20:33
Абайтануға айқындама

АЛҒАШҚЫ АРБАСУ

Құнанбайдың шу асаудай немересі Шәкерім Абайдай ақылшы ағасын мойындауға асықпаған, сенсеңіз, бәсекелес бақталасы болған. Оның себептерін «Жастарға» атты ұзақ толғауында Шәкерімнің өзі ағынан жарыла отырып жеткізеді. Біз де жалпы ахуалға қысқаша ой шолу жасалық.

Шәкерімнің есімі ақын ретінде Тобықты елінде Абаймен қатарласа шықты (ол отыз жасқа шекті көптеген өлеңдер мен қисса, дастандар жазып үлгерді). Оның үстіне, 1888 жылы Семей қаласында өткен атышулы «Тәкежан-Базаралы» дауында Шәкерім мұқым Тобықтының «шешен биі» атанды. Бүкіл Семей уезінің билері қатысқан бұл дауға Тәкежан жағынан Шәкерім түсіп, көп мақтау естіген-ді. Өзі туралы «Мұтылғанның өмірі» атты жырында «Қарасам мақтау айнадан, Әлемнен озған мен бір жан» дейтіні сол. Бұл – бір.

Екіншіден, хандық дәуірде қазақта ақындық қадірсіз еді, ол мал табудың көзі, асса, думан-сауықтың өнері саналған. Қазақылық ой-сананы жаңғыртам десең, алдымен осы көзқарасты сейілтіп ал. Жаңашыл Абай көзқарасы осы болды. Жігіт Шәкерім ше? Ол, әрине, дәстүршілдікті ұстанды. Тек қазақы жыр дәстүрді кеудесіне қондырғаннан кейін жаңаны жатырқағаны түсінікті. Ол аздай, Абайдың жаңаша жолы, мұраты орысшылдыққа баланды.

Сөйтіп, ескішіл Шәкерім мен жаңашыл Абай арасында болған шығармашылық ырғасу мен қақтығыс кездейсоқтық емес.

Нақты дәлелге көшейік. Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1886, бәлки 1887 ж.) атты туындысында өлеңші туралы ескі көзарасты қатал сынға алған. «Ақындары ақылсыз, надан келіп», «Ескі ақынша мал үшін ұрман зарлап» деп ескі ақындықты және «Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп», «Терең ой, терең ғылым іздемейді» деп жасөспірім замандасты қабаттап соғады.

Сын найзасының ұшы өзіне қадалғанын «жүйрік ақын» саналып жүрген Шәкерім қапысыз ұққан, сезген. «Ескі ақындық» жырының тууы содан дейміз.

Бұл Шәкерім әлі ағаның ізіне түспеген кезі, қайта Абайды «орысшыл» деп сөккен қарсы топтың ішінде болған. Шәкерімнің жаңа аталған көлемді толғауында ескі ақындықты мейлінше қорғаштап, мадақтап шығуы соның айғағы. Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей, марабайлар жайында: «Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландар!» деп шамырқанады.

Ескі ақын бізден әлі артық,

Ол кезде туған бала артық.

Жасымыздан шал артық,

Тақпақ пен мақал тағы артық.

Шәкерімнің ескі ақындықты мақтауы мен жақтауы осылайша жалғаса береді. «Ескі жыраулар бізден ұйқасымен де, жігеріңді тасытар насихатымен де озық, үйренсең, солардан үйрен». Жыр арқауы осыған саяды. Көрдіңіз бе, Абай «Өлең – сөздің патшасы» туындысында паш еткен шарттарды жоққа шығару, яғни жаңаша ақындыққа қарсылық бұл.

Дәстүрлі ақындықты үлгі қылу, мадақтау – үйренішті салт-сана, қалың бұқараға да ұғынықты әсте. Шәкерімге «ақын болса, сендей болсын!» деп жел бергендер, ал Абайды «орысшыл, өлеңші болуы содан» деп сөккендер аз болмаған (бұл сөз негізсіз де емес еді).

Сөйтіп, Шәкерім «Ескі ақындық» жырымен елді елең еткізген. Мұндай қарсылыққа Абайдың үнсіз қалуы мүмкін бе әрине, жоқ. Көп күттірмей-ақ «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» (1888) деген өлеңі туады. Онда Абай ақындықтың жаңаша шарты мен биік талабына қайыра соғып, індете айтады. Өлең Шәкерімнің жаңағы «Ескі ақындық» толғауына қарымта жауабы деуге толық негіз бар.

Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,

Айтсаң да ұддасынан шыға алмайсың.

Сен білмейді екен деп айтпасын ба,

Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?

Бір қарағанда «Сен білмейді екен деп (ағасы) айтпасын ба» және «неге сіресіп құп алмайсың» деген Абай сөзі жалпыға айтылған сияқтанады. Шынында нақты Шәкерім нысанаға алынған. Соңында: «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер», - деп түйін түйеді Абай. Бірақ көпше түрде айтылған бұл түйіннің де нақты адресі бар, ол – шәкерім екеніне сеніміміз кәміл.

Абай мен Шәкерімнің диалогына қайтып оралайық.

Абай 1886 жылы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген әйгілі өлеңін жазып, онда:

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап, -

деуімен ескі ақындықты жүндей сабап, оған «кісімсіген, жеп кетер білімсіз» жастарды қосақтап, басқа ұрып, көзге шұқып айтады:

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Ағаның сынын көңіліне ауыр алған Шәкерім оған «Ескі ақындық» деген өлеңімен жауап береді. Тиісінше Абай іле-шала «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген өлеңін жазады. Мұхиттың суы бір тамшыдан-ақ білінеді. Сол сияқты бұл шығармаларда ескі мен жаңаша ақындық таласы атой салып тұр.

Қорыта айтқанда, Абай қазақ топырағына жаңаша құндылықтар жүйесі дәнін септі. Ағалы-інілі ақындар шарпысуы – екі ақындық жолдың бірін таңдаудың айнасы есепті. Шытырман түйінді тарқатуға ынта-пейіліміз содан. Ренессанстық тұлғамыз Абай ұлт поэзиясын қазақтың жоғын жоқтау, елдің мұңын мұңдауға салды. Нәтижесінде ақындық өнер «үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбекке» (Әуезов) айналды.

Абай, Шәкерім арасындағы тайталас көрігі қыза түскен. «Ақынның өмірін оның өмірбаянынан емес, өлең жолдарынан іздеу керек» депті бір білімпаз. «Маған өз шығармаларымен Абай көмекке келді» дегенді Мұхаң да айтқан болатын. демек, дәлел-дәйектерді ақындардың төл өлеңдерінен сүзіп алу амалы әрі қарай да жалғасын табады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 68 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: