14:24
Абайтануға айқындама

«ТОЛЫҚ АДАМ» ТАНЫМЫ

Адам болмысы аса күрделі. Өзін тануы да қиын шаруа. ХІХ ғасырда атеизмнің дүниеге келуі – адамзат қауымының өз болмысын тани алмағандығының салдары еді. Болмысты таныту мәселесіне хакім Абай өзінің сүбелі үлесін қосты.

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі. (1896 ж.)

Неткен шеберлік! Том-том кітапқа жүк адам болмысын қазақ данасы төрт-ақ жолға сыйғызған. Бұл арада «ақыл» сөзі «рух», «сана-сезім» деген мағынаны білдіреді. Шәкерімнің: «Рух деген мінсіз таза ақыл» деп анықтама бергені сол. Таза ақыл, яки рух – тән мен жан арасына көпір салатын, екеуін үйлестіріп, біріктіретін құдірет.

Сонымен, ұлы Абай адам болмысы «жан», «тән» және «ақыл (рух)» деген үш нәрседен екенін тиянақтаған. Тәніміз – топырақ. Демек, жан мен рухты азықтандыру маңызды. Қоғамда адамгершілік, имандылық тамыр жайып, адам баласы кемелденуі үшін. Ойшылдың «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі» деуінің мәнісі осы арада.

Рух деген күрделі категорияға сәл-пәл тоқталайық. Жеке адам да, қоғам да рухты шыңдап, жетілдіруге мүдделі. Сол арқылы кемел болады. Өйткені, рух – ішкі дәулет. Жетілгенінің айқын белгісі – рух Тәңіріні таниды, Оған бас иеді. Сан алуан себептерге байланысты рух жоғарылап я төмендеп отырады. Мысалы, егемендік алуы қазақ халқының рухын көтерді. Ендігі мәселе – оның мықтап бекінуіне саяды. «Ақыл – ғылымның бір аты» және «Өмірдің өзі шындық» (38-сөз). «Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сыртта сақтайсыз, оның аты «дәулет» еді. ...Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой», - дейді Абай. Бұл ойлардың мәні терең, маңызы зор. Қай елде, қай жерде ақыл, ғылым күшті болса, сол елдің рухы да күшті. Бұл ақиқат. Бүгінгі жаһандану дәуірінде оған талас қылуға болмайды.

Осымен, Абайдың адам болмысы туралы ілімінен «толық адам» танымына ауысатын уақыт жетті.

Иә, адам адам болғалы кәмілдікке, ухани жетілуге ұмтылып-ақ келеді. Сондықтан адам идеалы туралы қозғамаған ғұлама кемде-кем: мұсылманда кәміл адам, жәуанмәртлік, христианда рыцарь деген идеалдар өмірге келді.

Ортағасырлық мұсылмандық «кәміл адам» («әл-инсани әл-камил») теориясының негізін имам әл-Ғазали қалағаны мәлім. Оның арғы төркінінде тұран жерінде пайда болған «жәуанмәртілік» («мәрт адам»( идеясы жатыр. Аталмыш ілімдер біздің заманда Абай жасаған «толық адам» танымы негізінде өз жалғасын тапты.

Әсілі, ақиқат қашанда бір, бірақ оған жетудің жолдары түрліше. Олар әркез жаңарып, жаңғырып отырады. Осы құбылыс «кәміл адам» іліміне де тән. Адамның кемелдікке жету амалдары да заман сұранысына сай өзгеріске түседі десек қате айтқандық бола қоймас. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: