12:28
Абайтануға айқындама

1885 ЖЫЛҒЫ ҚАРАМОЛА СЪЕЗІ

Ұлы адамдар өмір сүрген я қызмет қылған жерлер қастерлі, оларға белгі қойылады. Бұл әлемдік тәжірибеде орныққан салт. Мысалы, Вена қаласында әйгілі композитор Бетховен пәтерде тұрғаны жайлы отызға тарта үйде тақта бар екен. Орыс халқы да қалысар емес – Пушкин, Толстой сынды тұлғалары болған жерлерді бүге-шігесіне дейін зерттеп, ескерткіштер қоюда. Соның бірі – қазақтың Орал қаласына Пушкиннің келіп-кеткені жайлы ескерткіш-тақта орнатылды.

Қарамола... Міне, 1885 жылы ұлы Абай болған, болған дейміз-ау, атақты билер ережесін дүниеге әкелген жер осы. Демек, оның келешекте тарихи орынға айналуы, туристік бағдарларға енуі күн тәртібіндегі мәселе. Ол Ереже ғана емес, шайырдың ақындық шабыты тау селіндей тасқындауына түрткі киелі мекен. Қалайша, қайтіп?

Ол Қарамола семейден 70 шақырым, Шар өзенінің бойында. Ұсақ төбешікті кең далада екі су қатар ағады: Шар және Қызылсу өзендері. Қызық. «Шар» деген не сөз? ХІІ ғасыр жазбаларында «қыпшақ» атауы «шары (сары)» түрінде кездеседі. Пәлі, «Шар» дегеніміз сол «Шары» сөзі болмасын. Көне қазақтар қос өзенді Сарысу және Қызылсу деп ажыратқан сыңайлы. Сөйтіп, Шарысу атауы келе-келе «Шар» деен қысқа түрге айналғанға ұқсайды.

Енді Қарамола топониміне келейік. Қазақ ескі әлемнің адастырмас картасы, компасы әрі шекарасы – мола болғаны мәлім. Әлем әміршісі Шыңғысхан құрған көшпелі империя астанасы «Қарақорым» аталған (мола мен қорым түбінде бір сөз). Сонымен Қарамола атауы киелі мекен, көне орын, қара жұрт деген мағынаға саяды. Сол себепті тоғыз жолдың торабы – Қарамолада екі мәрте (маусым және қазан айларында) жәрмеңке жұмыс жасаған.

(Сенсеңіз, жәрмеңке тарихы есте жоқ ескі мезгілге, сонау Қимақ-қыпшақ қағанаты дәуіріне кетеді-дүр. Киіз туырлықты көшпелі халықтың қан базарында мал, жүн, теріден бөлек, мата, шай, былғары, ыдыс-аяқ сияқты заттар саудаға түскен. Масатыдай құлпырған Шары өзені жағасына тіккен көп үйлер, байлаған бие, түрлі ойын-сауық, топанған халық жәрмеңке сәнін келтірген. Қарқаралы жеріндегі атақты Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылдан 1930 жылға дейін жұмыс істегені аян. Ал оған дейінгі Арқаның атақтысы осы Қарамола жәрмеңкесі болғаны хақ. Сауда керуені Сібірден, Қытайдан және қазақ даласының түкпір-түкпірінен жәрмеңкеге бет түзеген ғой. Лажымыз не, сол ертегідей алыс шақтан бүгінгі бізге тек қана қазақтың «Бұл бас нені көрмеген дейсің, Қызылсу-Шарды да көрген» деген сөзі ғана жетіп отыр...)

Сөйтіп, төтенше (шербешнай) съезге басқа емес, Қарамоланың таңдалуы ақ патша шенеуніктерінің мәртебелі әрі қолайлы жерлерді жете зерттеп, жақсы білгенін байқатады.

«1885 жылы, - деп жазады М.Әуезов, - Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің, ол күндегі әдет бойынша, бас қосатын шербешнай (чрезвычайный) сиезі болады. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздерін іштей ниетте, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. ...Шербешнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілерді барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады».

Сиездің (сияздың) Абайға қаншалықты маңызды болғаны осыдан-ақ түсінікті. Төтенше съезде бес дуанның (Зайсан, Өскемен, Кереку, Қарқаралы және Семей) болыс, билері мен генерал-губернатор (қазақтар оны «жандарал» деген) Цеклинский бастатқан патша шенеуніктері бас қосты.

Алайда «Абайды жазалайтын қаттылықты күткен» күпілдектердің үміті ақталмай, жағдай керісінше қалыптасқан. Жандарал ел кісілерін жағалай жүріп, Абайға келгенде: «Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?» - депті. Абай: «Мен», - дейді. «Неге партия қыласың?» дегенде: «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүния түгел партия, тіршілікте бәрі алыс-тартыспен өтеді», - дейді.

«Сені ел неге көп жамандайды?» десе, «Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан адам жаман атты болмай тұрмайды», - депті.

Осы сөздерден кейін жандарал абайды өзіне тіккен үйге ертіп әкеліп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Сұхбат, мәжілістен кейін: «Съезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер, съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңыздар», - деп, өзі абайды шербешнайдың төбе биі қылып, қайтып кетеді», - деп жазады Мұхаң. Бұдан асқан сәттілік бола ма? Сол күндері халық Абайды «төбе би», «әділ би» деп төбесіне көтереді. Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би, болыстарға арналған Ережені Абай айналасы 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы – болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды. «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе әйел правосын жақтады, - дейді қазақтың көрнекті ғалымы Әуелбек Қоңыратбаев. – Сол үшін Абай көзінің тірісінде-ақ «әділ би» атанған. «Ереженің» заң қатарлы мәні болды».

Қорыта айтқанда, «Ереженің» жазылуы Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы болды. Төбе би сайланған әрі Ереже иесі Абай өзін ерекше сезініп, ауылына зор әсерге бөленіп қайтады. Ең бастысы, қаймана қазақтың көсемі болудың жауапкершілігін алғаш рет жан-жүрегімен сезінеді.

Ұлы өмірдің әр сәтін қалт жібермей қадағалаған М.Әуезов: «Осыны сезуінің арты қазақ елінің барлық салт-сана, әдет қалпына сын көзімен қарауды туғызды. Бүгінгі ел жайына, ел ортасындағы өз жайына болса да қанағат қылмайтын, заманынан озған ойларды ойлата бастайды», - деп қорытады.

Осымен негізгі мәселемізге ойысалық. Біздің міндет – Қарамола сиязы мен Абайдың атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі арасындағы тығыз байланысты айшықтау. Мұхаң жаңаы сөзінде ақынды қояр да қоймай шығармашылыққа жетелеген бұла күшті тап басып айтқан. Бірақ «әйгілі әлеуметтік өлең алқалы басқосудан бастау алады» деген мәселе ешқашан да зерттелген я қарастырылған емес. неге? оған аталмыш өлеңнің Абайдың тұңғыш жинағында 1885 жыл емес, «1886 жылғы» деп қате белгіленіп кеткендігі себепкер болған. Шын мәнінде, шығарма сиязда іле-шала жазылған.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 126 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: