07:28
Абайтануға айқындама

ҚАЗАҚ ӨМІРІНІҢ ТІРІ СУРЕТІ

Поэзия,философия, музыка, өнер, тарих, заң, этнография, эстетика, педагогика, дін. Абай шығармашылығында қамтылмаған сала жоқ. Міне, энциклопедиялық сипат деген осы (абай поэзиясы – қазақтың өлеңмен өрілген энциклопедиясы болса, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолында» бұл дәстүрді прозамен жалғастырады).

Абай поэзиясының ерекшелігі мен жаңашылдығы деген мәселеге ат басын тірейік.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.

Абайдың поэзияға қояр басты шарттары, міне, осылар.

Абай өлеңі – қазақ өмірінің тірі суреті. Пушкин, Лермонтовты болсын, мейлі ескі әдебиет бейнелері болсын Абай жан бітіріп, қазақша сөйлетеді. «Ол ескіні де, өз замананы да дәріптемейді, - деп жазады Қ.Жұбанов. – Ескі образды алғанда, оны сүйдіру үшін емес, ескіні бұзып, жаңа қылып, сол жаңаны ұғындырумен болады. Абайдың қолы әдебиет, мәдениет үстеріне тиіп кетсе, ол тек сипап, сүртіп шаңын кетіріп шықпайды, өзінше бұзып, өзінше түзеп, өз қолының ізін қалдырады».

Өлеңдерінің тілі орамды, сырты келісті, ішкі рухы күшті болғандығы соншалықты, олар арқылы: «Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген, - дейді Мұхаң. – Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған».

Абайды қазақ әдебиетінің негізін қалаушы классик биігіне көтерген қандай құдірет дегенге айтарымыз әзірге осы. Ахаңның «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», - деуі ескірмейтін, көнермейтін шындық.

«Шіркін, жақсы ән мен тәтті күй-ай» деп, әншілік-күйшілік өнерді бағалап өскен Абай 1889 жылы онға тарта ән шығарған екен. Абай төңірегіндегі әншілер қаракесек Әсет, Мауқай, уақ Мұса, керей Уәйіс, інілері Майбасардың Мұхаметжаны, Құдайбердінің Әмірі, аталасы Әлмағамбет, өз баласы Ақылбай, сүйген жары Әйгерім, немересі Әубәкір болып жалғаса береді. Олар «Татьянаның хаты», «Айттым сәлем, қалам қас» және «Сегіз аяқ» секілді шоқтығы биік керемет туындыларды бабына келтіре орындап, елге таратты. 1922 жылы А.Затаевич Абайдың жиыны – он жеті әнін нотаға түсіреді. Абайдың жаңашылдығы сазда а поэзияда сияқты ерекше байқалды. Яғни әндері де ой-парасатқа толы, эстетикалық биік талғамның жемісі. Энциклопедияға теңдес поэзиясы мен теңіздей телегей ағартушылық қызметін қанша айтсақ та тауыса алмаспыз.

Сонымен, қарастырылып отырған 1890 жылға дейінгі кезеңде Абай жаңашыл ақын, дастаншы, аудармашы әрі композитор болып қалыптасты. Ол сөз өнерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден-бір күшті құралы қылды. Осымен, қараңғылықтан қазақтың «кегін» алды.

М.Әуезовтің сөзінше: «Қос қанаттан биікті меңзеген ақындығын бұрынғы қазақ ақындарының ешқайсысы шығармаған әдеуметтік ұлы тартыс, тарихтық тартыс құралына айналдырды».

Асылында, көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов: «Айталық, Абайға дейін немесе Абайдан кейін ақын болмап па абай қандай құдірет-қасиетімен ақындардың ақыны бола алды? Гәп осы арада жатыр. Белинский Пушкиннің ұлылығын ұлт ақындығы болғандығында деп түйген ғой. Ал ұлт ақыны болу оның шығармаларындағы жекелеген ұлттық сипаттарда, бояуларда, өрнектерде ғана емес, өзіне айналу. Бұл керемет нәрсе! Абайдың кереметтігі де сондай: қазақтың сөзіне, сөзі арқылы өзіне айналуында деп білу керек», - деп терең толғанады. Ал профессор Тұрсынбек Кәкішев «Сәбит танымы» атты мақаласында өз пайымын былайша жеткізеді: «Қазағым дегенді «ұлтым» деген мағынада түсінген Абай туған жалқы өмір шындығының араламаған түкпірін қоймады және көрген-білгендерінің барлық бейнесін шығармаларына түсіріп отырды. Ол өмір сыншысы және кем-кетікті қатты сынау арқылы түзетуге тырысушы. Сондықтан ол – ұлт ақыны».

Қолына қалам алған шығармашылық иесі болсын, мейлі ел мақсатын айтпақ болған шешендер мен ғалымдар болсын, Абайсыз ауыз ашып көргені жоқтың қасы. Абайдың рухын күллі қазақ зиялылары айрықша ардақтап өтті. Имандай шындық осы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 63 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: