22:54
Абайтануға айқындама

АБАЙ ӘУЛИЕ МЕ?

Осы сұрақ бүгінгі өскелең ұрпаққа қызғылықты сияқты. «Бұл үш түрлі фиғыл құданың (бұл жерде махаббат, әділет және ғылым сөз болып отыр( соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды. ...Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты» (38-қарасөз). Әулие – селкеусіз сенім иесі. Абай оның сипатын бізге осылайша жеткізген.

Енді Шәкерімнің «Иманым» атты жыр жинағына көз жүгіртелік. Жинақ иесі өмірінің соңында әулиелік сатыға шыққанын жасырмай айтады. Дәлелге:

Шын асықтың әрбірі

Өліп топырақ болды да,

Жаралыстың тағдыры

Жаратты мені орнына, -

я болмаса:

Әлемді түгел мен көріп,

Ешкім мені білмесе.

Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,

Зияным жанға тимесе, -

Деген шумақтарды алсақ та жеткілікті.

Әрбір шын асыққа, яки әулиеге тән белгі – Тәңіріге ғашықтық. Аллаға қорқынышпен емес, махаббатпен жақындау. Шәкерім «шын асықтың әрбірі» деуімен осы ақиқатты айтқан. Ал «ешкім мені білмесе» дейтіні, әулиенің әулие екенін жан баласы біле алмайды. «Әлемді түгел» (оның ішінде тылсымды да) көретін ерек қасиетін әулие адамның өзі де жасырып бағады. Өйткені бірден-ақ «қияли, шалығы бар адам» деген қаңқу сөз ел ішін кеулейтінін жақсы біледі. Абай да інісі Шәкерім сияқты тірі әулие болған. Оған сеніміміз кәміл. Өйткені 1895 жылы «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деген ойшылдың Тәңіріге ғашықтығы толас таппай жылма-жыл арта берген-ді. Оның шынайы куәсі – төл шығармашылығы.

Ақыры, 1902 жылы жиырма жылдық шығармашылық марафон аяқталды. Абай ізденіске осы жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңімен соңғы нүктені қояды. Неге? бұл абайдың ойлау үрдісі ерекше, былайша айтқанда, Тәңірінің таңбасы түскен жан болуымен з түсінігін табатын жәйт.

Енді Абайдың күнделікті өмірде байқалған әулиелік қасиеттеріне ауысалық. Шаймардан Қосшығұлов деген көкшетаулық азамат патша өкіметінің діни саладағы саясатын жамандап жан-жаққа хат жөнелтеді. Соның бірі – Абайға жолданған. Хаттың қысқа мазмұны мынау: «...Орыстар жерімізді алды, тілімізді құртты, енді дінімізге қол салып жатыр. Жуықта Көкшетауда жүзге тарта қазақ баласы шоқындырылған. Естуімше, таяу арада енді осыншасы шоқындыға айналмақ. Осыны көріп-біле отырып, қалайша тып-тыныш жата береміз?! Ұлымыз – құл, қызымыз – күң болмасын десек, бас қосып бір әрекет жасайық!»

Міне, мазмұны саяси осы хатқа бола, 1903 жылы жазғытұрым Семейден тергеуші полиция арнайы ат сабылтып келіп, Абай ауылын тінтеді. Әрхам ақсақал оқыс оқиғаны былай деп есіне алады: «Абай киіз үйін тіккізіп қорадан шыққан екен, барған тергеуші: «Сіздің үйіңізді тінтуге келдік, рұқсат етіңіз», - депті. Абай: «Рұқсат, тінт», - деген соң олар барлық абдыра, сандықты ашқызып қарапты. Төсек арасын, жүк арасын, қарамаған жері жоқ. Бірақ еш нәрсе таба алмапты. Әбден шаршап Куприянов деген бастық төренің өзі Абайдың жанына келіп отырғанда Абай: «Тінтіп болдыңыз ба?» - десе, төре: «Қарап болдым, еш нәрсе таппадым», - депті. Сонда Абай. «Сіздің іздеп келгеніңіз мына хат болар», - деп кемзалының төс қалтасынан бір қағаз алып береді. Төре қарап: «Пәлі, осы еді!» - деп күліпті. Сонымен, Абаймен көп сөйлесіп, тамақ ішіп, қонақ болып қалады.\».

Осындай ашуға билетпей, өзін –өзі сабырлы ұстаған жағдайларда: «Құдая, бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін», - деп қуанып қалады екен.

Мұхтар Әуезов Абайдың соңғы кезеңінен мына деректі келтіреді: «Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем», - деп, ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады». Мұхаң, сөз жоқ, Абайда көрегендік қасиет барына сенген (қарапайым адамның ауырмай тұрып «биыл өледі екем» демесі анық). Пушкин, Бальзак, Лермонтов сынды тұлғалар да дүниеден өтерін мезетін алдын ала сезген деседі. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: