22:14
Абайтануға айқындама

САН ҚЫСПАҚТЫҢ ҚАМАУЫНДА

Абайдың 1885-1889 жылдар аралығына жазған 50-ден астам туындысының басым көпшілігі сыншылдық өлеңдер. Оларды таныстырып жатудың қажеті шамалы. Біздің міндет – ақынды сыншы еткен жағдаяттарды тексеру, түсіндіру. Сол шін Абайды Абай қылған қилы заманның қыры-сырын жақсы білу шарт. Өйткені сол дәуірдің жақсы-жаманы, күллі әлеуметтік дерттері Абайдың сана-сезімі мен жүрегі арқылы өтті.

Құнанбай, Абай өмір сүрген шырғалаң заманда қазақ майжіліктен қанжілік халге өтті. Ол қазақ тарихының айрықша ауыр кезеңі еді. Жер шарының неғұрлым көп бөлігін иемденуге тырысқан империя Орталық Азияны көктей өтіп, шығыс пен күнгейге тереңдей енуді көздеді. Сондай стратегиялық мақсаттың дәл өтінде тұрған қазақ елі болды. Басқадан айырылса да, одан айырылмау саясаты алғаш рет сол кезде бой көрсеткен-ді.

Отарлық бұғауға табиғат қыспағы қосылған. Қазақ даласы егіншілікке қолайсыз, егін бір жылы жақсы шықса, аспаннан бір тамшы тамбаған келесі жылы егін де, шөп те күйіп кетуі мүмкін. Қыста жаңбыр жауып, жер мұздақ боп қатып, жайылысы болмай қалғанды қазақ «жұт» дейді. Міне, төрт түлік мал осы апатқа ұрынып отырды. Шыңғыс елінің жылқысы қыста екі жаққа: бірі – Шыңғыстың сырты жайлауға, екінші бөлігі – бауырға салынған екен. Шежіреші Молдабек Жанболатов «Бауырда әр он жыл сайын жұт жүріп өткен» дейді. Жұт жылы шамасы келгендер жылқыны Ертіс дариясынан өткізіп, қарағай ішіне салған» дейді. 1840 жылдардан Тобықтының бір бөлігі Шыңғыстау аумағынан ауып, Ертістің оң жақ бетіндегі Белағаш өңірін мекендеді. Жер тарылды деген осы емес пе.

Қыстың суығын жайсыз үйде өткізген халық ауруға жақын тұрады. Бұл жайында М.Әуезов өзінің «Өліп-таусылу қаупі» атты мақаласында былайша жазады: «Қазақ қысқы қорасына, үйіне аз уақыттық баспана деп қарайды. ...Жаз шыққан соң көшіп кетеміз, шыдау керек дейді. Бірақ қыстауда 7-8 айдан кем отыратын қазақ жоқ. Сонша уақытта ылғи бұзылған ауаның ортасында, келетін қонақпен сығылысып, өмір сүрген адам ауруға жақын болмасқа шарасы жоқ». Бақсақ, ол заманда жарық, күйлі там соғуды қазақ іші әлі білмеген. Сәбилер көп шетінеген. Өліп-таусылу қаупі деген осы емес пе.

Дей тұрғанымызбен де, қыспақтың зоры табиғаттан емес, отаршылдық пен қараңғылық (надандық) тарапынан келді. Қазақты қос өкпеден қысқан екі әлеуметтік ауыртпалыққа жеке-жеке тоқталайық.

1868 жылғы заңында патшалық Ресей отаршылдықтың соңғы қамытын салып, жер менікі деп жария етті. Бірде әкесі Құнанбай: «Сенің мінің – орысшылсың», - дегенде, Абай: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз», - деп жауап қайырыпты. Жеңген елдің саясаты «бөліп ал да, билей бер» екені екібастан белгілі. Әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (1885 ж.) өлеңінде Абай бодан елдің кісісі «көрсе қызар келеді байлауы жоқ» дей келе:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, -

деп күңірене түйін түйеді.

Абай әкесі Құнанбайға (1885) да, інісі Оспанға (1891) да ас беріп, ат шаптырған жоқ. Неге? Құнанбай қайтыс болғанда Тобықты іші ғана емес, сырт ағайындар да Өскенбайға ас берілгені секілді балалары қажыға сауын айтып, үлкен ас берер деп дәме еткен еді. Бірақ келер жылы күткен ас берілмеді. Құнанбай ұрпағы осылай сынға қалды. Бұл түсініксіз жәйттің өзіндік сыры бар.

Соры қалың соққы жеген пышанамыз,

Қайтып суып, жалғаннан күсе аламыз.

Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,

Өмірі мақтаншаққа нысанамыз.

Абайдың өзін сынаған, мазалаған адамдарға берген жауабы бірінші жолда тұр. «Соры қалың» дегені жеке басына емес, бүкіл қазаққа айтқаны. Тұрағұл естелігінде «Дала уалаяты» деген газетке менің әкемді қажыға ас бермеді деп жамандап, біреулер «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп сынаған, сонда жазылған бір ауыз шумақ» дейді. Демек, өлең 1886 жылғы, ұзаса 1887 жылғы, өкінішке қарай, Абай жинақтарында 1896 жылғы делініп «адасып» жүр.

Бодандық қыспағы жайлы әңгімені абайтанушы философ Ғарифолла Есім айтқан пікірмен сабақтайық: «абайды тек ақын қылмай, ойшыл, гуманист дәрежесіне де көтерген жәйт бар. Ол қазақ халқының тұтас ел болудан қалған, отаршылдық жағдайы».

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 60 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: