20:34
Абайтануға айқындама

ҚАЖЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

Абайдың әкесі Құнанбайдың қазасы жайлы сөзіміз айтылмай қалып барады. Құнанбайды өз ұрпағы «тәте», Тобықты елі «мырза», Мекке сапарынан соң «қажы» деп атаған. Ол 1804 жылы туып, 1885 жылы күзеуінде 81 жасында қайтыс болды.

Шекесінде «құпия» делінген тарихи құжат мынау:

«Разрешив состоящему под надзором полиции в гор. Семипалатинске административно-ссыльному Нифонту Долгополову отпуск с 11 июня по 15 августа сего года, в аул киргиза Кунанбая Ускенбаева, Чингизской волости, для пользования кумысом, уведомляю об этом Ваше высокобалгородие для сведения и надлежащего распоряжения об учреждении за Долгополовым в означенной местности полицейского надзора». Подписал ген.-лейт. – Цеклинский».

Бірақ доктор Долгополов қалаға 15 тамызда емес, бес күн ертерек қайтады (оған құнекеңнің өлімі себепші болған). Белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметханов «Долгополов тек қана дем алу үшін емес, сонымен бірге Абаймен ақылдасып, музейдің этнография бөлімін қажетті экспонаттармен қамтамасыз ету мәселесімен барғанын» айтады. «Біз 1956 жылы Семей өлкетану музейінің азып-тозып жатқан архивінің ішінен «Губернский научный музей. Этнографический отдел» деп аталған кіріс журналын кездестірген едік, - дейді ғалым. – Журналда Абай мен Долгополов тапсырған заттардың да тізімі бар екен. Ол заттар: киіз үй, сырмақ, ыдыс-аяқ, асадал, кебеже, саба, құтылар, бесік, ұршықтар, т.б. Музыка аспаптары: қобыз, сыбызғы, домбыра. Тоғызқұмалақ, бақсының асасы, ең аяғы қара сабынға шейін бар». Ақын бедел сала жинаған бұл заттардың аман сақталғандары кеңес дәуірінде Абай музейіне табысталған.

Сөйтіп, Құнанбай өлген жыл, ай нақтылы. Жиреншин тапқан тағы бір рапортта Долгополовтың 1885 жылдың 10 тамызында «Семей қаласына қайтып келгені» мәлімделген.

Мұхтар Әуезов 1933 жылғы Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп жазғантұғын. Десе дегендей, Құнанбай туралы қанша айтсақ та, артықтық етпейді. Ол еуропалық саяхатшылар аузынан «Дала Цицероны» деген атақ алды. Ескі мен жаңаға бірдей жорға болды. Ел жақсылары мен патша әкімшілігіне сөзін бірдей өткізе білді. Бұдан бөлек, Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту, т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өз айналасына жақсы жерден қыз алу, араағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті. Қысқасы, Ырғызбайлар жалы күдірейген көшелі елге айналса, ол да Құнекеңнің арқасы.

Бір сөзбен айтқанда, Құнанбай жолынан жүк қалдырмас қоңыраулы қара нардай Тобықты көшін бастаған қайраткер тұлға ретінде тарихта қалды. Бұдан да маңыздысы, ол Абайдай перзентті туғызған, баулыған асыл әке болды.

Қажы Абайға «ата салтынан адаспа, балам» деп ескертіп отырған. Елдің есінде қалғаны Абайға таққан мына үш түрлі міні: «Ең әуелі – сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», - депті. Оған Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін... Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын», - депті.

«Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, - деп жазады әдебиетші ғалым Серік Қирабаев, - тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі болған». (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 97 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: