09:21
Абайтануға айқындама

КІТАП «ТАСДИҚТЫҢ» МАЗМҰНЫ

«Тасдиқ» - Абайдың қорытынды, яки квинтэссенциялық еңбегі. «Тасдиқтың» мазмұнында өзара байланысқан үш ілім тоғысады. Біріншісі – теология (Тәңіріні тану) ілімі. Екіншісі – Алланың пендесіне салған жолы туралы ілім. Үшіншісі – адам баласының жетілуі, кемелденуі туралы ілім. Осы ілімдер негізінде Абай әлемдік руханият үшін аса маңызды жаңалықтарды ашады (Алланың әлемді меңгеретін үш заңы, әділетті адам идеалы, Құдай жолы, үш сүю ілімі және т.б.).

Абай екі жаққа (бірде Батыс, бірде Шығыс) үңілген және екі жақты тел емген ғұлама. Дәлелге әл-Матуриди, әл-Ашари, Ибн-Араби, әл-Фараби, Яссауи, әл-Ғазали, Махмұт Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Дауани, сопы Аллаяр, Бокль, Спенсер, Лев Толстой, Ш.маржани сынды ойшыл ғұламаларды атасақ та жеткілікті. Бірақ «Тасдиқта» солардан қалған дерлік айшықты іздер бар ма? Бар деуге негіз жоқ. Абай солар салған дәстүрді жалғастырған десек, әңгіме басқа. Себебі: «Қайдан алсын, нені алсын – баршасын да ...үнемі өз елегінен өткізіп, өз өнерімен мықтап қорытып, өзінің қайнар жүрегінен шыққан бұйым табысы етті», - дейді мұхтар Әуезов. Бұл әсіресе Абай ой-танымдарына әділетті пікір.

1898 жылдардан беріде абайға ешкімнің де пәлендей ықпалы болмағанына кепілміз. Әлемдік әдебиеттен «Ғақлиат тасдиқат» пен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлең сөзін салыстыруға теңін таба алмай қиналасың. Өйткені шығармалар жүрекпен жазылды, ынталы жүрек, шын пейілден шықты. Бұлар Абайдың дана кісіге айналып, түйсінген халінің куәсі. Әрбір жол, әр тезис – даналық «көмбесі». Бұрын-соңды ашылмаған әлемдік жаңалық.

Бұл жайшылықтағы оқып-тоқумен жету мүмкін емес деңгей. Құранда «Әрбір білім иесінің үстінде айтушы бар» деген мағынадағы аяттар бар. Бұл мүмкіндіктер жоғарыдан беріледі деген сөз. Атақты ғалым Менделеевтің химиялық элементтер таблицасы түсіне енгені сияқты Абайдай әулие хакімнің жоғарыда «айтушысы» (яғни тылсыммен байланысы) болуы жоққа шығарылмайды.

Хакім Абайдың басты еңбегі «Тасдиқтың» мазмұнын толық ашықтау өз алдына ғылыми жұмыс. Біз Абай зерттеуінің бірінші бөлімі – теологиялық табыстарын атап өте алсақ, сол да жеткілікті. Қазақ данасы Алла тағаланың сегіз субутия сипаттары ішінен екеуін (Ғылым және Құдірет) ғана бөлектеп алады. Абайдың білуінше, «һаммаға харекет беретұғындар» осылар, ал «Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх (түсінік)» дейді. Сонымен, екі сипат қана іріктелді. «Бірақ, - дейді Абай, - ғылым, құдірет – біздің ұғуымызға ғана екі хисап, болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс». Мінеки, жаратушы Иеміздің сегіз сипатын бір Ғылым-Құдіретке сыйғызу Абайға дейі ешбір ғұлама айтып-жазбаған соны жаңалық.

Абай теология қойнауына тереңдей береді. «Сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да» Алланың қос сипаты – Рахым және Ғаделетті тағрифлауды қолға алады. «Рахым» - қиялдан туған жасанды ұғым емес: «Алла тағаладаболған Құдірет-ғылым һәм Рахмет», - дейді Абай. Рахмет (немесе Рақым) сипат Алланың «бір ұлық сипатынан есептеуге жарайтынына» нақлия дәлелі – Алла тағаланың 99 көркем есімдері. Ал «Ғақлия дәлелім, - дейді Абай, - Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты». Рахым, яғни махаббат тақырыбы шексіз, мәңгі. Оған ақын-жазушылардың күллісі ынтық, бірақ тауысқаны кәне.

Енді үшінші сипат – «Әділет (ғаделет)» қалды. Абайша ол да «бір ұлық сипат». Қалайша? Ғақлия дәлелі. «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар». Түсініктемелейік.

Адамның рухы ажалсыз, сол себепті Құдай тағала махшарда сұрауды абсолютті Әділеттілікпен алады. Шамалы күнәлар бұл фәниде де жазалануы мүмкін, бірақ ауыр күнә, қылмыстар, мысалы, имансыздық, кісіні өлтіру және біреуге қиянат жасау, о дүниеде – махшарда қаралатын істер. Ғұламаның «ғаделет бар» деуінде осы астар бар.

Жалпы әділеттілік табиғаты неде екенін ашқан данышпан бізге беймәлім. Ол әлемдік пәлсапаның шешілмеген категориясы. Оны шешу дана Абай сыбағасы. Тәңірінің сүйіспеншілік істерін, адам баласының пайдасына жасаған несібе, нығметтерін қалдырмай тере келіп Абай: «Бұл хикметтерінің һәммасында мархамат һәм ғаделет заһир тұр екен», - деп түйін түйеді. Құранда: «ол жердегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты» («Бақара» сүресі, 29-аят) делінеді. Бақсақ, Құдай ісінің баршасында мархамат-ғаделеттің көрінісі бар. Он сегіз мың ғаламның бір тәртіпке бағынып, аса күрделі зор машина сияқты таңғажайып үйлесімділікпен жұмыс жасауы содан. Бақсақ, бұл тезисте екі категория (махаббат пен әділет) қабыса табысты. Махаббатсыз әділет тұл, жартыкеш. «Әділет үшін» деп ұрандатқан қаншама қанды төңкерістер өтті – баршасы да сәтсіз аяқталған. Себеп – әділеттілік мейірім, махаббатпен егіз екендігі ескерілмеді. Шын әділеттің табиғатын анықтау – Абай жаңалығы. Қазақ хакімі «әділет-шапағат» және «мархамат-ғаделет» деген әлемдік ой-сана кеңістігінде бұрын-соңды болмаған соны терминдерді айналысқа енгізеді.

Теология жүйрігі Абай қиын сырлы ізденісін «Алла тағала Ғылымды-Құдіретті, рақымды және Ғаделетті» деген түйінмен тиянақтаған.

Сонымен, Жаратушы Иеміздің үш басты сипаты – ғылым, мейірім, әділет. Мұны дәйекету ғажайып жаңалық! Әйгілі ньютон ашқан заңдар материалдық дамуға керемет серпіліс әкелді. Біле білсек, Абай жаңалығы рухани әлем үшін дәл сондай маңызға ие. Ол бүгінгі жаһандық өркениетті тоқыраудан сақтап қалатын, оған соны серпіліс әкелетін құдірет болып табылады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: