21:12
Абайтануға айқындама

АТЫ-ШУЛЫ МҰҚЫР ОҚИҒАСЫ

 Тәңірі өткір сезім берген Абайға жағымды я жағымсыз оқиғалар өзгеше әсерін тигізіп отырған. Қарамола съезінен кейін ақындық өнерге құлай беріліп, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» және тағы басқа өлеңдері дүниеге келген еді ғой. 1898 жылғы өзіне тиген мұқыр сайлауы да ақынға күшті әсер еткені сөзсіз. Оған келешек ұрпаққа сырын ашқан «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» деген әйгілі өлең айқын дәлел. Бұл өзі тралы жыры. Өксікке толы қоштасу өлең – реквием. Өлең Абай өзінің шығармашылық қызметінде қазақ өрісімен қоштасып, адамзаттық өріске қадам басуының символы. Туынды талдау, саралау өз алдына мәселе.

Біздің мақсат – айтылмыш оқиға Абайдың Тәңірінітану іліміне құлай берілуіне түрткі болды ма, «Ғақлиат-тасдиқат» атты даналық еңбекті жазуына әсер етті ме деген нәзік мәселеге сәуле түсіру. Алдымен Мұқыр сайлауын сөз етелік.

Жазда ақшатау бөктеріндегі «Көшбике» жайлауында төрт болыстың бірі – Мұқыр болысының сайлауы өтпекші еді. Ақшатау – Шыңғысқа қатарлас шөккен едәуір үлкен тау. Осы таудың шығысы – найман ішінде сыбан руына тиесілі, ал батыс жағы – тобықты елінің жайлауытұғын. «Абай сабалды» деп исі қазақты түршіктірген оқиға сол Көшбике сайлауында орын алды.

Сол заманның куәгері Тұрағұл сөйлесін. «Біздің қазақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? – дейді ол естілігінде. – 1898 жылы сайлау болғанда, бұрынғы мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған. Оразбай байдың дәулеті асып, дәуірі тобықты ішіне жүріп, Оспанмен екеуінің араздығы Оспан өлген соң менің әкемнің басында қалған. Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері «Сіз бармасаңыз болмайды, оразбай қалаған кісісін сайлатып алып, басымызға пәле жауғызады» деп, жалынып, жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын сорлы қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай, жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді десіп, бірнеше адамдарды сайлап шығарып, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға «қолдарыңды тигізіп жанжал шығарыңдар» деп жіберген... Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір, Абайды ұрдық деген атын көтеріп мұратына жетті».

Абайға қамшы тиюі бүкіл Құнанбай тұқымына сүйекке таңба сияқтанды. Әсіресе сезімтал шәкәрімге сілкініс әкелген еді. «Шәкәрім ұлы ағасының жан азабын жүрегімен сезінді, - дейді қаламгер ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Құнанбай» атты зерттеу еңбегінде. – Абай күйінсе – күйінді, сүйінсе – сүйінді. Әрі іні, әрі шәкірті есебінде келешек күндердің көшінен көріп, көңіліне дәрмен берген Дәрмені де – осы шәкәрім болатын».

«Деді бір ой көзіңді аш!» Шәкәрім 1898 жылы 40 жасында өзінің танымастай өзгергенін ғұмырнамалық жырында осылай айтады. Көп жылдар өткен соң да жүректегі ескі жараны жасыра алмай.

Соның да тілін алмадың,

Сабадың, сөктің, қарғадың.

Көріне қашан кіргенше,

Арсылдап иттей қалмадың, -

деп, замандастарын ашу-ызаға толы сөздерімен сөгеді. Мұндай ашу-ызадан шыққан өзгедей шығарма Шәкәрім поэзиясында жоқ.

Мұқыр оқиғасы Шәкәрімді осылай сілкінткен болса, оның әсері Абайға онан да зор болуы заңды. Оның жарықшағы Абай шығармашылығында сайрап жатыр. «Болды да партия», «Жүректе қайрат болмаса», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» деген шығармалары, әсіресе әйгілі «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» өлеңі ұлы ақынның жан күйзелісінің жаңғырығы. Бұл ақиқат Ойшылдың «Мен бір жұмбақ адаммын» дегені талай ізденістерге арқау болды. Танымал жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты кітабы соның бірі.

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай.

Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай. (1897 ж.)

Бұл Михаил лермонтовтан аудармасы. Бізше мұқыр оқиғасының сызы жолда да тұр, яғни аударма 1898 жылдікі болуы ықтимал.

Тұрағұл Абайдың әр өлеңінің шығу тарихы барын айтады. Шыны, Абай өлеңдерінде көтерілген тақырыппен бірге сыртқы, ішкі құбылыстан алған ақынның әсері ере жүреді. Ақынның өз-өзіне көңілі толмауы – Мұқыр оқиғасының сыртқы жаңғырығы.

Мәселенің ішкі жағына да үңілейік. 1895 жылдан беріде Абайдың айдан ай, жылдан жыл Алла тағаланы тануға, яғни  әулиелік сатыға жақындай түскені кәміл. Осы кездерден «әкемнің ашу азайып, мінезі жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты» дейді Тұраш. Бұрындары «ашуы да, қуануы да жылдам» әкесіне енді ешкімнен «араздық іздемейтін», «алыстан үміт қылып қуанатұғын» мінездер тән болғанын жеткізеді. Кім-кімге де жақсылық тілеу, қоршаған айналаға тек мейірім, махаббат көзімен қарау мінезі Абайға қайдан дарыған деген сұрақ тумайды. Оның жауабы «күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деген сөзінде тұр.

Сүйсіне алмадым, сүймедім,

Сүйегім жасып, сор қалың.

Сүйісіп саған тимедім,

Бола алмадым сенің жарың. (1899 ж.)

Жалғыз шумақ – Абайдың ішкі монологі. Біле білсек, онда Тәңіріні (Жарды) «жанна тәтті» сүю керектігін сезінген, бірақ әзірге оған жете алмаған адамның арман, аңсары тұнып-ақ тұр.

Сонымен, ойшылдың рух сілкінісі Мұқыр оқиғасынан ба, әлде ол рухы эволюциясының заңды нәтижесі ме? Екеуінің де әсері жоққа шығарылмайды. Анығы сол, Абай рухани қияға шықты. Тәңіріге ғашықтық пен түпкі ақиқатты тануға деген асқан іңкәрлік содан. Мұқыр оқиғасының салдары туралы Мұхаң: «Абайдың үнемі арманды болып өткізген өмірінің ең мағынасыз қорытындысы сияқты болды», - дейді. Мәселенің екінші жағы бар. Тап осы оқиға ойшылдың «Тасдиқ» трактатын жазуға отыруына түрткі болғаны шүбәсіз. «Абайдың жұмбағы неде?» дегенге берер жауабымыз әзірге осымен тәмам.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 33 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: