21:48
Абайтануға айқындама

1884 ЖЫЛҒЫ ҚЫРСЫҚТЫ САЙЛАУ

«1884 жылы жаз айында, ел жайлауға шыққанда Абай ағам ауылына Гросс келді, ол кісінің мамандық қызметі халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеу екен», - дейді Кәкітай Ысқақұлы.

Абай Гроссты өзі ертіп жүріп, оның ішінде Тобықты елінің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырады. «одан кейін, - дейді Кәкітай, - Тобықтыға көрші Керей Қожакелді, Малдыбай, Матақ дейтін елді аралатып кел деп, Гроссқа Мағауия екеумізді қосып берді. оның себебі ол Керей елінің салты біздің Тобықты елінен өзгерек екен».

Мұқыр болысының қырсықты сайлауы сол Гросс қонақта жүрен қарсаңда өтіпті. Осынау 1884 жылдың додалы уақиғасына арнайы тоқталған жөн. Өйткені ол Абайдың сезімтал жүрегіне жара салып, шығармашылығында із қалдырды. Қалайша, қайтіп? Кез-кезімен әңгімелейік.

Ырғызбай руының үлкен-кішісі кезінде Құнанбайды қалай пана көрсе, енді Абайды «мықты сүйенішім» деп білді. Өз кезегінде Абай да Ырғызбайды өз елі санап, ақыл-кеңесін соларға айтып, жеткізуге тырысып бақты. Бірақ бұл нәтижесіз әрекет еді. Әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ, -

деген күйзелісі өмірінің сол кезеңінен белгі береді.

Шыңғыстың қолтығы мен Бауырдың шұрайлы қорығын иеленген Ырғызбай ауылдары жазда Кең қоныс деп аталған кең алқапқа жетіп, көшті доғаратын. Әлбетте, жері молдың – жаны мол. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Осы көне дәстүр – полигамиялық (көп әйел алушылық) неке Ырғызбай ұрпағына жұғысты болған. Міне, Абайдың «ағайын бек көп» деуі осы жәйтті де растайды.

Сөйтіп, Ырғызбай руы тез молайып, ауылдар саны 30-40, жан саны 4 старшынға жетіпті.

Құдандауи, байлық пен мансап буына матсанған ру адамдарында «ырғызбайлық» - жуандық мінез пайда болған. Сылдыр шатпақ, бәлдір батпақты айтып кеткендер бар. «Абай жолында» Ырғызбайдың көпшілігі ба қосқан жиында айтқан Зере әже былай демей ме: «Бірі – қырт, бірі – дарақы мақтаншақ, бірі – ұрда-жық даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді» («Өрде» тарауы). Бұл Мұхаң зерттеу еңбегінде де айтқан жайт: «Бірақ Ырғызбай руының болысы да, болыс емесі де түгелімен бақ, мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз тентектік молаяды. Осымен ел ортасындағы жалпы наразылық күшейеді».

Сайып келгенде, Абайға қарсылық ойлайтын кісілердің тобын көбейткен осы наразылық. Оған Құнанбай ұрпағының билікті уысынан ешқашан да шығармағанын қосыңыз. Ол аздай, енді аужар мінезді, тентек Оспанды болыс қоймақшы. Әділетсіздік пе – әділетсіздік.

Оспан «Мен болыс болсам қайтеді» дегенінде, басы Абай болып, туыстары оған «жоқ» дей алмапты. Осымен атқамінер топтың көктен іздегені жерден табылған: олар өзара бас біріктіреді, ең жаманы, абайға Ербол, Жиренше, Әкімқожа сияқты достарын қарсы қояды. М.Әуезов: «Төрт старшын Жігітектің басы – Бейсенбі, Есболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Күнту, Жуантаяқтан Байғұлақ, Топайдан Байділда бар» деп қарсы топты атап өтеді. Ақыры, 1884 жылғы сайлауда Оспан емес, оның орнына күтпеген жерден Бөкенші Күнту болыс сайланған. Абайға ауыр тигені – Оспанның өтпей қалғандығы емес, дос-жарандарының қарсы топтан табылуы болған. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 89 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: