20:48
Абайтануға айқындама

ҰЛТ РЕНЕССАНСЫНЫҢ ҚАЙНАРЫ

1885-1889 жылдар ақын Абай үшін шабыты маздаған жылдар болды. Өлеңнің тығыны суырылып кеткендей, қайталанбас тамаша жырларын бірінен соң бірін жазды. Ақындық абыройлы іске айналды. Арасында аударма жасап, дастандар туғызғанын еске алсақ, бұл кезең «Абайдың поэзиялық дәуірі» деуге сұранып-ақ тұр.

Олардың арқауы – ағартушылық, яғни қараңғы халықты мәдениет пен өнерге шақыру, қоғамдық пікір мен сананы жаңаша қалыптастыру. Заманның зор талабы осылар болды. Әр елдің таным, түсінігін білмекке орыс десе, Пушкин, Толстойға, француз десе, Бальзакқа, неміс деген кезде Гете, Гейнеге дегендей, сол халықтан шыққан озық ойлы адамдарға қараймыз. Қазақ жанын білгісі келген кісі Абайға қарайды. Ол – ұлт ақыны, ұлт көсемі. Ол айтпаған сөз қалған жоқ. Поэзиялық мұрасы қазақ тұрымысының айнасы.

Мектепті тәмамдап, үлкен жолға шыққан жастарға:

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан! –

дейміз. Ұстаздар қауымына құрмет көрсеткен кезде:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, -

деген жолдар тіл ұшына оралады. Ер азаматтың мәрттігін көріп, сүйсінгенде:

Сүйер ұлың болса, сен, сүй,

Сүйінерге жарар ол, -

дейміз. Бұл қазақ неге осындай деген түйіткіл мазаласа, жауапты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» мен «Сегіз аяқтан» таптық. Әлдекімнен пасық мінезді байқап, жиренгенде:

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның

Мінездерін көргенде, -

деген сөз орамы ойға оралады емес пе.

Абайдың мінеген, сөге сынаған өлең сөздері ескіргені кәне.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

Билікке жалтақ, жағымпаз, ал қол астындағы адамға сыздана қарайтын бүгінгі кейбір әкім-қараны көргенде ақынның «Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап» деп басталатын өлеңіне қарап, «апыр-ай, әлі ескірмеген екен!» дерсіз.

«Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын», «Білгенге маржан, білмеске арзан», «Пайда ойлама, ар ойла», «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» сияқты аталы сөздері мақал-мәтелге пара-пар. Атам қазақ ұрпақ тәрбиесінде төрт қағиданы («жаман болады», «ұят болады», «обал болады» һәм «сауап болады») тірек етеді. Осы тәрбиелік жүйе орайында сауалдар туар болса, оны да Абай айтып қойған.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз, -

және:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Егер көзіңе түгіңді қоймай мақтап, былай шыға бере түгіңді қалдырмай ғайбаттайтын адамдар кездескен кезде «Сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген шымыр өлеңдер ойға сақ ете қалады. Жүректен шыққан сөздер жүрекке жетіп сізді сабаңызға түсірері хақ. Ал дүние тарылып, келешек кеміген шақта қай қазақтың да «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп мұңайып, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп түңілетіні өтірік емес. бір-бірімізге «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме!» деп жігер беретініміз тағы бар.

Абай табиғаттың төрт мезгіліне де жыр арнап, бәріне жан бітірді. Қай кезде де тылсым көрінісіне тамсана қалсаңыз көкейіңізге тілге жеңіл, жүрекке жылы Абай өлеңдері құйыла кетеді. «Табиғат тақырыбында жазылған өлеңдері – ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел» (Қ.Жұмалиев).

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Әнші-күйші қауымға пайымы бөлек патша сөз іздесеңіз, осы жолдар ойға оралады. Мысал алуды ұзарта беруге болады.

Сөйтіп, Абай поэзиясы тірілпеген сезім, сәуле түсірмеген өмір құбылысы жоқ, ол – қазақ ренессансының қайнары.

Күллі қазақ өмірі айнадағыдай қамтылса, бұл – ұлт ақынына тән белгі. Тұңғыш жинақта (1909 ж.) Абай өлеңдері мазмұны бойынша 17 бөлікке жіктеулі (халық туралы, өлең туралы, өзі туралы, ғашықтық туралы, ой тураы, насихат туралы, табиғат туралы және т.б.) – осының айғағы. Әсіресе бастапқы поэзиясы «мәдени-ағартушылық» шапанын жамылып, бөркін киді. Халық мәдениетінің бай мұрасын толық пайдалана отырып, «оған жаңа түр енгізіп, жаңа бағыт беріп, осының арқасында өз поэзиясын байытып, дамыта түсті», - дейді Мұхаң.

Абайдың поэзиясы жайлы материалдар көл-көсір, оларды қайталап жатудың қажеті шамалы. Абай қазақтың аударма мен дастан жазу саласының да ізашары болды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Просмотров: 62 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: