09:33
Абайтануға айқындама

ЕКІ ЖАҚҚА ҮҢІЛГЕНДЕ

Еуропаның нақлияға жүйрік ғалымдарын Абай тұшынып оқыды. Сонда нені үйренді, қандай сабақтар алды? Абай шығармашылығында ойып орын алған қандай Батыстық белгідер бар? Төменде осыны сөз етеміз.

Еуропа ақыл-ойының бір ерекшелігі – дүние һәм қоғам құбылыстарын зерттеген ғалымдар тек ғылыми негізгі сүйенді. Екіншіден, ми кептіретін пайымдауларға толы болды. Он сегіз мың ғаламды Тәңірісіз түсіндірудің салдары бұл. Рух білгірі Абайды Батыстың танымына табындыра алмаған, бәлкім, онан шошытқан бірден-бір жәйт осы дейміз.

Енді мынаған қараңыз: Абайдың жер ауып келген орыс достары, революционер-демократтар (Чернышевский, Белинский, Добролюбов, т.б.) таптық күреске шақырған ұстын идеяларды басына көтерді. Абай ше? Жоқ, жұртқа керемет болып көрінген идеяларға қаны қызған емес. өйткені ақын санасында басқаша танымның іргесі берік қаланып қойған болатын. бала шағынан мұсылмандық ілімнен ауызданған Абайда фитнә (бүлікшілдік) мен құдайсыздыққа қарсы «иммунитет» күшті еді.

Жеткізбек ойымыз түсінікті болуы үшін М.Әуезовке жүгінелік. Жазушы «Абай жолында» Абай мен Михайлов (прототип – Михаэлис) арасында болған сұхбатты келтіреді. «Абай: - Тарихта біз ислам тарихын медресе дәрісі түрінде емес, жай өздігімізден түртініп оқығанымыз бар, - дейді. Михайлов бұл сөзге күлді де: - Ендеше мен сізге айтайын, исламға байланысты шығыс туралы, Абайды хайран еткен, қызық жаңалықты айтып кетті. Ислам, араб өнері, жалпы дүние жзінің ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемістерін берген. Ескі антик өнері мен Еуропаның беріде келіп шыққан Ояну дәуірінің арасында жатқан бірнеше жүз жылдар меңіреулігі бар. ...Әрідегі Сократ, платон, Аристотель мирастарын бүгінгі өнерлі халықтар қауымына өзінше өсіріп кеп жеткізушілер шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескертті» («Еңісте» тарауы).

Мұхаң Михайловтың аузына салған сөздерде астар бар. Бақсақ, Абайда исламдық Шығыс айқын басым деген пікір айрықша ат ойнатып тұр. Ал «шығыстан шыққан данышпандар» деп әл-Фараби, әл-Ғазали сынды ойшыл ғұламаларды меңзеген.

Әзелде Абай еуропа ғалымдары мен шығыстың данышпандарын қатар оқып-тоқыған. «Сегіз аяқ» өлеңінде:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім, -

дегені Батыс пен Шығысты тел емдік дегені болады.

Абай нәр алған Шығыс қайнары дегенде бірінші кезекте Еділ бойының татары, реформатор тұлға Шаһабуддин Маржаниді (1818-1885) айтпаса болмайтын сияқты. Ғалымның орыс тілінде жарияланған «Бұлғар мемлекеті мен Қазан хандығының тарихы» атты кітабы кең таралған. Ал мұсылман елдеріне ұзақ сапар шегіп, соның қорытындысы ретінде жазған «Уафит әл-асәләф» («Өткен бабалар өмірінен») деген әйгілі жеті томдық кітабын Абай оқыған ба? Ғалым Тұрсын Жұртбай «жеті томдық абайдың жата-жастана оқитын кітабы болған» деп дерек береді. Олай болса, көп мәселенің беті ашылар еді. Өйткені Маржаниге әл-Фараби, ибн Сина, ибн Араби, Юсуф Қарабағи, имам Ғазали, сопы Аллаяр, Ғұламаһи Дауанидің еңбектері жақсы таныс болған, мұны жәдидизм қозғалысын зерттеушілер бірауыздан бекітеді. Демек, Шығыс қайнарын іздеген Абайдың, оны Маржани еңбектері арқылы табуы әбден мүмкін.

Жасалған шағын шолуымыз Батыс пен Шығысты тел емген әрі салыстыра оқыған Абай бейесін көруге жеткілікті сияқты.

Еуропа ақыл-ойының даму тарихын, онан бөлек, батыс оқымыстылары еңбектерін тексерген уақыты Абай үшін зая кетпегені сөзсіз. Ойшыл ақын Батыс жағалаудан жиған, малданған тиянақтар баршылық. Ғылым барша жақсылықтың бастауы һәм қоғам дамуының қозғаушы күші. Абай оқыған Батыс білімдарларының еңбектерін көктей өтетін тезис, парадигма осытұғын. Еуропаның мәдениеті мен өркениетіне үлкен ықпал еткен келесі идея – бұрыннан қалыптасқан қасаң догматтарды жоққа шығару, яғни сыншылдық идеясы болды. Мысалға неміс философы Иммануил Кант (1724-1804) өзінің «Таза ақылға сын» және «Ақылға қонымды дін» сияқты әйгілі еңбектерінде ескірген ой жүйесін сынға ала отырып, жаңа категориялар мен соны көзқарастарға жол ашқанын айтсақ да жеткілікті. Осы қатарлы озық ой-пайымдар Абайға Батыс жақтан жетті десек дұрыстық.

Философ Герберт Спенсер бұған дейін аты аталған еңбегінде немістің ұлы ақыны Гете жайлы: «Гетенің бойында ақындық пен ғалымдық тең дәрежеде болғаны оның өмірімен таныс кім-кімге де аян. Демек, ғылым поэзияны төмендетпейді, тек асқақтатады», - деп жазады. Бұл ғалым Абайға да әділетті пікір. Абай үнемі уақытын үнемдеп, асығып өмір сүрген адам. Семейге келгенде табалдырығын асыға аттап, уақытпен санаспай отыратын жалғыз мекен – қалалық кітапхана еді. Ойшылдың онда өткізген әр сағаты қазақ мәдениетін өлшеусіз байытты. Семей қаласындағы қазіргі Абай атындағы көне кітапхана еліміздегі күллі кітапханалардың анасы болды.

Сонымен, 1878-1884 жылдар арасында Абай ақындық дарынын ғалымдық кемелдікпен үстеді. Қазақтың анық соры – қараңғылық тозағы, сол үшін мәдени-ағартушылықты өрістету қажет. Міне, «екі жаққа үңілген» Абай осы байламға табан тіреген еді. «Халықты ағарту, білім тарату ісін Абай, - деп жазады әдебиетші ғалым Зәки Ахметов, - адамдарды әлеуметтік кеселден азат етудің қуатты құралы деп түсінеді. Ол надандыққа, теріс, кертартпа ықпалға қарсы тұра алатын, оқыған, біліммен қаруланған адамды құрметтеу керек деп санайды. Ақылды, парасатты адамның идеал бейнесін ұсына отырып, Абай оған жақсылықты жамандықтан ажырата білмейтін, ағыммен ілесіп жүре беруге бейімделген надан, қараңғы адамды қарсы қояды».

Бұл пайым дәлеліне әзірге Абайдың шамасы 1880 жылдардың басында жазылған «Интернатта оқып жүр» және «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңдерін атасақ та жеткілікті.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 114 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: