22:53
Абайтануға айқындама

ҒАЙЫПТАН ТҮСКЕН ӨЛЕҢ

1903 жылғы «Жалын мен оттан жаралған» деген өлеңнің жазылу тарихы қызық. Өмірінің ақырғы 4-5 жылында абайдан байқалған біртүрлі машық – табиғатқа жақындықты, тынышты ұнату, оңашаны сағыну болған. Сол үшін жазғытұрым қар кете бастағанда үлкен үйден біраз қашықтау тұсқа «ұранқай» деп аталатын төрт қанат кішірек үй тіктіріп, бар уақытын сонда өткізген. Яғни сәуір айының соңынан ұранқайда от жаққызып, ас-суын да сонда даярлатып отырған.

Жаңа аталған өлеңнің туу тарихы бізге Шәукімбай, Өрімбек деген кісілердің айтуы бойынша жетіп отыр. Бұлар жасынан Оспанның, онан соң Абайдың үй шаруасына, жер ошағына иелік еткен адамдар.

Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Ақынның өзі осылай суреттеген мамыр айының бір шуақты, тәуір күні екен. Шөкімдей де бұлт жоқ сияқтанған ашық аспанда әп-сәтте найзағай жарқылдап, жай күркіреп, қатты нөсер құйып-ақ береді. Аспан әлемі жалын мен от һәм нөсерге толады. Кереметі сол – олар қалай ғайыптан пайда болса, дәл солай шапшаң көшіп, Жидебай үстінен өте шығыпты. Әлем-жәлем құбылысты ұранқайда отырған Абай бар ынтасын сала бақылап отырған екен. Аспан ашыла сала, шабыт қысқан ақын: «Қағаз бен қалам әкеңдер!» - деп айғай сапты. «өстіп, өлең бір демде қағаз бетіне түсті», - деседі көзі көргендер.

Сөйтіп, аталмыш туындыны Абайдың жазайын деп жазбағанына, оның ғайыптан түскендей бір демде қағаз бетіне түскенінің куәсі боламыз. Осынау «Жалын мен оттан жаралып» деген туынды сарқынды, ақтық жыр саналып келген-ді. Бірақ  олай болмай шықты, бірлі-жарым өлеңдері жаңадан табылыпты тағы кейіндеу.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: