19:25
Абайтануға айқындама

АҚЫНДЫҚТЫҢ МЕКТЕБІ

Абайдың ақындық мектебі қашан және қалай пайда болған? Мұның жауабын Шәкерімнің «Жастарға» атты ұзақ өлеңінен табамыз. 1889 жылы жазылған бұл өлеңде Абай – білім шырағы, ақыл иесі деп дәріптелген. Құрбыластан көңілі қайтқан ол жастарға үміт артқан. Бұл туралы Шәкерім былай деп толғайды:

Құрбыласы қулық пен айла баққан,

Олардан алдамшы деп көңілі қайтқан.

Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,

Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.

«Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, - деп жазады Мұхаң, - жаңағы жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, 1889 жылы көбінесе музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі мұқа деген скрипкашыны ауылына алғызады, тағы да сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды».

Сөйтіп, ұлы ақын жастарға қараңғылық патшалығына жарық сәулесін түсірген әулие данышпандай әсер еткен. Абайдың өз үйіріне тартудағы мақсаты – оларды ғылым айдынына және ақындықтың жаңаша жолына түсіру болатын.

Абайдың өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы: «Әсіресе Абайдың творчестволық еңбекке көп берілген уақыты 1889-1890 жылдар еді», - дей келе, былайша таратып айтады: «Абай ел ортасының даулы жұмысынан аулақтанып, орыс ғылымымен шұғылданды, орыс ақындарының кітаптары Абайдың ақындық рухын тебірентіп, тасқындатып жіберді. Биттей қолы босап кетіп көңілі түссе, кез келген қағазға өлең жазып тастайтын болды».

Абайдың қолында өскен Кәкітай, әрине, көргенін айтады.

Осы жылдары абайтанушы Қайым Мұхаметханов дәлелдеп бергендей, Абай алғашқы прозасы – «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегін аяқтап шығады. Аталмыш еңбек Абай әт-Тәбәри, Рабғузи, Рәшид әд-дин, Бабыр, Әбілғазы сияқты атақты тарихшылардың еңбектерін зерделеді деген тұжырымының айқын айғағы.

Міне, байқап отырсақ, ақынның ғылым сүрлеуіне түсуі мен пейілін талапты жастарға беруі сәйкес келеді. Бұл заңдылық, сірә.

Абай мектебі мен мұсылмандық Шығыста көп айтылатын пір мен мүрит медресесі арасында ұқсастық мол. «1889 жылдан бастап, - дейді М.Әуезов, - Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абай ауылы үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болады. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талапты жастардың бәрі – шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды». Тұрағұлға да жүгінелік. «Сол жылы бастығымыз Шәкерім қажы болып, - деп есіне алады Тұраш, - ақиқат олай емес, былай деп таласып жататұғын санды шәкірттердің қатарында мен де болдым».

Сөйтіп, Абай мектебінің шәкірттері, әр буын өкілдері – Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсет, Мұқа, топай Бейсембай ақын, керей Уәйіс ақын, уақ Иманбазар ақын, Кәкітай, Тұрағұл, Әрхамдар еді. Осы аталған шәкірттердің маңдайалдысы, әрине, Шәкерім болды. Бұл жерде аталған, аталмаған өлең жазуға талаптанғандармен бірге абай қыстауында өткен мәжіліс: екі Баймағамбет (бірі – ертегіші, бірі – ақын), әнші-гармношы Ысқақ (ырғызбай Ырысай деген кісінің баласы), циркші ағашаяқ (Берікбол), күйші Біткенбай, әншілер Мұхаметжан, Әлмағамбет, Орынбасар, Өтегелді, тоғызқұмалақ пен дойбының шеберлері – көрпебай, Ырсалды, Құттықожа, Нақыштың Смағұлы, Құдайберді, Текжан, т.б. дәйім қосылып отырған. Бұлардың бәрі де Абай насихатын тыңдаған адамдар, кең мағынада Абай мектебінің тәлімгерлері.

Өз кезегінде шәкірттерімен бірге ізденістер Абайды жаңа идея, тың тақырыптарға әкеп отырған. Творчество адамының қуануы мен жалығуы, сүйінуі мен түңілуі алмасып отырады. Шығармашылық содан туады. Бірде Көкбай әзіл етіп, Абайды сөйлетпек үшін:

Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша,

Абайдан кем боламын мен қалайша.

Көп зәкөн, аз ғана ақыл өзімде бар,

Ашылып көкірегім кең сарайша, -

депті. Бұл мысалды Абай мен шәкірттер арасында жылы қарым-қатынас пен теңдік болғанын байқату үшін келтіріп отырмыз.

Абайдың «Жаз» және «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңі 1889 жылы «Дала уәлаяты» газетінде (7 және 12-санында) шәкірті Көкбайдың атымен жарияланғанын айта отыралық. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 68 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: