10:56
Абайтануға айқындама

ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ – ҚЫРЫҚ ЖАМАУ

1898 жылдан кейінгі Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып көрінеді. Біреуі – партия таласы, әкімшілік биліктен біржола арыла алмай, оқтын-оқтын болса да, елдің сөзін ұстап, күнделікті өмір ағымында жүрген абай. Екіншісі – мына өмірден шаршаған, суынған, әулиелік ой-сана иесіне айналған жұмбақ Абай. 1895-1898 жылдар аралығында Оразбай бастатқан бай-шонжарлар Абайға қарсы жаулығын күшейте түсті, ал ішкі әлемінде Абайдың рух бақшасы гүлденіп, Тәңіріге деген ынта-ықылас еселеп артты. «Көк тұман – алдындағы келер заман», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Алла деген сөз жеңіл», «Жүректе қайрат болмаса», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» сияқты өлеңдері ақынның көңіл-күйінің айнасы. Зерттеуші мамандар Абайдай асылдың бағасын біле алмай, жұқартқан өсек-аяңдар аз болмаған деп санайды. «Болды да партия» өлеңінде:

Ортаға кеп салдым

Өзімде барымды.

Япырмау, неңді алдым,

Сау қоймай арымды?

...Өсекке салмаңдар

Ойымды, жарымды.

Өлшеуге алмаңдар,

Ойым бек тарылды. (1898 ж.), -

деген жолдар осының бір айғағы.

Осы 1898 жыл әкелген тағы бір ауыртпалық – Абайдың тән саулығы сыр бере бастаған. Денесі шау тартқаны соншалықты – бұрынғыдай салт атпен жүргенді қойып, тек траншпөнке дейтін жеңіл арбамен ғана жүретін болады (ақынның арбасы Жидебайдағы музейде сақтаулы тұр). Осы кездерде Абайдың бірнеше тісі түсіп қалады да, мұны ақын қартайып бара жатқандығының белгісі деп біліп, «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма» деген өлеңін жазады.

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?

Баяғы күш, баяғы тісің бар ма?

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?!

Өкінішке орай, неге екені белгісіз, Абай жинақтарында екінші жолдағы «тісің» сөзі «түсің» болып жазылып келеді. Бұл қате. «Тіс» дегеннен шығады, Абай Семей қаласына барып, түсіп қалған тістерінің орнына протез салдыртады. Ол протезді келіні Кәмәш 1940 жылы Семейдегі Абай музейіне табыс еткен болатын. қазір де сонда сақтаулы тұр.

Абай әсіресе «Жүрегім менің – қырық жамау» деген өлеңінде көп сырын ашады. Онан екі шумақты келтіре кетелік:

Жүрегім менің – қырық жамау

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау

Қайтқаннан соң әрнеден.

 

Өлді – кейі, кейі – жау,

Кімді сүйсе, бұл жүрек.

Кімі – қастық, кімі – дау,

Сүйенерге жоқ тірек. (1899 ж.)

Қажыған, кәрілікті сезінген, жақсы-жаманды көп көрген дана адамның монологі бұл. Талдайық. Бастапқы шумақта Абай өз жайын айтса, екінші шумақ жақын туысы және өмір жолын бірге бастаған құралыптас достары өлген боп шығады (мысалы, Құдайберді, Халиолла, Ербол, Оспан, Әбіш), біреулері қастық ойлап, дау шығарып, қысқасы, жауығып жүр (Оразбай, Жиренше, Тәкежан, Әзімбай, т.б.).

«Ұялма дегені көңіл үшін» деген өлеңінде:

Туысқаның, достарың – бәрі екі үшті,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?! (1901 ж.) –

дейді тағы Абай. Қайран жүрек қан жыламағанда, қырық жамау болмағанда қайтеді?

Өмір заңы қатал. Абайға сүйеу болған інілері Ысқақ (1902 ж.) пен Шәке (1903 ж.) де қайтыс болды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 28 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: