10:29
Абайтануға айқындама

НАМАЗДЫ ҚАЙТІП ОҚЫҒАН?

Бүгінгі жастарды кемел Абайдың намазы да қызықтырады. Сұрақтар жиі қойылады: «Абай бес уақыт намазға салғырт қараған ба, жоқ, әлде қатаң орындаған ба?» - деп. Осыған жауап беріп көрелік. Абай заманында сәжде қылмаған қазақ сирек. Абай «Абыралыға» деген өлеңінде сынға алғандай, иман не дегенді білсін-білмесін, бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысқан. Бірақ Абай қатардағы мұсылман емес, ол дана әрі әулие. Мұсылманшылығы, тақуалығы һәм Құдайға құлшылығы өзінше болып келеді. Мұсылмандық тәжірибеде Аллаға мінәжаттың екі түрі бар: бірі – намаз, екіншісі – зікір. Әулиелік дәрежеге жеткен кісіге бұлардың артық, кемі жоқ. Айтпақшы, қасиетті Құранда да намаз, зікірдің аражігі ажыратылмаған.

Халық ақыны Төлеу Көбдіков жас жігіт шағында Абаймен бірнеше рет жүздескен, есінде қалғандарын тұщымды етіп, жазып қалдырған адам. 1897 жылы жайлауда төлеу ақын Наушабай деген Абайдың құрдасымен бірге ақынның үйіне ат басын тірейді. «Азырақ отырғаннан кейін күн екінті болды. Наушабай тысқа шығып, дәрет алам деп түрегелді. Абай күліп: «Дәрет алсаң да, зікір салсаң да енді қонақ үйге барасыздар», - деді». Бақсақ, Абайға намаз бен зікір бір ұғым. «Намаз оқысаң да» деп емес, «зікір салсаң да» деп айтқаны сол.

Тағы бір жанама дәлеліміз – Абайдың 38-қарсөзінде намаздың ишараты неде екенін тәптіштеп түсіндіруі. Көпшілік намазды оқысақ «мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды». Бірақ құр денемен қылған намаз бәһра бере ме? Бермесе керек. Сондықтан Абай намазды «тазалыққа кіргендігіңді, кәміл ыхласыңды көрсетіп», яғни Тәңіріні еске ала отырып, орында деп ескертеді.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін.

...Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек. (1896 ж.)

Осы сияқты ұлы өсиеттерді артқыға мирас еткен Абайдың хақ мұсылмандығына шүбә келтіру еш мүмкін емес. намазды оқысын, мейлі, оқымасын, онан Абайдың иманы еш кемімек емес. өйткені, намаздың міндеті – адамның иманын кәміл ету, басқаша айтқанда, пенденің қатайған жүрегін жібіту, жұмсартуға саяды. Басқаша ойласақ, адасамыз.

Келтірілген мысалдар Абай мінәжатын бірде намаз оқумен, енді бірде іштей зікір салумен өтеген болар деген ойға жетелейді (негізі, 38-қарасөз тұнып тұрған зікір. Оны жазған жылдары Абайдың бір Тәңірге ғашықтығы шырқау шегіне жеткен хақ).

Ой-пікірімізді Көкбайдың естелік сөздерімен сабақтайық. «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. ...Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. намазды оқығысы келген кездерде оқиды, бірақ ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын».

Міне, «Абай намазды қалай оқыған?» деген сұрақтың жауабын Көкең аузынан естіп отырмыз. Мұсылманда намазды сен Алланы, Алла сені көріп тұрғандай ындын салып оқуды «иһсан» дейді. Абайдың намазы осы иһсанды намаз деуге керек.

Сөйтіп, данышпанның ғибадат қылуы да өзгерек болған. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ғажайып өлеңнің иесі, кеудесі зор Абай, әрине, Тәңірі алдында ғана бас иеді, кішірейеді.

Кәміл мұсылман бола тұра, хакім Абайдың құлшылықты толассыз қылмағаны несі бұл бір Тәңірі күні-түні таза жүрекпен ойлағандықтың, яғни әулиеліктің белгілі деп білеміз. Құранда: «Қиямет күні сендерге мал-мүлік перзент, бақ-дәулет ешқайсынан пайда жоқ. Тек ол адам маған таза жүрегімен келсе ғана пайда бар» («Ғашия» сүресі, 89-аят) делінген.

Қазіргі таңда бір мешіт ішінде сопы, уахабист, таблиғшы, тәкфірші топтар бірге тұрып, намаз оқиды. Бақас, яғни пікірталас кезінде әр топ өзіне керектіні абайдан тауып, уәж келтіріп жататыны бар. Себебі, Абай – қазақ болмысының тұтас көрінісі. Ол ол ма, Абай әлемі күллі діндер мен діни ағымдар бір сағада тоғысатын сұхбат алаңы бола алады.

Кемел, ұлы ойшыл адамның бір аты – хакім дегенбіз. Тағы бір аты – әулие. Олай болса, енді Абайдың әулиелік қырына көшейік.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: