15:38
Абайтануға айқындама

ӘЙГЕРІМГЕ ҮЙЛЕНУІ

Он жылдан кейін, 1886 жылы, Әйгерім Абайдың шешімі бойынша Бөріліге іргелес Аралтөбеге көшеді. Неге? өйткені Әуез бастатқан Қожа ауылы бұрынғы отырған қыстауы Қызылшоқыдан (Шыңғыстаудың ішінде) Бөріліге көшеді. Ақылбайды бауырына салған Нұрғанымды паналап және Абайдың рұқсаты бойынша. Өстіп, үш қоныс та (Бөрілі, Аралтөбе, Тышқан) Абайға тиесілі және бір аумақты құраған еді. Ол Тобықты елінің Ертіс дарияға, Семей қаласына ең жақын шекарасы. Сондықтан Абайдың Аралтөбені игеруі таяу келешекте қалаға жиі қатынап, көп кітаптар таситынын көре білген керемет сәттілік болды! Ақын талай шығармаларын Ақшоқы мен Аралтөбеде дүниеге келді, сондай-ақ қыс айларында Абайдың дос-жарандары мен Көкбай, Мұқа, Ақылбай, Мағауия бастатқан шәкірттері осы ауылдарда жиі бас қосты.

Абайдың шақыртуымен келген құрметті қонақтың бірі – Арқаның атақты әншісі Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) болған. Қоянды жәрмеңсесіне қатысу және қазақ даласының түкпір-түкпіріне сапар шегу – сал-серінің салты.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән менен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, -

дейтін Абай Біржан салдан көп ән үйренеді және Әйгерімге Біржанның әндерін үйретеді. Бұл «Абай жолынан» аян жәйт.

Бұған дейін де аты аталған Әрхам ақсақал Біржан жайлы әңгімені Әйгерімнен естіпті. Қар кетіп жатқан мезгіл көрінеді. Біржан келе жатыр дегенді естіп Абай «Сасық қамал қорада қалай аламын?» деп, Аралтөбе қыстауына бір жарым шақырым Тізесу деген жерге үй тіккізеді. Біржанды сонда күтіп алады. «Мен сонда бір балама босанып, қыстауда отыр едім. Несін айтайын, Біржанның Тізесудан салған әні тап қасымнан естілгендей болды. Біржан сол жылы Тізесуда бір ай жатып, жайлауға (Шыңғыстың сырт жағы – Бақанас аумағы) бізбен бірге шықты» деген екен Әйгерім. Бақанас жайлауында еркінше аунап-қунаған Біржан сал қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Біржан осы жерден Жетісуға беттеген екен, Мұхаңның сөзінше, «атақты ақын қыз Сарамен айтысатын сапары болуы керек».

1880 жылдардың соңында келешек атақты әнші-композитор Әсет Найманбайұлы да Абай ауылына ат басын тірейді (ақынның «Әсетке» деген өлеңі соның куәсі). Сол сияқты Кенесары ханның қарындасы батыр қыз Бопайды Абай Бақанас жайлауында күтіп алады. Кездесу үлкен жиын-тойға ұласқан екен. Ел-жұрт Бопай ханшадан Кенесары көтерілісінің мән-жайына қанығады. Наурызбай, Ержан сұлтандар, Сайдақ қожа, арғын Таймас би, ақжолтай Ағыбай батыр туралы мәлімет алады. Тегінде, «Абай және Бопай кездесуі» деген тақырып драматургияға немесе киноға сұранып тұр.

Қу тірлікте махаббат сезімінің өшіп-сөнуінен кім қашып құтылған? Айталық, атақты орыс жазушысы Лев Толстой мен жарты ғасырдай отасқан зайыбы Софья Андреевна екеуінің арасы мүлдем шиеленісіп, суып тынғаны белгілі. «Кетіп қалуым сені қатты ренжітері кәдік, - дейді Лев Толстой жұбайына жазған соңғы хатында. – Сенуге, түсінуге тырыс, басқаша жасауға күшім жетпеді. ...Баршылықта, тоқмейіл ортада бұдан былай өмір сүре алмас едім, менің орнымдағы кез келген қарт кісі пендешілік тіршіліктен аулақтап, тыныш күндерін іздемекке ұмтылары анық».

1889 жылы әйгілі «Сегіз аяқта» Абай: «Жалғыз қалдым – дәп шыным!» десе, сол ортада өзінің сырын, шерін, мұңын түсінеді-ау деген жары Әйгерім де жүр. Рас, «Абай жолында» Абай және Әйгерім мөлдір махаббат иелері. Өмірде де берекелі, бақытты ғұмыр кешті. Бірақ ондаған жылдар өткенде араларына қамырық пен түсінбеушілік араласқаны өтірік емес. Неге? себебі өмірдегі Әйгерім – алабөтен малсақ адам болған, ал Абай «Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын» деп өзі айтқандай, дүниені қуудан бас тартқан дана.

«Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. ...Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» (6-сөз) дейді Абай. Бұл тек қоғамға ғана емес, жеке адамдар мен отбасы бірлігіне де әділетті сөз. Ұлы ұстаздың «шын бірлік – ақыл-ой бірлігі» дегені ескірмейтін даналық. Әттең, оны еститін, ескеретін қазағым кәне.

Жинақтап айтқанда, 1876-1893 жылдар аралығында Абай үлкен ауылы Ақшоқы мен онан 35 шақырым жердегі кіші ауылы Аралтөбеде алма-кезек өмір сүреді. Өмір жолы, кешкен тағдыры ешкімге ұқсамайтын дара тұлғамыз – аңыз да абыз Абай шығармашылығының зор белесі, поэзиялық асуы осы мекендерде дүниеге келгенін естеріңізге сала отырайық.

Бұған дейін Абайдың екі өлеңі 1874 жылғы дедік. Сол сияқты Абайдың «Шәріпке», «Жақсылыққа», «Абыралыға» деген арнау өлеңдері де 1866-1878 жылдар аралығына жатады. Оларға ортақ сипат – сықақ, әжца, кекесін. «Жазылған жылы белгісіз» делінетін «Мұқаммаразға», «Ағыбайға» тәрізді өлеңдері де осы кездікі болар. Жігіт Абайға тән мінез-талап жайында Мұхаң: «Біреудің «таптым» дегеніне сынмен қарайтын, «жеттім» деген жеріне қанағат қылмайтын, әр жағынан асырып түсіруге тырысатын талап», - деуі осыны растай түседі.

Қирағатын оқытып,

Көріп едім шатылды.

Ниет қыла білмейді,

Не қылады нәпілді. (1875 ж.)

Құрдасы Абыралыға шығарған осы өлеңнен біреудің кемшілігін дәл көргіш, экспромт шебері Абай танылып-ақ тұр. Бірақ «ақын» деген атты иемденуден қашқан дала атқамінерлерінің салтына сәйкес Абай да өзі шығарған сықақ өлеңдерге мән бермеген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 131 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: