20:35
Абайтануға айқындама

ЖАҢАШЫЛДЫҚ МАЙДАНЫНДА

Рухани кеңістікті тұтас қамту, әрине, қиын, ондағы ескі мен жаңаның таласына тек поэзия алаңы бойынша ой шолу жасасақ та жеткілікті. ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ әлінің түкпір-түкпіріне діни қисса, хикаяны жазу өрістеген, мәселен, Майлықожа, Мәделі, Ораз молда, Шәді төре, Мәулекей, Мақыш, Мәшһүр Жүсіп және т.б. Семей өңірінде Ақылбек Сабалұлы, Шәкерім, Көкбай, Әріп қай-қайсысы да «қиссашы ақын» атанды. Осынау жас поэзия тасқынын діни арнадан әлеуметтік арнаға бұру қажеттілік-тұғын.

Сол сияқты Ресей мұсылмандарының мәдени қозғалысы – жәдидизмнің әсері де жоққа шығарылмайды. Оның қос қыры: қараңғылыққа Батыс ғылымын қарсы қою және мәдени-рухани бастау ретінде ислам мен ұлтшылдықты негіз ету – Абайдың гуманистік идеясына жат емес-ті. Жаңашылдар мен қадымшылар арасындағы алғашқы келіспеушіліктер мектеп-медреселер төңірегінде бас көтерді. «Тәржіман» газетінің оқырманы Абай бұл әңгімеге де қанық болатын. 1890 жылдардың басында «Тәржіманның» таралымы 20 мың данаға жетті. Мұхтар Әуезов: «Тәржіман» газеті Абай кезінде қазақ сахарасына да көп тараушы еді», - деп атап өтеді.

Абай марқұм ескіге ермеуші еді,

Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.

Мысырдан төте жолмен оқу шықты,

Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді.

Көкбайдың осы шумағында біраз астар бар. «Мысыр» деп Қырым мен Қазандағы жаңаша оқуды уағыздаған жәдидизм орталықтарын меңзесе керек. Бірақ Абайға жәдидшілдер шешуші ықпал етті деп қорытынды жасауға асықпайық. Неге десеңіз, ақын шығармашылығында батыс әдебиеті сияқты жәдидизмнің де айшықты іздері жоқ. Абайдың өзінің ақыл-ой еңбегі олардан әлдеқайда қуатты, түбірлі екені байқалады. Ақынның жаңашыл реформаторлығы шала сауатты молда, имамдарға көзқарасы жөнімен де көзге ұрады.

Абай батыс-орыс әдебиетін табандата оқып, індете тексерді. Жаңаша бағытты таңдауына себепкер осы. Ескі ақындықтың «кемшілігін әр жерде-ақ көру» дәрежесіне көтерген және «өлең – ел мінезін түзеудің құралы» деген жаңа парадигмаға табан тіреткен міне осы жәйт.

Бұл ретте Абайдың 1888 жылғы «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңіне келейік. Ондағы:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, -

деген шумақтан бүгінгі ұрпақтың көңілі түкпірінде «Ескі ақындықты соншама сөгіп, жер қылғаны несі? Қайта отаршы саясатқа қарсы шыққаны үшін олар Абайдың құрметі мен қошеметіне бөленуі керек емес пе еді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Ақиқат мынау: «ескі жыраулық дәстүрден үйренейік, сонан үлгі алайық» дейтін Шәкерім сияқты албырт ақындарды ыңғайына көндіріп, жаңа жолға салу Абайға қиынға соққан. Өлеңді басқаға емес, адамның көкірек көзін ашып, мінезін түзейтін құрал ретінде жұмсау керек. Абайды жатса-тұрса толғандырған осы дара мақсат. Сол үшін поэзияны майдан алаңына айналдырып, үйреншікті дәстүрге аяусыз соққы беру керек болды. Міне, өзі ұстаз тұтқан үш жырауды «құрбан» қылу құпиясы осы арада. Бұл пайымды соңғы шумақтағы «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер» деген жол растап тұр.

Абай поэтикасының генезисі қазақтың қара өлеңінен тамыр тартады. Ал жыраулар мұрасы – Абай үшін мектеп, сөздік қорының қордасы болғаны хақ. Сол сияқты хан Абылайға исі қазақ сияқты Абай да «символ» деп қараған. Қазақтың елдігінің, қазақтығының символы. Жинақтап айтқанда, атақты ханның ақылшысы болған Бұқар жырауды, жалпы жыраулар поэзиясын Абай місе тұтпаған деген қате, ақылға сыймайтын пайым.

Бір қызығы, біз сөз етіп отырған мәселенің басын М.Әуезов сонау 1922 жылы «Шолпан» журналында жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында-ақ былай деп ашып береді: «Абай ол дәуірдің ақыны емес екендігін өз өлеңінде де айтып кеткен. Сондықтан өлеңді бастағанда, ескіліктің ақындарымен арбасудан бастайды. Рас, олармен ұрысу Абайдың хатасы шығар, өзін тапқан енесін тепкенге ұқсар-ау. Бірақ ол ұрысу ескіліктің бетін қанағаттанбай, жаңадан бет іздеудің белгісі болатын. сондықтан ол хатасы Абайға кешіріледі».

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 55 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: