19:32
Абайтануға айқындама

ОЙШЫЛДЫҚҚА БЕТ БҰРУ КЕЗЕҢІНДЕ

Абай ой еңбегі – шығармашылықпен үзбей шұғылданған. Бұл жәйтті ойшыл өзі былайша түсіндіреді: «Жан қуатыменен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың» (43-қарасөз). Аса керекті, әдемі ескерту емес пе.

Әсіресе 1889 жылдың күзі Абай үшін аса табысты күз болды. Пушкиннің әйгілі «Болдин күзі» сияқтанды. Шабытты сәттерді тап сол күндерде әкесімен оңаша қалып, өлеңді қалай жазғанын көзі Тұрағұл кереметтей етіп суреттейді: «...Таңертеңнен кешке дейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естілер-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» (бір Тәңірінің қазаққа несібе еткен рухани нәрі, қуаты Абайдың қолымен өлең болып құйылған шақты бұдан асырып айту, сірә да, мүмкін емес).

Сөйтіп, 1889-1890 жылдары Абай шығармашылығы толысты, ақындық қарым-қабілеті шырқау биікке көтерілді. Оған 20 тарта төл өлеңдері және Пушкиннен 8 аудармасы куә. Ақынның қара түнекті қақ жарған сәулелі жырлары естіген жанды таң қалдырды. Бас-аяғы 4-5 жылда әлемдік поэзия шыңын бағындырып, артқыға мол мұра қалдыру неткен бақыт!

Бірақ Абай өзіне өзі разы емес, ойына ой, қайғысына қайғы қосқан халде. «Мен қажыдым» деп турасын айтады ақын. Оған «ішім өлген, сыртым сау», «Сегіз аяқ», «Бай сейілді», «Келдік талай жерге енді» сияқты сыршылдық өлеңдері куә. Олай болса, ақын неден торықты? «ішім өлген, сыртым сау» деуінің саяси-әлеуметтік себептері қайсы? Осыған келейік.

Абайдың «Сегіз аяқ» сынды әлеуметтік өлеңдері қайғы-күрсініске толы болуының қысқа жауабы – «бодан елдің мұң, шері» дейміз.

Торығатын себебі – қазақ мешеу. Өзге халықтардың бәрі «бірін бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болып» жатқан заманда қалың елі қазағының бейқам, надан, қараңғы қалуы ақынды қатты налытқан, әрине.

Бай сейілді,

Бір бейілді

Елде жақсы қалмады.

...Танымадық,

Жарымадық

Жақсыға бір іргелі. (1890 ж.)

Әдетте ел «күш шықты, тұман сейілді» дейді. Абайдың «бай сейілді» дегені ел ішінде жақсы-жайсаң қалмаған тым қараңғы халді көзге дәл елестетеді. Бақсақ, бұл жерде «бай» сөзі жуан қарын кәдуілгі байды емес, пейілі кең, жан дүниесі жарық, парасатты адам дегенді білдіреді.

Осы жылғы «Келдік талай жерге енді» өлеңінде: «Өзің жалғыз, надан көп, ұқтырасың сен не деп», - дейді.

Тағы бір мәселе, ұлы ақынның «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген сөзінде жатқан сияқты. Абай – реалист. Ол өзінің қазақтың өлең сөзін әлемдік деңгейге көтергенін, оны, халықты тура жолға салудың құралы қылу деген мағынада, «түзеп» шыққанын жақсы білді.

Жә, «сөз түзелді». Бірақ тыңдаушы қауым сөзіне ерді ме? Ел мінезі түзелгені кәне. Міне, осыны көре алмай түңіледі ақын. Жаңағы «Келдік талай д\жерге енді» өлеңінде:

Осы жасқа келгенше,

Өршеленіп өлгенше

Таба алмадық бір адам,

Біздің сөзге ергенді.

...Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар (1890 ж.), -

дейді. Сөзге ерген адамды «таба алмадық». Абайды түңілдірген де, ағартушылықтан ойшылдық бағытқа жетелеген де осы жәйт. Жаңаша форма – ғақлия сөздерге ауысады. Бұл Абай шәкірттерімен сұхбаттаса отырып, ойын еркін айта алатын, керек десеңіз, келешек ұрпақпен сырласатын және бір айтқан ойына қайыра оралуға мүмкіндік беретін ерекше жанр болды. Осылайша ойшыл қарасөздері арқылы қазақты зерттеп танып, сол жөнімен жұртын түземек қамына кіріседі.

Менсінбеуші едім наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып. (1891 ж.)

Шумақта астар терең. Онда «осыған дейін заманды түзетпек едім, енді гәп адамның мінезін түзеуде екенін ұқтым» деген мән бар. Адалға жүрмей, адам түзелмейді; адам түзелмей қоғам түзелмейді; халық түзелуі үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін еңбекті сау, ғылымды азық қыл. Міне, тың бақыт, жаңа парадигманың нышандары осылар. Енд философ Абай адамның болмысына бойлауға, жан әлеміне үңілуге басымдық береді.

Қорыта келгенде, Абай ағартушылық бағыттан ойшылдық әлеміне бұрды, өркениеттік таным тұрғысынан Батыстан Шығысқа ойысты дейміз.

Ғақлия жазуды қолға алуы осының көрінісі. Бұл бұрылыс «мен – қажыған арықпын» деп түңіле бастаған Абай өміріне жаңаша мән-мағына сыйлады. Бірінші сөзінде: «Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» - деген өзінің сұрағына өзі былайша жауап береді: «Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ...енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 51 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: