23:27
Абайтануға айқындама

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ФЕНОМЕНІ

1889 жылы Абайдың Семейдегі орыс достары түгелге жуық көшіп кетті. Михаэлис Өскеменге (1882) қоныс аударса, Долгополов (1886), Гросс, Леонтьев, Лобановский 1887 жылы және Блэк 1889 жылы Ресейге оралды. Оның срытында, ойшыл биліктен көңіл суытты, кешегі көп атқамінерлер мен дос, туыстан да ажырады. Әлде жалғыздық сыры осы арада ма?

Бірақ Абай қайда деп, алыс-жақыннан ат сабылтып келетін қонақ көп еді. «Олар тобықтының ұрыларында малымыз бар, жер дауы, жесір дауымыз бар деп арызын, арманын айтушы арғын, найман, керей, уақтың адамдары. Ағылып келіп, кетіп жатады», - дейді Әрхам ақсақал. Орташа дәулет иесі болса да, қолына түскен малды қонаққа сойып, мұқтаж, кәріп-жесірге үлестіріп отыру – Абайдың машығы. Өз сөзінше «ағайын-туыс бек көп».

Әйтсе де, жалғызбын дейді ақын. Жалғыздыққа, сірә да, сыртқы жағдаяттардан гөрі ішкі себептер көбірек «кінәлі». Мысалға қазақ ақыны Пушкин мен Лермонтовты неліктен айрықша жақын тұтты, жан-тәнімен ұғынды? Өйткені бұлар да жалғыздық қасіретін бастан кешкендер. Сол сияқты Еуропада Гете, Гейне, Байрон, Руссолар өз уақытынан оза туған кіл жүйріктер. Кешегі ақиқы ақын Мұқағали жалпақ қазақ арасынан жанына жақын дос таба алды ма? Жоқ, таба алмаған. Әйтпесе «Бұл күнде ақындардың бәрі жалғыз» демес еді-ау.

Сөйтіп, көптің қалың ортасында, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған өмірде жүріп, өзін жалғыз сезіну кемеңгерліктің белгісі. Өйткені ақыл-санасы кемелдер көптен, заманнан ойқастап озады.

Этнограф ғалым С.Қасиманов өзінің естілігінде 1927 жылы киіз үйде отырыста Шәкерімнің: «Мен өмірде де, философияда да жалғызбын» дегенін келтіреді. Анығы, Абай, Шәкерім өз басының қамы емес, халқын ойлап, оның болашағына көз жібере отырып қапа болды. Өйткеніөркениет жолында сырт жақтан қыр қазағында өнер, ғылым жоқ. Сопылық қылу жойылған. Не істеу керек? «Соны таба алмай өзім де қайранмын», - дейді ойшыл.

1888-1889 жылдары Абай оңашаланып, дөң басында ұзақ отыратын ғадетті тапты. Аптап ыстық күнді алмастырған жанға жайлы тып-тыныш түнде көкейден күмбірлеген әдемі әуендер төгіледі, бірде терең ойлар қаумалап алады, енді бірде лермонтов өлеңі қайта-қайта еске түскен соң, күбірлеп қазақшаға аудара бастайды. Гетеден Лермонтов, онан Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» ән болып, тұңғыш рет Ақшоқыдағы ауыл көгінде қалықтаған. «Жалғыз қалдым – тап шыным!» деп аяқталатын әйгілі «Сегізаяқ» та оңашада, төбе басындағы толғақты шақтарда туған болатын.

Бақсақ, аузынан шыққан лебізі қазақты сүттей ұйытқан, қараңғы қазақ көгінде шолпан жұлдыз болып жарқыраған Абайда «мен қазақ әдебиетінің негізін қалаған классикпін» деген масаттық, шалқу сезімі болмаған. Бүгінгі тілмен айтқанда, «жұлдыз» дертіне шалдығу тұра тұрсын, жалғыздықты бастан кешеді. Неге? Себебі жалғыздық – ұлы тұлғаларға тән феномен.

Енді сыртқы жағдаяттар жайлы бірер сөз. 1884-1889 жылдар аралығы, яғни алты жыл Абай болыстың жанындағы бірінші би (ел аузы «долынжы» (должностной) би» деп атаған) қызметін атқарған. Долынжы бидің міндетіне орыс заңында көрсетілмеген барымта, әмеңгерлік, жесір дауы сияқты дау-дамайға төрелік, кесім айту кірген. Осылар, сондай-ақ інілері кез-кезімен атқарған болыстық қызметке араласу, «шар салатын» елубасын сайлау сияқты ел ұстау істері де Абайдың көп уақытын алғаны анық.

1889, әлде 1890 жылы ма, генерал-губернатор барон Таубе Семейге келіп, бірсыпыра болыс, билерге оқалы тон, шен-шекпен, қылыш сыйлайды. Абайға «көп жылғы әлеуметтік адал қызметі үшін» деп қос ауыз мылтық – винчестерді сыйға тартады (винчестер Семейдегі Абай мұражайында әлі күнге сақтаулы).

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

Осылай басталатын өлеңін Абай жаңағы сый алған би, болыстардың жас балаша қуанып, еліне «шүйіншілеп» шапқанына ыза болып жазған.

Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның Мінездерін көргенде» деген сөзі қырдағы атқамінерлерге ғана емес, қаладағы жем қор, екіжүзді ұсақ шенеуніктерге де әділетті еді. Ақынның отарлық жүйені аулақ серпіп, көңіл суытқаны сол. Әрі 1888 жылғы сайлауда билік тізгіні інісі Оспанға тиген еді.

Осы оқиғадан кейін Абай ел жұмысынан босап, шығармашылық жұмысына алаңсыз кіріседі. Көп өлеңдері және тұңғыш прозасы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегі осы жылдардың жемісі. Бірақ 1890 жылдың жазында Оспан мен оразбай қатты араздасып, жауласа бастаған. Оспан кенетен өлген соң (1891) уақыттың бәрін жауласу жұмысы алып, «тағы да отырғызбай кетті» (Тұрағұл).

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 58 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: