар, әйелдер кіре бермейді.

Жылқышының қара қосы – береке үйі деп халық оны жоғары бағалайды. Қыста «қара қоста» әрқашан жылқының семіз еті мен майлы сорпасы мен құрт көже үзілмейді. Мұнда келгендер тойып аттанады. Сондықтан жылқышының қара қосында қонақтар да көп болады.

Ертеден қалған ескерткіштер – ежелгі қала орны, ата-баба жұрты, ескі қорымдар киелі орындар деп есептеледі. Ондай жерге жай адамдар көп бара бермейді. Мұндай орындар барлық мемлекеттерде қамқорлыққа алынған.

Бұлақ – тазалық пен нәр көзі есебінде қасиетті деп қаралған. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағида оның жоғары бағасын білдіреді.

Өнер иелерінің мүлкі – әншілер мен сазгерлердің, ақындар мен жазушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың саз аспаптары, киімдері мен тұтынған заттарын да халық ерекше мүлік ретінде қастерлеп ұстап, сақтап келген.

Бақан – шаңырақ көтеретін киіз үй мүлкі. «Бақанды аттама» деген тыйым оның қасиетті дүние екенін білдіреді.

Мал басы (төл басы) – әр үйде «малымыздың басы, құты» деп айтып отыратын киелі мал болады. Олар: үйірін ит-құсқа бермейтін айғыр, соңынан төл ерткен мама бие, қой бастайтын серке сияқты. Қазақ мұндай мал басын, айырбастамайды.      

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 616 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: