13:39
Алдыңғы толқын

АҒАЛАРДЫ АРДАҚТАСАҚ

Әлбетте, өткенсіз бүгін жоқ. Ескіміз есіркесін де, жаңамыз жарылқасын. Қос дөңгелекті велосипед я төрт дөңгелекті арба-көліктей алыңғысының ізін артыңғысы жазбай басып келет жатқан, уыстағы құмдай сырғып бара жатқан тоқтаусыз уақыт. Асылында, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер.

Барсакелмеске кетіп, басымыздан өткеннің шежірелі қазынасы тарих құшағына күмп берген қызыл кеңестер кезінде орын алған жайттар ішінде қызығы да болды, қыжылы да болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен есеюге бет алған біздерден бұрын алысқа қанат сермеген ағаларымыз  үшін 23 ақпан күні қашанда ерекше күн боп қалды ғой. Себебі сол – 1992 жылға дейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген жігіттер үшін Отан қорғаушылар күні де.

Екінші дүниежүзілік соғыстан бастап КСРО-ның ыдырауы аралығындағы алмағайып шақта қазіргі аталарымыз, ағаларымыз азаматтық борыштарын етігімен су кешкен Ұлы Отан соғысының қанды ұрыс пен аласапыран майдан даласында, интернационалдық парыздайын әсіре әспеттелген жат та бөгде Ауғанстан жерінде, бейбіт күндерде бір шеті Солтүстік нүкте болып табылатын Мурманск, енді бір шеті Қиыр Шығыстағы Камчатка, одақтас республикалардың аумақтарында тарыдай шашылған түрліше бағыттағы әскери бөлімдерде – гарнизондарда, кешендерде, социалистік режимді ұстанған Герман Демократиялық Республикасы, Польша Халықтық Республикасы, Венгрия Халықтық Республикасы, алып КСРО-ның «он алтыншы республикасы» саналған Моңғолия Халық Республикасы жерінде де кеңестік азаматтар әскери борыштарын абыроймен өтеді. Сонда жүріп 23 ақпанды өз алдына мерекеледі. Көбінің санасында ақпанның осы бір күні жан-жүрегіне асылындай қымбат, мазмұнымен саламат.

Әрине, Тәуелсіздігі тұғырлы, Егемендігі еңселі Қазақ елі, Қазақстан үшін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні бірегей мемлекеттік мереке болып табылады. Демек 1992 жылдан бері осы уақытқа дейін қасиетті де құдіретті көк Туымыздың астында ел алдындағы азаматтық әскери парыз-борышын өтеп жүрген ұлан-сарбаздарымыз бен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты барлық әскери ведомстволар үшін осынау күннен қымбатты күн жоқ. Сөз жоқ, тұрақты аксиома.

  Алдыңғы толқын ағаларамыздан 23 ақпан туралы сыр тартқанда, қомданып қалады. Көз алдарына жастықтың алаулаған жалынымен өткізген сол жігіттік кездерін, елден сондай шалғай жатқан әскери бөлімдерін, КСРО-ға қарасты өзге ұлттардан құрамдалған жора-жолдастарын, қайталанбас қызық сәттерін сағынышпен еске алып, тыңдарманын жалықтырмайтын әңгімеге көсіле ерік береді. Жасыратыны жоқ, 23 ақпанды жандарына жақын тартады. Ондай ағаларымыздың ішінде әскери борышын әскери-құрлық һәм әскери-әуе күштері қатарында екі жыл өтегендер де, әскери-теңіз флотында небір алапат мұхит-теңіздердің айдынында не толқыны тегеурінді жағалауларында бақандай үш жыл өтегендері бар.

Кей кездері ғой ағаларымыз үшін сондай маңызды осы сәтті естен шығарып алатын сияқтымыз. Олар да сыртқа шығармаса да, іштей күпті. Әйтеуір жүре-бара қос қол ұсынып құттықтаймыз. Шақырып алып, әңгімелерін тыңдаймыз. Дегенмен бұз аздық етеді. Ағаларымыздың өткен жолын өскелең ұрпаққа өнеге болатындай тағылымдасақ. Замананың ағыны сол кезде сондай болғандықтан, ағаларымыз сол күндердің шын куәгерлері танылды. Көпшіліктің аузынан түспейтін «Әскер дегеніміз – өмір», «Әскер бозбаланы нағыз жігіт етіп жаратады» дегендер содан қалған.

Бұрынғыны көксеп, не көрінді демеңіз, қадірменді оқырман. Ай-күнін таусып отырған күнтізбемізде айрықша түспен ерекшеленбеген бұл күн қатардағы апта күні болса да, «Ағалар күні», «Әкелер күні», «Даңқ күні», «Ерлік күні» деп атап, тағзым ете құрметтесек деген қарапайым ойым ғана. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1037 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: