09:44
Айтулы шара

Жалпымектептік ата-аналар жиналысы

ОТБАСЫ – ТІРШІЛІКТІҢ ТІРЕГІ

Осындай тақырыпты айдарлаған һәм бірінші тоқсанды қорытындылаған жалпымектептік ата-аналар жиналысы күні кеше ғана Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында өткізілді.

Жиналыстың басында мектеп оқушылары мейілінше жиналған ата-аналар назарына тақырыпты ту еткен өлең шумақтарын әдеби монтаж ретінде сыйлады.

Осынау жиынға төрелік жүргізген мектеп басшысы Шакиров Е.А. әрі ақпарат, әрі еркін әңгіме үлгісіндегі баяндамасында тоқсан үдерісінде жүзеге асқан шараларды сүзгіден бір өткізіп, хабардар етті. Атап айтқанда, жол картасы бойынша бой көтеріп, іске міне-міне қосылғалы тұрған үр жаңа жылу қазандығы ғимаратын, оның артын күтіп, пайдалануға әзір тұрған мектеп ішіндегі балабақша үлгісіндегі шағын орталықты, жалпы оқу айлығы һәм қамқорлық айлығы барысында жүзеге асырылған ауқымды істерді, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарды тілге тиек етті. Ал мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары Ибраһим Б.К. өз баяндамасында бірінші тоқсан қорытындысы бойынша үздік және екпінді үлгерімге қол жеткізген оқушыларды атап өтті, мемлекеттік аралық бақылау менен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарының хал-ахуалын, осы жолдағы жетістіктер менен кемшіліктерді таразы басына салып, салмақтады, ой тастады. Сөз кезегін алған мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі бойынша орынбасары Белгібаева А.М. осы аралықта ерен ынта менен екпінді талпыныс таныта көптеген зияткерлік-білімдік марафондарға, олимпиадаларға, байқауларға, сайыстарға қатысып, атаулы жетістіктерге қол жеткізген оқушыларды және пән мұғалімдерін ата-аналар алдында мақтап мадақтады. Мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Қапанова Г.Ж. өз баяндамасында мектеп бойынша жүзеге асырылған тәрбиелік-тағылымдық шараларды әңгіме қылды.

Жалпымектептік ата-аналар жиналысына арнайы шақырылған тұлғалар да мектеппен етене орындалатын жұмыстарын көлденең тартты. Айталық, ауыл бойынша учаскелік инспектор, полиция капитаны Омаров Ш.Р. кәмелетке толмаған балалардың тәртібі хақында пайдалы лекция оқып, демалыс уақытында жоғары сынып оқушыларының қозғалысы ерекше бақылауда болатынын, қоғамға зиян келтіретін әрекеттер жасамауға шақырып, қауіпсіздік техникасын қатаң орындауды ескертті. Ал ауылдың бас дәрігері Төлембаева Ж.Қ. өз әңгімесінде тоқсан үдерісінде орындалған медициналық шараларды мониторингілеп, денсаулықты нығайтуға бағытталған қарапайым талаптарды ұстануға шақырды, сонымен бірге салауатты өмір салтын барынша ұстануда спортқа асық, ал алтынға бергісіз денсаулыққа залал келтіретін заттардан әм қылықтардан қашық болуды сызып тұрып айтты. Өз кезегінде сөз алған ауыл әкімі Мұқанов Ж.Н. жиналған ата-аналарға үлгісі балалар тәрбиелеп отырғандарына ризашылығын білдіре, оқушыларды оқыту менен тәрбилеуде әрдайым мектеппен тығыз іскерлік, ынтымақтастық байланыста болуға үндеді, ауылдық әкімият та бұл жолда аянып қалмайтынын көлденең тартты.

Мектеп бойынша ата-аналар комитетінің төрайымы Жанпейісова Ж.З. осынау жиналыста тәрбиелік, тағылымдық, өнегелік мәні салмақты, маңызы ауқымды баяндама жасады. Осымен жиынның бірінші бөлімі тәмамдалды.

Екінші бөлімнің басында мектеп басшысы Шакиров Е.А. педагогикалық жолда керемет еңбек жасаған құрметті ардагер ұстаздарға Қабдуова К.Қ., Молокова Л.И., Қапанова З.Н. аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының тарапынан ұсынылған Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстады. Бұдан басқа оқуда, спортта үздік танылған оқушылар ата-аналарына алғыс хаттар, құрмет грамоталары берілді.

Кешенді жиналыстың көрігін оқушылар дайындаған шағын концерттік қойылым әрледі. Бүтінді бөлшектегенде, 9 сынып оқушысы Жүнісова Әлия «Аппақ гүлдер», «Елігім» әндерін нақышына келтіре шырқаса, 7 сыныптың тал шыбықтай оқушы қыздарынан құрамдалған би тобы қазақша биді тамаша орындап берсе, олардың өкшелерін басып келе жатқан 4 сынып оқушылары үлкен топ құрап, сахна төрінде балапандар биін көрсетіп, көрермендерді балалық шаттық пенен қуанышқа бөледі. Ал концерт шымылдығы хормен орындалған патриоттық «Қазақстан – қыран далам» әнін шырқаумен түрілді.

Асылында, осы үлгіде ұйымдастырылған жалпымектептік ата-аналар жиналысы мектеп ырғағының бүгіні қандай дәреже-деңгейде екенін бір екшеп алып, ертеңге үміт пен сенім арқалады. 

 ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

shakhibbeker@gmail.com

http://www.shakhibbeker.ucoz,kz

Просмотров: 1615 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: