09:36
Абайтануға айқындама

1888 ЖЫЛҒЫ КӨКТҰМА СЪЕЗІ

Неге екені белгісіз, 1888 жылғы Көктұма съезі зерттеушілер назарынан тасада қалып келді. Мәлімет те шамалы. Хал-қадіріміз жеткенше тоқталып көрмекпіз. Семей және Жетісу облыстары ортасында ұрлық, барымта, кісі құны, жер дауы, жесір дауы қордаланып қалады. Осыған байланысты Көктұма деген жерде екі облыстың болыс, билері бас қосқан төтенше (шербешнай) съезі өтеді. Оған Абай мен Оспан да қатысады.

Үш жыл бұрынғы Қарамола съезі мен мына Көктұма съезі арасында ұқсастық көп. Екеуі де шербешнай сияз. Абай екеуінде де жандарал қолдауына ие болып, басқосудың төбе биі сайланған.

Мұхаңа жүгінелік: «Жандарал Абайды танып алған соң амалсыз келіп шағымқор, шенқұмар, парашыл атқамінерлердің еш нәрсені шеше алмайтынын көреді. Ел арыздары шщешілмесе, кеңсеге тағы көп тілектер үйіледі. Сондайлардың себебімен Абайдың билігіне өзі мұқтаж боп, өзге ру басыларға кеп: «Сиязды жақсы өткізіңдер. Ұрыда ақылары кеткендердің ақысын толық әперіңдер. Сиязды жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар», - дейді.

Бұл Қарамола сиязына қарата айтылған сөз болғанымен де, Көктұма сиязы ахуалына айнытпай келеді. Әрхам Кәкітайұлы мына деректі береді: «Семейдің жандаралы Абайға ерекше хат жазады. Сол съезге барып, қазақ ортасына тыныштық тоқтам етіңіз дейді». Көктұма сиязы басталарда дәл Қарамоладағы сияқты Абай генерал-губернатормен бірге қонақтарға тіккен үйге барып, сұхбат құрады.

Сөйтіп, съезге Абай арнайы шақыртумен келгенін көреміз.

«Сиязда ел ішінің неше алуан ұлы-кішілі даулары шешіліп, түйін-түйнектері жазылады. Мұнда қай жолмен, қандай кесіктер айтылуы керек. Дау алуанына қарай заң, ереже тудырып, орамды әділ билік жасау керек», - дейді Мұхаң.

Елі үшін еңіреген Абайдың алқалы басқосудан кейін сүйінішті де күйінішті сезімдер араласқан толғаныста болғаны даусыз. Сүйінетіні – өзін жалпақ қазақ біледі, үміт артады екен. Күйінетіні – қазақ жаманшылыққа үйір, ал надандық түнегі қалың. Япыр-ай, бұлар қайтсе серпіледі деп қатты қапаланып қайтады.

Мысалға: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіп сіңірмегі үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсіьін тастап, кезегендікке салына ма?» (42-қарасөз), - деп ойын ақтарады Абай.

Бір сөзбен айтқанда, ұлы дүбір Көктұма сиязынан Абай исі қазаққа ортақ көптеген мәселелерге қанығып, өзін ұлтының сыншы ұстазы сапасында сезінеді.

Атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңі Қарамола сиязынан алған әсерінен дегенбіз. Көктұма сиязынан да соған ұқсас әсермен – ерекше жауапкершілікті сезініп қайтқан ғой, оның іздері кәне?

1889 жыл Абайдың өлеңді ең көп жазған уақыты. «Осы жыл Абайдың барлық ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болды», - дейді Мұхаң. Мұның сыры неде? Бұл Көктұма съезінің жаңғырығы, сонымен байланысты құбылыс десек, несі айып. Қалай болғанда да, өлеңдерінің дені «өз ортасының өзі көрген кемшілік-міндерін қатал сыншы, үлкен ұстаз тілімен шенеп, тексеру» (М.Әуезов) болуы осы ойға жетелейді. Айталық, әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңі алдыңғы «Қалың елім...» өлеңінен кейінгі айшықты асу. Екеуі екі съездің әсерінен сияқтанады.

Қорыта айтқанда, Көктұма съезі Абайды ұлт болашағына алаңдатқан, шығармашылығына соны серпін сыйлаған тарихи оқиғаның бірі.

Сөз соңы, қазаққа сын найзасын дәл Абайша ырғаған сыншы бұрын-соңды болған емес. Ол көкірегі жабық, надан адамды мейірім дегенді сезбейтін қатыгез, тасжүрек деп білді.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.

Көздің жасы, жүректің қаныменен

Ерітуге болмайды іште мұзын.

Көздің жасына да, жүректің қанына да іштегі мұзы ерімейтін болса, Абай сол қазақты жақсы көрген бе, өзі? Иә, жақсы көрген және алып жүректің барлық дәт-қуатымен жақсы көрген. Оңашаланып жапанды кезген, кейде дөңде отырған Абайды ауыл адамдары жиі көреді екен. Сол аулақта халық қамын ойлағанда «Қысылды жүрек, Ағызды сығып жасымды» (1889) немесе «Түсті мойын, Толды қойын, Ақты сел» (1890) десе, ақынның ұлтын сүйгеніне бұдан асқан дәлел бола ма? Сыншылдық пен сүйіспеншілік туыс ұғымдар, тегі. Ал сынды көтере білу – рухы биік халыққа тән кесектік.

Абай сыншылдығы... Ол қазақ мәдениетінің ғажайып құбылысы! Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов былайша толғайды: «Ұлы ақындардың орны тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты... Лев Толстой сияқты Абай да ескірген заманды, озбырлықты, шенқұмарлықты, патшалық құрылысты, ояз бен болысты, тоңмойын бітеу феодалдарды, оның тамағы тоқтықтан азып бара жатқан жастарын қатты сынға алады».

Бұл пікірді академик Рымғали Нұрғалиев былайша өостап, ой бөліседі: «Халқының бойындағы қаны сорғалаған жараларды аша отырып, ақын омырауы жасқа толса да, сай-сүйегі сырқыраса да, сесті, кекесінді күйінде қалады».

Мінеки, екі тұлға да Абайда ақындыққа қабаттаса сесті, кекесінді сыншылдық оянғанын атап көрсетіп отыр.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: