21:46
Абайтануға айқындама

ТӘКЕЖАНМЕН АРАЗДЫҒЫ

Тәкежан (шын аты – Тәңірберген) – Абайдың жалғыз ағасы. Туыстардың арасындағы араздықты қозғау қашанда селкеулі мәселе. Лажымыз не сызат, жарықшақ іздері Абай шығармашалығында «мені біл, анықта!» деп сайрап жатыр.

Зерделесек, Абай мен Тәкежан арасындағы салқындық тарихы тереңде. Оның сызы Абайдың өз шығармаларынан сезіліп-ақ тұрады. Мысалы, 1886 жылғы «Көжекбайға» өлеңінде ақын:

Әркімде-ақ бар ғой туысқан,

Қайсысы жауды қуысқан?

Күн жауғанда қойныңда,

Күн ашықта мойныңда,

Арылмас міндет болған соң,

Әркімнің көңілі суысқан, -

десе, бұл өз басынан кешкен жәйт. Үлкенді-кішілі талай оқиғалардан бізге жеткені – 1887 жылы Базаралы бастатқан жігітек жігіттері Тәкежан байдың бір қос жылқысын (800 бас) шауып алады. Соған байланысты келер жылы Семей қаласында ояз билері кеңесінің соты өтеді. Абай оған қатысудан бас тартады. Елдің әрекесін тілемей, берекесін тілегендіктен және Олжай арасын онан әрі ушықтырмау жайын ойлағандықтан (сөз ыңғайына қарай айтайық, сол жолы Тәкежанның даугері ретінде жүгініске жасы 30-ға енді ғана толған, ол күнде Тәкеңнің тәрбие-ықпалында жүрген Шәкерім түсіп, бір сәтте «шешен», «жүйрік» деген атақ-даңққа бөленеді. «Мұтылғанның өмірі» деген өзі туралы дастанында Шәкерімнің:

Ұлық пен елге жағындым,

әртүрлі атақ тағындым.

Ар кетіп, айла жамылдым,

Бейне алдамшы сопымын.

Қарасам мақтау айнадан,

Әлемнен озған мен бір жан:

Ел құтқарған топаннан

Тобықтының мұқымын, -

деп, өкінішпен сан соғуы астарында осы атышулы оқиға да жатыр).

Сол 1888 жылы Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» деген өлеңі дүниеге келген. Онда Тәкежан мен бәйбішесінің тастай сараңдығы мен мейірімсіз ит мінезін көріп ақын:

...Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр! –

деп, қатты ызмаен жазғырады. «Бұл өлеңді, - дейді Тұрағұл, - өзінің Тәңірберген деген ағасының ауылында, ағасы мен жеңгесінің Дінісләм деген немересін «тамағыңды үйде отырып іш» деп аңдып отырғанын, оның құрбыларымен бірігіп ішкісі келіп отырғанын көріп айтқаны» (бір тәуірі, үшінші буын Абай рухының шапағатын сезініп өсті, жаңағы Дінісләм Әзімбайұлы 1917 жылы Семей Уездік земтсвосына мүше 30 қазақтың бірі).

Үш жыл кейінде болған кейісті уақиғаны да Тұрағұл аузынан естиік:

«1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жаққа шыққан. Былайша болмақтың себебі – Тәңірберді сүйегі бос адам еді, ертерек қартайып, билікті Әзімбай деген баласы алған. Әзімбайдың жауласқан себебі: талабы бар оқымаған жас жігіт абұйырлы болмақты ел билеумен табамын деп ойлап, өзін қолдаушы ел таппаққа ең қолайлы жол – ағаларының жауын ел қылғаны болып көрінді. Оразбаймен құда болған. Оразбайлар ойлаған, бұларды бөлмесек болмайды, өстіп құда болып бөлелік деп».

Көрдіңіз бе, Тәкежан мен Әзімбай жаңа құдасы Оразбай жағына шыққан, былайша айтқанда, Абайды тобықтан қаққан өз туыстары. Осы шикілік, кезіндегі Ерболдың опасыздығы сияқты, Абайды қатты қынжылтады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 44 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: