00:02
Абайтануға айқындама

КЕМЕҢГЕРДІҢ КЕМЕҢГЕРЛІГІ НЕДЕ?

Абай «біздің данышпан кемеңгеріміз» деп құр даурығу пайдасыз. Әлем халықтарына Абай ашқан жаңалықтарды жеткізуге күш салсақ, әңгіме басқа. Абай поэзия алыбы деп зерттесек, енді теология алыбы сапасында солай зерттеу керек. Осы мақсатта азды-көпті ой өрбітелік.

Күллі күш-жігері мен құлшынысын Хақ жолы – ақиқатты тауып, оны тануға арнаған адамды кемеңгер дейміз. Міне, «Ғақлиат-тасдиқат» соның айғағы. Оның мәтінін түсініп оқуға ілеуде біреу болмаса көпшіліктің тісі батқан емес. заманында Шәкерім сияқты шәкірттері Абайдан «Ойпырай, трактаттың мазмұны ауыр, Сіз оны жеңілдетіп, бізге тәпсірлеп (түсініктеп) жеткізсеңіз екен» деп сұраған сияқты. «Тасдиқ» біткен соң, оған ілестіре екі шығарма – «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен шағын ғақлия сөздің (қазіргіше 45-сөз) жазылуы осы ойға жетелейді. Қалай десек те, Абайды трактаттың озық нәтижелері ескерусіз қалмауы, ұғынықты болуы алаңдатқаны сөзсіз. Төменде Абайдың кемеңгерлігі неде дегенді жеңілдетілген тәсілмен, яғни «үш сүю» ілімі бойынша қарастырмақпыз.

38-сөзге арқау болған Алла тағаланы тануды Абай соңғы өлеңінде «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деуімен өрнектейді.

«Алладан басқа Тәңірі жоқ» екеніне мұсылман қауымның сенімі кәміл. Бірақ сенім мен сүюдің арасы жер мен көктей. Хош, шын сүю, яғни «жаннан тәтті» сүюдің мәнісі неде? «О сущности любви ко Всевышнему» баянында Ғазали бұл мәселені былай деп түсіндіреді: «Первое, что нужно сделать – это понять, что любовь может быть только результатом познания, т.к. человек любит лишь то, что он знает». Бақсақ, Алла Тағаланы сүю Оны танып-білу деңгейіне тәуелді. Яғни танып алмай тұрып, сүйдім деу бекер. Өз кезегінде, таным – Тәңірінің заты мен хикметтері арқылы. Алайда Жаратушы Иеміз заты бойынша танылмақ емес (оған абсолютті субстанция, көп құдай, үшжүзді құдай т.с.с. ілімдердің пайда болуы дәлел). Демек, адамға Алланы Оның хикметтері (ісі, заңы, жолы) бойынша тану жолы ғана қалады. Абай: «Махаббат пен ғаделет – Аллаың хикметі. Оның құдіретін солар арқылы сезбекпіз», - деп пайымдайды. Міне, Алланы танудың дара жолы осы.

Осы мәселенің бетін Абай келесі қосымшасы 45-сөзінде ашады: «Біз Жаратушы (Өзін) емес, (Оны) жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады».

Данышпан «жаратқан көлеңкесі» деп мына жарық дүниені, материалдық әлемді меңзеген. Оны ақыл, ғылымсыз танып-білу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. алла он сегіз мың ғаламды Ғылым-құдіретпен мінсіз жаратқан. Ғылым адамзаттың да асыраушысы, ілгерілетуші құдіреті болған және бола да береді.

Ұлы Абай ғылым сипатқа әділет пен махаббатты қосады. Мұның мәнісін: «...Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» (45-сөз) деуімен ұқтырады. Құдайдың әмір, заңдары көп. Солардың ең ұлығы – мейірім, әділет екен. Себебі: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі», - дейді кемеңгер.

Соңғы өсиет өлеңіне қайта оралайық.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті, -

дей келе, «осы үш сүю болады имани гүл» деп тұжырады Абай. Иман, дін деген ұғымдары тереңін дәл осылай түсіндірген ғұлама ойшыл бізге беймәлім. Абайда адамзатты «мұсылман», «кәпір» деп жіктеудің исі де жоқ. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: