19:10
Абайтануға айқындама

БОДАНДЫҚТЫҢ КЕСЕЛДЕРІ

Жер бетінде отаршылдық зардабын тартпаған елдер кемде-кем болғанымен, бір ғасырда осыншама көп реформаға ілініп, тоз-тоз болатындай тәлкекке ұшыраған қазақтай халық сирек шығар. Өйткені реформа атаулы дала тұрғындарының тарихи қалыптасқан мемлекеттігін қайтадан қалпына келтіре алмауын, оларды жер мен судың байырғы иелері құқынан біржола айыруды көздеп жасалды. Тілін, дінін, әдет-ғұрпын менсінбеуге, ата кәсібі мен тарихын ұмытуға, өзгенің тілі мен мәдениетіне бауыр басуға ынталандыратын әзәзіл ерекше мүттәімділікпен жүзеге асырылды.

Отыршыл саясатпен бетпе-бет келген, оның қыры-сырын терең білген адам Абайдай-ақ болар. Бірақ Абайда азаттық деп жалаулату, халықты күреске үндеу сарыны жоқ. Неге? осыған тоқталайық.

Адамзат көші өзінің даму соқпағымен жүреді. Абайға аян, оның сықырлаған арбасы адамзаттың емес, Тәңірінің «компасы» бойынша бет түзейді. Шалғай Шыңғыстау бектерінен жұмыр жер бетін қырандай қалт жібермей бақылаған сахара ойшылы ХІХ ғасырда оны мекендеген халықтардың жарым-жартысы отырланғанын оқып-білім отырды. Кавказда имам Шәміл, қазақ даласында хан Кенесары көтерілістерін (1837-1847 ж.ж.) ой елегінен өткізіп, бұл пәледен жалғыз-жарым елге құтылудың жоқтығын көре білді (Тәңірінің әділеттілік заңына сәйкес әлемдік отарлау жүйесі өз-өзінен күйреп түсті. Ақыры Қазақстан азаттығын алды).

Бодандық мызғымастай боп орнығып, болары болып қойғаннан кейін халықты босқа арандату еш бәһрә бермейді. Есе қайтарудың жолы бар ма? Бар. Абай ол жол – қараңғылықтан құтқару деп санады. Қараңғылық пен надандық бұғауындағы ел ешқашанда азаттық ала алмайды деп білді. Абайдың көкейкесті арманы – туған халқын ерікті, мәдениетті елдер санатына қосу болды. Сол үшін «мыңмен жалғыз алысты».

І Петр патша: «Мен Еуропаға терезе аштым» деп жар салған болатын. сол сияқты Абайдың орыс мәдениеті арқылы Батыс өркениетіне жол ашқаны шындық. ХІХ ғасырдың ортасында көшпенді тұрмыс өз әлеуетін толық сарқыды. Гәп сонда – егер қазақ халқы заман ағымына ілесе алмаса, онда Америка үндістері секілді тарих сахнасынан мүлде жоғалуға тиіс еді. Ойланайық. Жоғалған жөн бе, әлде мәдениет арқылы терезе теңестірген жөн бе?

Сөйтіп, Абайға ел-жұртына тәтті, бірақ іске аспайтын жасанды, құрғақ ұрандар тастау жат. Халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге бастайтын жолға сілтейді. Жаңағы «Абай «азаттық» деп неге атойламаған?» деген сұраққа берер жауабымыз осылар.

Бүгінгі өмірде тәуелсіздік таңы атты, қою қараңғылық сейілді. Бірақ қоғамды жегідей жеген, тіс ауруындай қақсаған бодандық кеселдері жойылды ма? Өкінішке қарай, жоқ. Тіл шұбарлығы, жемқорлық, ұрлық-қарлық, мінездің ұсақталуы өз-өзінен арыла қалмайтын кесел, дерттер екен. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады». Отырланған, бұзылған сана қайтсек сауығады? Ол үшін отарсыздандыру саясатын табанды түрде жүргізу қажеттігі сөзсіз.

Кеселдің ең үлкені қазақтардың өзі тілінде сөйлемейтіні болып отыр. Бір ретте арамызда абайдың «Орысша оқу керек», «Оның тілін біл» (25-сөз( дегені қате екен деп, ұлы ұстазға айып таққысы келетін азаматтар кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге қайыра оралайық. Айтылмыш өсиеттің мәнісі «кәсіпті меңгер, ғылымды бағындыр» деген мағынаға саяды. Егер неміс я жапон көрші елдер болса, Абай солардың тілін үйрен дер еді. Қазір тіріліп арамызға келсе, жастарға «ағылшын тілін үйрен» деуі бек мүмкін. Кезінде алаш арыстары Абай өсиетін қалтқысыз ұқты. Дәлелге Міржақып Дулатовтың: «Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман», - дегенін келтірсек те жеткілікті.

Сөйтіп, Абайдың «орысша үйрен» дегенді нақты жағдайға байланысты айтқаны талассыз ақиқат. Ол күнде қазіргідей қазақ тілін білмейтін, тек орысша шүлдірлейтін қазақтардың қаптап жүруі – үш ұйықтаса да ешкімнің түсіне кірмейтін, жаздың күні қар жауғаннан бетер мүлде тосын құбылыс-тұғын.

Қылышынан қан тамған 1930 жылдары көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеу еңбегінде Абайды қорғап шықты. Ол былай деп жазған еді: «Қазақ әдебиеті тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр. Ол – өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі». Ғалымның бұл пайымы көрегендік екеніне уақыттың өзі төреші.

Абай басқа емес, қазақты адамдық кейіпті сақтау, оны адалдық, әділдік жолдан тайдырмау міндетін арқалаған, сол үшін туған тұлғамыз. Мінеки, арамыздағы «Абай отаршыл өкіметке қызмет жасаған» дейтін кейбір азаматтар алдымен ұлы ақын осы атқарған құтқарушылық миссиясы жақсы танып-біліп алсын.

Қорыта келгенде, болу я болмаудың қыл көпірінде тұрған көшпелі қазаққа Абай сөзі, Абай идеясы құтқарушы рухани құдірет есепті. Заттық тығырыққа тірелген, рухани қуаңшылыққа ұрынған халық санасына көктемгі жылы жаңбырдай әсер етті.

Тек қазақ емес, күллі түркі әлемі һәмишә Орта Азия әдебиеттері ішінде Абай мұрасы теңдессіз үздік, өз дәрежесінде жалғыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 65 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: