20:56
Абайтануға айқындама

АҒАРТУШЫЛЫҚ АРНАСЫНДА

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», «Ойлаңшы, сыртын қойып, сөздің ішін» дейді Абай. Ғұлама ел түзелу үшін сөз түзелу шарт екендігін кәміл білді. Өйткені өз ұрпағын көзі ашық, көкірегі ояу, елді, жерді ойлайтын арлы, мәрт азамат етіп тәрбиелеу – әр ұлттың төл ісі. Бұл ретте Абай кінәні тек отыршылдық саясатқа, ал жаланы тек орысқа артудан аулақ. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» (1880 ж.) өлеңінде:

Ынсапсызға не керек,

Істің ақ пен қарасы.

Нан таппаймыз демейді,

Бүлінсе елдің арасы, -

деп, әділет пен адамдық тәрбиеде шаруасы шамалы ата-ананы түйрейді.

Орыс теріс айтпайды

Жаман бол деп оларды.

Қаны бұзық өзі ойлар

Қу менен сұм боларды, -

деп, санасыздыққа ұрынған жас ұрпаққа сын айтады. Олардың көкейін тескен «Я тілмаш, я адвокат» болсам деген ой. Ел қамы қайа?!

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Ар ойла және ғылымды азық қыл! Шыны сол, адам болу, адамдық қасиеттерді бойына сіңіру әр пенденің өз қолында. Егер талпынса, кім-кімге де оқу-білімнің есігі ашық. Халықты надандық тозағынан құтқару идеясы Абай мұрасын бас-аяғына көктей өтеді. Бұл, сірә да, кемел даналықтың, жалпақ тілмен айтқанда, Абайға Тәңіріден миссия жүктелгенінің белгісі.

Жазушы Мұзафар Әлімбаевтың: «Адамды қамқорлыққа, мейірбандыққа, қайырымдылыққа үндей білген, жалпы алғанда жан баласының жан дүниесінде жаңғырық тудырған поэзия – ғажайып құбылыс!» - дегеніне кім қарсы дау айта алады?

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Бір дәурен кемді күнге – юозбалалық», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» сияқты өлеңдерінде ақын жастарды бірде ащы тілмен сынайды, бірде ағалық ақылын айтады. Реті келіп тұрған соң, жаза кетелік, кейінгі аталған ұзақ өлеңнің соңғы алты шумағы өз алдына бөлек туынды. Өйткені алдыңғы шумақтар ақыл-кеңеске, ал соңғы алтауы сынға құрылған. Сондықтан алты шумақты «Пайда деп, мал деп туар ендігі жас» деген атпен бөлек жариялаған дұрыс тық болар еді.

Қайталап айтқанда, Абайдың ағартушылық ұстанымы – арлы, ойлы сөзімен қараңғы халықты жарыққа жетелеу, жас буынды ғылым мен прогресс жолына шығару болды. Бұрынғының жақсылығын, адамгершілік жағын қалдырып, жаман әдеттерден, надандық пен тоғышарлықтан, өмірдің мәні тек қана мал өсіру деген ұғымнан бас тартып, білімге, ғылымға бет бұру керек. Бұл керемет сөздер күшті идея еді. Абайдың ағартушылық жолы деген міне осы мағынаға саяды. Қараңғылық пен отарлық қос өкпеден қысқан қилы заман жағдайында ең керегі – сауатты, білімді болу идеясы болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді.

«Ағартушылық, - дейді Ғарифолла Есім «Хакім Абай» кітабында, - қоғам болмысының заңдылығы ретінде аңғарылатын мәдени қозғалыс, оның қозғаушы күші – ұлттық идея». Олай болса, ұлттық идея – ағартушылықтан жоғары баспалдақ.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 81 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: