14:27
Абайтануға айқындама

АБАЙ ҚАЙ ЖЫЛДАРЫ БИ БОЛҒАН?

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді халық даналығы.

Абайдың туысы Шәкәрімді жазаға тартуы осының бір айғағы. Шәкәрім ноғай ауылының қызы, келешек жары Айғанша сұлуды рұқсатсыз алып қашқанда, Абай інісіне ноғай ауылына ондаған түйе, екі үйір жылқы айыппұл төлеуге кесім айтады. Шәкәрім: «Апырай, ағатай, мынау бір кісінің құны ғой, мен кісі өлтіргенім жоқ қой» дегеніне қарамастан, төлеуге мәжбүр етіпті. Бұл қатарлы мысалдар көп-ақ. Академик заңгер Салық Зимановтың білуінше «Абай 60 шақты билік айтқан».

Би – болыстың тірегі. Ол – үкім шығаратын сот. Жаңа аты аталған академик С.Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» еңбегінде: «Би, ең алдымен, сот (судья). Бидің өзі де, билігі де түп-тамыры халық тарихына байланысты. Сол себепті ол беделді, дәстүрлі билік қатарында болды», - деп жазады.

Әр старшыннан бір би деген есеппен келгенде, Тобықты ішінде дау-дамайға араласып, билік айтатындар саны 60 шақты адамға жеткен. Соның ішінде сақ-тоғалақ Абыралы,жігітек Бейсенбі, есболат Оразбай, көтібақ Жиренше, бөкенші Күнту, жуантаяқ Байғұлақ, топай Байділда Абаймен қатарлас шыққан атақты билер еді.

Бірақ қазақ даласына орыс шенеуніктері әкелген пара алу дерті билерге де жұға бастаған ғой. «Абай жолында» М.Әуезов бұл жәйтті Абай мен досы Ерболдың сұхбаты арқылы әшкерелейді.

«- Билер ше? Бидің бәрі жемтіктес пе?

- Бидің көбін барлай алмадым. Бірақ олардың да жатқанында шек-шүбә жоқ. Өзің ойласаңшы, Керей – Тобықтының, Сыбан – Тобықтының, Бура – Тобықтының дауы болса, оны әуелі болыстар арқылы айтысады. Биге болыстар айдап беретін болса, сол болыс алдын ала ым-жымды өзі жайлайды. Биге бергенде жең ұшынан жалғасып, «анаған кессең аламыз», «мынаның кінә-сұмдығын кешсең аламыз» демей отыр ма№ сүйтіп, болыстың да парасы биліктен келеді. Содан түседі. Ал билік би аузымен айтылады. Аузымен адалдықты айтам деп ас жемей, әулиелік істеп отыратын біздің Жиренше, Әбділда, Оразбайлар ма?

- Өй, шыныңды айтшы, Жиренше мен Оразбай да жей ме?

- Бәлі, ол не дегенің?!

- Бір кезде ел сөзіне сол екеуінің араласуына менің өзім себепші болып едім. Кісілік абыройды ерте алып, екеуі де қатты малданды деп естимін. Тым құрыса, арам жемесе несі кетер еді! Әлде сенікі тағы жеміт болса, онда кімің қалды? – деп Абай үлкен бір дағдарыс ойға тірелгендей. Өзінен-өзі сұрағандай бір сөзді айтты да, ары қарай әңгімелеспеді».

Мұхаң осылайша билердің дені қара қылды қақ жарған әділ қазы бола алмағанын аңдатады.

Айтпақшы, «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінде:

Сүйкімі жоқ құр масыл би,

Сүйретіліп өтер сол, -

деумін Абай жеміт (пара алғыш), сол себепті елге масыл, сүйкімсіз билерді түйреп өтеді. Сол сияқты ғақлия сөзінде «би» деген атаққа сай болудың шарты ауыр екенін атап көрсетеді:

«Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» (3-сөз).

Руаралық дауларда абақ керейдің Бегеш биі мен Абай қатар отырып, даулы істерді бірігіп шешетін бопты. Билікте әуелгі сөз жасы үлкен Бегешке беріліп, Абай оны өзгеріссіз мақұлдайды екен. Бірде тобықтының бірі: «Абай, Бегештің сенің алдыңа түсіп кететіні несі?» - депті. Осы сөз көңілінде қалған Абай тағы бір бас қосуда: «Беке, осы Сіз неге үнемі менен бұрын сөйлеуге асығасыз?» деген екен. Сонда Бегеш би іркілместен: «Абайжан-ау, мен қателессем, қасымда түзеп жіберетін сен барсың, ал сен қателессең, кім түзей алады? Сенен бұрын сөйлеуге асығатыным сол емес пе?» - депті.

Бұған дейін келтірілген дәйек-мысалдар Абай ақындығынан бөлек, шешендігімен, даналығымен тағы басқа жеке бастарының қасиеттерімен халыққа танымал болғанының айғағы. Әйтсе де 1890 жылдары би болудан, жалпы әкімшілік жүйеден суынады. Өйткені есесі кетіп жатқан елінің жоғын жоқтауға күш салған еңбегі зая кеткеніне көзі жетеді. Қандастары қызғанышпен, отыршыл ұлықтар сенімсіздікпен қарады.

Жау қожаңдап бұртиып,

Дос құбылып, әуре етер.

Кімі тентек, кімде айып,

Тексере алмай өмір өтер. (1889 ж.)

Ел жұмысынан қажыған, суынған, онан алыстай түскен жайын ақынның өзі осылайша түсіндіріп береді. Қалған жиырма жыл ғұмырын тек қана оқып білуге, тек қана шығармашылыққа жұмсау керек деп шешті.

Шыны сол, Абайдың поэзиясы халық өмірінен нәр алды, ел мүддесімен біте қайнасты. Оның биліктегі қызметін жақсы танып-білудің қажеттігі содан туады.

«Төбе би Абай» тақырыбын тиянақтауға М.Әуезовтің мынадай пікірі сұранып тұр: «Жоғарыда біз... көбінесе партиямен алыс-тартысты айттық. Бірақ соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінің ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керек. Қарамолада бірнеше дуан елдің бас қосқан шербешнай съезіне төбе би болғаны сияқты Жетісу мен Семей облыстарының бас қосқан шербешнай съезіне Абай тағы да төбе би болған. Мұндай жерде Абайдың білімі мен жүйріктігіне, әділ, кемел билігіне талай рет көзі жеткен ел іштей жау болып, дос болып жүрсе де, Абайдың төбе басы болуына еш уақытта қарсылық көрсетпеген».

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 80 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: