07:54
Абайтануға айқындама

АҚЫН НЕЛІКТЕН «ҚАРТАЙДЫҚ» ДЕГЕН?

1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» және «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңдерінде жүз жасаған қариядай күрсінеді Абай. Бірақ бұл халді бүгінгі ұрпақ ұға алмауы мүмкін. «40 жаста қайдағы кәрілік» деп.

Қзақ ертегісінде тау көтерген Толағай батыр тілерсектен жерге кіріп кетеді. Күллі ұлтты ағарту ісі Абайдың иығына түссе, оның тау көтергеннен несі кем? Өз жеке басының қарны тоқ, төсегі мамық. Алайда исі қазақтың ауыр халін ойланғанда:

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды, -

дейді Тәңірі сезімді мол берген ақын. Неге?

ол күнде дүние түгел өзгеріп жатса да, өзгермей қойған дала тірлігі, қыр тұрмысы. Сайын даланың қай тұсынан да көзге ұратыны – мелшиген мешеулік. Осыны аңғал жұртына ұқтырам деп Абай әлек. Ғақлия сөзінде: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» (5-қарасөз) дегенді елінің қайғысына жеке басынікі қосылғанда айтқаны десек, жөн. Қайғылылық – данышпандықтың таңбасы.

Осы айтлағандарға ел жұмысын қосыңыз. Абайды ел жұмысына саларында Құнанбай былай деген екен: «Буыным қатпай жатып әкем Өскенбайдың ел басқару, билік айту жұмысына қатыстым. Көп талқысы мені ерте қартайтты» (Әрхамның естілігі). Сол кеп Абайға да келді. Нәрін-сөлін сорып, жасына жетпей кәрі қылған себептер осылар еді.

Бұл жайлы «Абайдың туысы мен өмірі» деген ғылыми еңбегінде М.Әуезовтің айтқаны: «Абай жасына жетпей ұлғая бастады. ...Өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін оңды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кетпейтін ерекше халдерге ұшыраған. Өзінің қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық өнерін еріксіз осы жолға салған». Міне, Абайдың «қартайдық» дегенін Мұхаң әлеуметтік тұрғыдан терең қаузап, жақсы ұқтырып береді. Ғ.Есім пләсапалық жағынан пікір қосады: «Қартаю» дегеннің өзі тек биологиялық сандақ мөлшерден гөрі, сапалық істер жиынтығын білдіретін ұғым болса керек. ...Абай «қартаю» дегенде өмірден тәжірибе жинақтап, өткен өмірден ғибрат алған адамды айтып отыр».

Мұхаңның жаңағы «ой қуатына лайық келмейтін» деген сөзіне назар аударайық. Жапон ғалымдары жақсы-жаман сөзде арқылы суекеш суға да әсер етуге болатынын анықтап отыр. Олар «кір суды дұға оқып тазартып» тәжірибелер жасаған. Демек, сөз –қуат. Киелі сөзде көрінбейтін энергетикалық өріс бар. Ақыл, санамыз сол қуаттан нәрленбек. Шәкерімнің «Сөз Құдайдан шыққан бу» дегені осымен өз түсінігін табады, сірә. Айтайық дегеніміз, Абай қаншама қуатты өлеңдерін дүниеге әкелсе, соншама ой қуатын шығындаған деуге керек.

«Абай қартаю дегенде өмірден тәжірибе жинақтап, өткен өмірден ғибрат алғанын айтып отыр, - деп жазады Ғ.Есім. – Ал мұндай адамның қартайғанда «қайғы ойлайтыны» заңды. Тіптен «қайғы ойлап» қартаю кейбір адамдарға тым ерте де келуі ықтимал. Мысалы, мұндай сана Сұлтанмахмұтқа отыз жасқа жетпей келген. Бұл сөз Лермонтовқа да қатысты».

Әм жабықтым, әм жалықтым,

Сүйеу болар қай жігіт,

Көңілден кеткен соң тыным?

Әм сүйіндім, әм түңілдім,

Үнемі неткен үміт,

Өткен соң бар жақсы жылым» (1885 ж.)

Абайдың Лермонтовтан алғаш аударғаны осы жолдар болуы тегін емес. терең ойдың анасы – қайғы, мұң, жабығу мен жалығу сезімдері. Олар адамды «шер толқытса» ғана шығады.

Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы,

Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.

Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,

Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды. (1896 ж.)

Бұл шумақ та Лермонтовтан аударма. Алдыңғы өлең мен кейінгінің арасын он жылдай уақыт бөліп жатыр. Бірақ Абайда «қайғыртар жұрт» деген көңіл-күй еш өзгермеген. Немістің атақты перзенті Гетенің «Жазушы творчествосында ойланып, қайғы шекпей жазылған бірде-бір сызықша да болмайды» дегені Абай шығармашылығына тұп-тура келеді.

Қай қырынан қарасақ та, Абайдың «қартайдым» деуі мұң, қайғы, жабығу, арман сияқты ішкі сезімдермен байланысты екенін көреміз. Нәтижесінде, буырқанған ішкі бұла сезімдер көкіректен өлең бұлағы болып атқылап шығып отырды.

Үлкен қалалардың алаңдарына көрік беріп, көрген жұртқа рух беріп, көбіне қолына кітап ұстаған Абайдың еңселі ескерткіші тұрады. Егер сол кітап кімнің кітабы деген сұрақ қойылар болса, ол Лермонтовтікі екеніне кепілміз. Көзі көргендер айтады, Абай өле-өлгенше орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтовтың кітабын жақын ұстап, өлеңдерін сүйіп оқыған. Гәп сонда, ол да Абай құсап, тылсыммен тілдескен жұмбақ адам болған. Ол да – шындық пен әділеттің құлы. Осыған назар аударған Мұхаң: «Абай жалтарып, сипай қамшылап айтуды емес, Лермонтовша көзге шұқып, басқа ұра айтуды сүйетін ақын» дейді. Демек, екі шарапатты тұлғада ортақтық мол.

Алладан бәрі бір деп тосып тұрмын,

Алғалы жақсылықты я өлгелі (1896 ж.), -

немесе:

Менің кеудем сендерге сондықпен тең,

Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.

...Ақтығымды біледі сол көкірек,

Сол законге билеткен біздің жүрек.

Алла берген құпиям осы сырым,

Көрге бірге өзіммен барса керек. (1897 ж.)

Сол сияқты:

Нені сүйдім, бұл дүниеде неден күйдім?!

Қазысы оның – арым менен бір-ақ Құдай (1899 ж.), -

деген жолдарды аударма деуге қиын. Бұлар, ең алдымен, Құдай өткір сезімді мол берген шыншыл Абайдың төл көңіл-күйін білдіреді.

Мұхаң: «Жуан бел надан, содыр ру басылардан бөліне кеткен бетінде бірден халықты, халықтың мұңын тапты. Сол халықтың жоғын берер жаңалықты іздеді» деп, Абайдың мақсаты мен жаңашылдық қырын тап басып айтады.

Сонымен, Абайдың «қартайдық» дегені қазақтың жоғын жоқтаған, оның мешел қалған халіне күйінген, қорланған рухани халінен деген тұжырымға келеміз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 62 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: