23:06
Абайтануға айқындама

АБАЙ ӘУЛИЕ МЕ?

Келесі кезекте халық ақыны Төлеу Көбдіковтің (1876-1947) естелігіне көз тігелік. Ол Абаймен төрт рет кездескен адам. 1901 жылдың қыркүйек айында Тобықтыға көршілес Керей елінен Абайдың құрдасы Мырзақан бастатқан алты кісі күзеуде отырған ақын ауылына келіп түседі. Төлеу ақынның айтқанынан алынған үзінді мынау.

«...Абайдың келген қонақты алдынан шығып түсіріп алып тұрыатын, сайлап қойған бір-екі жігіті болады екен, - дейді Төлеу ақсақал, - сол жігіттер алдымыздан шығып, абай өзі отырған қонақ үйге түсірді. Сәлем беріп, кіріп келдік. Келсек, Абай дөңгелек сырлы аласа үстелдің алдына малдас құрып, қолына бір кітап алып оқып отыр екен. ...Алдымызға шай жсалған соң, Мырзақан бәкісі мен тістеуік темірін қалтасынан алып, үстелдің үстіне қойды. Сонда Абай: «Мырзақан, мына көкпеңбек темірің не, біреуді жарып тастағалы отырсың ба?» - деп күлді. Мырзақан: «Тісім жоқ, қантты тістеуікпен шағып, бауырсақты бәкімен жарып жеймін», - деді. «Тіс неге салдырып алмайсың?» - деді Абай. «Тісті қайтып салады, тіс салына ма?» - деді Мырзақан таңырқап. «Тіс салынады, мен салдырып алдым», - деп жалған тістерін көрсетті Абай».

Сабыр етіңіз, Абайдың көрегендігі байқалған тұс алда. Адамға тіс салады дегенге таң-тамаша болған қыр адамдарына Абай мынаны айтады: «Бұл тіс деген ұсақ нәрсе. Адам баласына жансызға жан салуға рұқсат жоқ, одан басқаның бәрінің де кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әрі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер, құс болып, қанат қағып аспанда ұшып жүргенді де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, бұдан да зор өзгерісі болады. ...Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз, біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер».

Өзіңіз де ойлаңыз, ғылыми-техникалық прогрестің таңғажайып табыстары ХХ ғасырға тиесілі және қазіргі таңда жалғасып отыр. Оны болжап, көре білу әулиелік емес пе. Абай ауызша айтумен шектелмей, шамасы осы 1901 жылы тәмамдаған «Тасдиқ» тарктатының (қазіргіше 38-сөз) соңын былайша қорытады: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малменен ғылымды кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан». Прогресс жолынан шет сахара төсінде өмір сүрген қайран бабамыз: «Біз келешекте мал-дәулетті ғылым жолына сарп етіп, ғылымды кәсіп қылмақпыз» десе, бұл көрегендік пікірге тәнті болмау мүмкін емес. әулие таяу келешекте жоғарғы технология, компьютер, қалталы телефон заманы салтанат құрарын көзбен көріп, қолмен ұстап білген кісідей паш етіп отыр емес пе.

Шүбәсіз, ұлы Абай өмірінің соңында әулиелік қасиеттерін көп байқатқан, бірақ оларға сол дәуірдің қауымы мән бере алмаған. Өйткені өнер-біліммен шеткері қазақ ортасы, қараңғы замандастары жаңағыдай көріпкел ойларды әншейінгі қиял, ертегі сөз деп қабылдаған болатын.

Қайталап айтайық, «Тасдиқты» жазу барысында Абайдың дағды-машығы көп өзгереді. Ел жұмысына араласуын доғарады. Куәлердің айтуынша, Абай айналысқан тұрмыстық шаруалар мен ел жұмыстарының бәрі дерлік сүйікті баласы Мағауияға көшеді, бір. Екіншіден, Абай өлең жазу және аударма жасау машығына да суынып, бұл өнерін тежеп, тоқтата берген. Мысалы, аудармалар саны құлдыраған: 1897 – 4, 1898 – 5, 1899 – 3, 1900 – 2, 1901 – 1. Енді төл өлеңдеріне келейік. 1897 жылы – 8, келер 1898 жылы да 8 өлең, ал 1899 – 7, 1900 – 2, 1901 – 5, 1902 – 3, 1903 – 1 өлең ғана жазылған. Бұлар да Абай әулиелік санаға жеткенінің жанама дәлелі.

Қорытындылайық. Сөз басында Көкбайдың абайға «әулие-хакім» деп ат қойған өлең шумағын келтіргенбіз. Ол күнде бұл қазақ құлағына үйренішті теңеу. Бірақ 1920 жылдары «Құдай жоқ» деп ұрандатқан өктем идеология тұсында «әулие» сөзін қолдану қауіпті бола бастаған. Мағжан Жұмабаевтың «Алтын хакім Абайға» атты 6 шумақ өлеңі осы кездерде жазылған.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі ктепес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

Көреендік пен көнермейтін асыл сөз – әулиеліктің белгісі. бірақ ақын «Әулие хакім» демей, «Алтын хакім» деген. Мұны жаңағы солақай саясаттың ызғары десек, шындыққа жанасады.

Қай қырынан қарасақ та, асқан ақыл иесі, нұрлы дана Абай танымының ақтық сатысы – әулиелік екеніне көз жеткіземіз. Кеңес өкіметі кезінде «әулие Абай» түгілі, «хакім Абай» тіркесі де қолданыста шығып қалған болатын. қазіргі таңда соңғысы қайтадан айналымға нық енді. Сол сияқты «әулие-хакім» деген терминді қолданудың да уақыты әлдеқашан жетті.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: