07:37
Абайтануға айқындама

ҚОНАҚЖАЙ ШАҢЫРАҚ ИЕСІ

Абайдың ағартушылығы тек інжу-маржан шығармашылығымен ғана өлшенбейді. Халық арасында өткізген сан алуан жиын, сұхбат, кездесу немесе түрлі ойындары да атқарған ағартушылық қызметі болып табылады. Мысалға кітап оқу мен шығармашылықтан қолы босағанда Абайдың алданышы қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ пен дойбы ойнау болған. Қыр қазағы уақытқа бай, ешкім ешқайда асықпайды. Тұрағұл: «Көтібақ Көрпебай, мамай Смағұл, Құттықожа, Құдайберді, Ысмағұл сияқты ойыншы шалдар қыстыгүні келіп ай жатып ойнап қайтатұғын», - деп жазады. «Абай ауылы қысы-жазы өте қонақшыл, «рдайым күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады, - дейді Көкбай. – Солардың ішінде «Абайдың түстігін жейміз» деп ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге ел-елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыштар жатады». Абай өзі ұтса, «ми ұтты ғой», қарсы жағы ұтса, «тақтай баққан, ойын аңдыған қу ұтады ғой» деп, елді күлдіріп отыратын екен. Ойын барысында осындай әзіл-оспақ, әңгіме, бірқақпай жыр жарысына да ерік беріліп, жиналған жұрт пайдалы дерек алып отырған.

Жоғарыда аталған Көрпебай (1823 жылы туған) жарықтық тоғызқұмалақтың ойын тақтасын қанжығасына байлап алып, ел аралап қонақтап жүріп ойнайды екен. Бірде бірнеше күн Шыңғыстағы елді аралап, Жидебайға таяу Ши бойындағы өз ауылына келе жатып, өзінің қойшысына кездеседі. Ауылдың амандығын білген соң қойшысына: «Ауыл аман болса, мен Абай ауылына кеттім», - деп Жидебайға беттепті.

Әрі қарай Ниязбек Алдажаров ақсақал жазған естеліктен бір үзінді келтіре кетудің орайы бар. «Үйге сәлем беріп кіріп келсе, - дейді Ниязбек аға, - Көкбай, Ермағамбет тағы бірнеше адам шай ішіп отыр екен, жасы үлкен Көрпебайға төрден орын береді. Көрпебай өз қойшысына жолығып, ауыл амандығын білгеннен кейін осылай қарай бұрылып кеткенін айтады. Сөз аңдып отырған Ермағамбет: «Абай аға, ақсақал өз ауылынан кейін осы ауылдың амандығын білейін деп келген екен ғой», - дегенде, жұрт ду күлісті. Абай жымиып күлді де, аналарға: «Көрпекең тоғызқұмалақты жақсы ойнайды, осы ауылда қонақ бар шығар, ойнайын деп келді», - дегенде, Көрпебай: «Ол рас», - деді. Осы кезде Абай бар денесімен бұрылып Еркежанға: «Шайды жинат, бұлардың сайысын көрелік», - деді».

Осылайша қонақтар екәге бөлініп, ойынға кірісіп кетеді. Абай төреші ретінде бақылап отырыпты. Көрпебай өзінің асқан шебер ойыншы екенін көрсетіп, есе бермей ұта беріпті. Абай үйдегі кісілерге: «Сендер осы Тобықтыда тоғызқұмалақтан Көрпебайды ұтатын ойыншы тауып әкеп ойнатып көріңдер», - деп тапсырма береді. Өнер иесін жақсы бағалайтын Абай жаңадан қазан көтертіп, ет асып Көрпебайға құрмет көрсетті дейді Ниязбек Алдажарұлы.

Абайға біткен бір мінез – өзінің оқып-білгенімен әрқашан да бөлісіп отырған. Кейі Халиолла жеткізген, кейі Семейден әкелінген – Дюманың «Үш нояны», «Король қатын Марго», Лесаждың «Ақсақ французы», Булганиннің «Қызыл сақалы» сияқты шығармалар Абай ауылында ертегі ретінде айтылып жүріпті. Абай орысша романдарды атқосшы Баймағамбетке айтып беріп, өзіне қайта айтқызады екен. Сонда Бәкең еш жаңылмай, майын тамызып, түр-түсіне ене, нақышына келтіріп, кейде қозғалақтап жүріп айтқанда, естігендер аузын ашып, көзін жұмып елти тыңдайды екен. Осыған оқушы балаларды бір арбаға отырғызып Семейден елге қайтқанда, жолшыбай Абай шерткен «Бақтажар», «Қрық уәзір», «Жұпар қорығы» сықылды ертегі-әңгімелерд,і аңыз-әңгімелерді қосыңыз. Мырзаханның көккөзді Баймағамбетті қайталап айтқыш өнері үшін «Абайдың ертегішісі» атанды.

Көтібақ Жиренше бидің баласы Мұсылманқұл (1879-1953) айтады: «Жас кезімде өз әкеммен еріп, Абайдікіне бара беруші едім. Абайдың өз аузынан естіген әңгімелерім өте көп – олар қазақтың атақты батырлары, ақылды адамдары жайында; Иран, Араб, Қытай, Үнді, Рум жұрттары, Батыс Еуропа халықтары жайынан; адам сүйсінерлік жақсылық, ерлік, я жан түршігерлік айуандық жөнінде, я болмаса бір елдің мінез-құлқын мысал ету, бұрынғы өткен ғалымдар жөнінде; ғылым, өнер жайлы төңіректің төрт бұрышының хабарын сол кісіден естуші едік. Болмаса оқымаған біз Аристотель, Сократ, Әбу-Сина, Ескендір, Ақсақ Темір, Шыңғыс, Абылай жайлы әңгімелерді қайдан білейік».

Жиреншенің Мұсылманқұлы, екінші баласы Құлсүлеймен (Құлке) де есті, көзі ашық азамат болып өскен.

Эпопеяның «Шайқаста» атты тарауынан мынадай үзінді келтіре кетелік. «Жай сұрасып болған соң, Абай Әлпейім шәкіртке бұрыла қарады да:

- Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып жүрсің? – деді.

- Наху оқып жүрмін, Абай мырза! – деп, Әлпейім «не дер екен» дегендей жылтыраған көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды.

- Е, жынды болуға аз-ақ қалған екенсің! Арабтың өзінің мақалы бар: «Фиқһты көп оқыған – ақылды болады, нахуды көп оқыған – ақымақ болады» деген, - деп осы сөздерді Абай арапша судыратып айтып шықты» (бұл жерде «фиқһ» - шариғат үкімдерін нақты дәлелдермен білу ілімі, «наху» - араб тілінің грамматикасы жайлы оқу-білім).

Мұхаң бұл көрінісіті келтіруі жайдан-жай емес, Әлпейім сияқты абайдан ақыл сұрап келген, шапағаты тиген азаматтар Тобықты ішінде көп болған.

Ағартушы һәм ойшыл көсем Абайдың машығы, істері айналасына үлгі-өнеге болып жайылғаны ақиқат. Ақшоқы мектебінде Кішкене молла балаларды оқытса, Аралтөбеле бай кітапхана жинақталды. Дана халқымыз «Ғұламалық бірге бітеді, шарапаты мыңға жетеді» демекші, Ақшоқы мен Аралтөбе қоныстары жан-жаққа білім-өнер таратқан мәдени ошаққа айналды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 65 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: