19:32
Абайтануға айқындама

АҚЫНДЫҚТЫҢ БАСЫ ҚАЙ ЖЫЛ?

Ақындық қабілет бір күнде бүршік жарып, я болмаса бір сәтте бұрқ етіп пайда болмайды. Абай тумысынан ақын. Біздікі ақындық өнер жолына құлай берілген шағын анықтау ғана.

М.Әуезов өзінің «Абайдың туысы мен өмірі» деген зерттеу еңбегінде: «Сонымен 1884-1886 жылдардан бері қарай Абайдың ақындығы басталады», - деп атап көрсетеді. Демек, Мұхаң Абай өлеңге шындап кіріскен уақытты жақсы білген. Бірақ «айы, жылы мынау» деп нақты атамаған. Себебі ит үстінен құс ұшырған заман мұрсат бермеді, онан бөлек архивтік айғақтардың цензура қолында, жабық болуы кесірін тигізді.

«қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі Қарамола сиязы әсерінен туылған деен болжам айттық. Енді осы пікірді растайтын мысал-дәйектерді назарларыңызға ұсынбақпыз.

Әуелі «Абай жолынан» бір үзінді: «Абай Қарамолаға көп жолдас еріткен жоқ. Қасына алғаны Ербол мен Көкбай, Баймағамбет. Жастардан: Мағаш, Дәрмен (яғни Шәкерім) ерді». Абай мен үзеңгі серіктеріне жолдан қарт ақын Байкөкше Балғынбайұлы (1813-1892) да қосылған еді. Бұл топ жолшыбай «Уақтың Байқадам-Сапақ дейтін ауылына қонып» (Әрхам), таңертең Қарамолаға қарай бет түзеген. Жолаушының бірі: «Бәке, жол қысқарсын бір әңгіме бастаңыз» дегенде Байкөкше Абайға қарап тұрып: «Бүгін түс көрдім», - деп ұзақ өлеңін айтады.

Абайжан бір түс көрдім бүгін түнде,

Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде.

Үстіңде ақ киімің, боз атың бар,

Аспандап шағылыстың барып Күнге.

Осылай басталатын ұзақ толғаудың «Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде» деген жолында маңызды факті бой көрсетеді. Бұл жерде қарт ақын Абайдың ақындық өнеріне таңырқанған дейміз. Неге десеңіз, Тобықты жұртын жалғыз шешендік өнермен таң қалдыру, мойындату қиын. Тұрағұл өзінің белгілі естелігінде әкем Абай 1884 жылы жеті өлеңін жазды деп көрсетеді. Олар. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» және «Сабырсыз, арсыз, еріншек» - бәрі де кісіге ақыл-ой саларлық, өнегелі өлеңдер. Бұларды Байкөкше Қарамола съезіне дейін-ақ естіп-білген. Бәкең өзі ақын, Абайдың ақын ретінде өсуіне қанық, оған Құдайдан құт дарығанын білетін ділмар кісі. Сондықтан да Құнанбайдың ақын ұлын, өрдегі Абайды танып үлгерген!

Қорыта айтқанда, 1884 жылғы қырсықты сайлаудан кейін, «достан, елден түңіліп, соққы жегендіктен» әкем жоғарыда аталған өлеңдерді жазды деген Тұрағұлдың дерегіне мән бере қарайтын уақыт жетті. Жаңағы Байкөкшенің толғауы да осыны растап отыр.

Бұл жанама дәлеліміз, енді негізгі дәйектерге ауысалық.

Жас доктор Долгополов Семейге жер ауып келген, өкіметтің қырағы бақылауындағы жан. Оған қатысты құжатты абайтанушы Әбіш Жиреншин 1950 жылдардың соңында айналымға енгізді. Ол құжатта «Нифонт Долгополов Абай ауылында 1885 жылдың 11 маусымынан 15 тамызға дейін ем-дом алуға рұқсат алды» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Гәп сонда, бұл Қарамола сиязы енді ғана аяқталып, ол туралы гу-гу әңгіме туған шақ.

Енді Абайдың «Жаз» өлеңі жайын көкбайдан естиік: «1880 жылдан бастап, 1886 жылға шекті Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. ...Осы хал (өлең жазумен әуестену) 1886 жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. ...Осы жылы Абай ауылында доктор Долгополов қонақ болды. Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сол күні «Жаздыгүні шілде болғанданы» жазған екен. ...Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады».

Көріп отырсыздар, Көкбай Долгополов қонақ болған жылды «1886 жыл» деп бір жылға ілгерілетіп алған (осы қате тұрағұл естелігінде қайталанған). Шындығында оқиға 1885 жылғы екенін ресми құжат бұлжытпай растайды.

Сөйтіп, Абай өлең жазуға «Жаз» өлеңіне дейін-ақ кіріскенін Мұхаң да, Көкбай да айтып отыр. Ал Көкеңнің «осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады» дегені тау селіндей ақындық шабытқа Қарамола съезі түрткі деген болжамды нықтай түседі. Сол жолы Абай «сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын деді», - дейді Көкбай. Бұл, әрине, ақындық жолға құлай берілген адамның шешімі. Бірақ Абайдың ақындық қуанышы «Жаз» өлеңіне ме, әлде атақты «Қалың елім, қазағыма» өлеңіне қатысты ма? Ойласайық. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 93 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: