16:01
Абайтануға айқындама

1877 ЖЫЛҒЫ ТАЙМАҚ ОҚИҒАСЫ

Абай болыстық қызмет жылдары қайшылыққа толы болды. Бір жағынан, «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» деп өзі айтқандай, тумысынан зерек Абайдың қандай да бір қиянат, қараулық іске жоламағаны хақ. Әйтсе де, екінші жағынан, күйіндірген, сүріндірген тағдыр талқысы көп кездесті. Соның бірі – 1877 жылғы Таймақ оқиғасы. Яғни Таймақ көлі деген жерге қатысты ел есінде қалған айтулы дау. Абай өміріне бұрылыс әкелген оқиға болғандықтан, оған арнайы тоқталмақпыз.

Таймақ – Архат тауының алыс етегіндегі суы тұщы шағын көл. Сол көлге иелік етуге Мамай руының Байшора және Еламан деген аталары таласыпты.

Бұған дейін орда бұзар отызда Абай Қоңыр-Көкше еліне болыс болып тағайындалды деп айттық. Ол әділдік орнатпаққа жанын салды. Бірде Тобықты мен көршілес руларға араша би болып, енді бірде сияз шақыртып, ұрлық-қарлыққа жақындарды табаға салған бидайдай қуырып жүрген албырт кезітұғын.

Таймақ дауына байланысты «Абай он үш старшын елдің барлық елубасын жиғызып алып, - деп жазады Әрхам Ысқақов, - Мамайдың ақсақалдарын қосып тексертіп, аяғы Мұсаның сөзінің растығын анықтап, Таймақ көлді Байшора пайдасына бекітіп, акты жасап, барлығына қол қойғызып мөр басқызып береді».

Әрхам сөзінен Абайдың жер дауын барынша заң жолымен, әділетпен шешкенін көреміз. Бірақ жуаны, ұрысы көп Еламан адамдары әділ шешімге тоқтасын ба. Үзікбай Бөрібай баласы бастатқан топ жалалы арыздарды Семейге қарша боратқан. Сондықтан ол істі «Семейдің оязы, ояздық соты, тіпті Семей губернаторы да қолға алады» (М.Әуезов).

«Патшалық законы, сот, әкімшілік орындары, - деп жазады Мұхаң, - қазақ ішінде, атқамінер ортасының айла-тәсіл, салт-індетінен түк білмейтін. Қазақ әкімдері мойындарына құрық түсірмейтін қашаған сияқты боп, олар кеңселерді олай да, бұлай да алдайтын. Сондағы атқамінерлер машық болған бір мінез – өтірік арыз болатын».

Ақыры ұлық жазаламақ болып 1877-1878 жылдың қысында Абайды қалаға шақыртқан. Абай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласында 4-5 айға шекті үйқамаққа алынып, қаладан шыға алмай жатады. Сенсеңіз, ол тергеу бақандай жеті жылға созылған. Тек 1884 ж. 27 тамызда Семейдің уездік соты Маковецкий Абайдың «қылмысты» ісін қысқартады. Бұл кезде Абайды ақтап жиыны 700 кісі куәлік беріпті. Көп арыздың иесі Үзікбай Бөрібаев деген болымсыз адам Абайға нақақтан жала жапқанын тергеуде мойындауға мәжбүр болыпты. «Ол істі, - деп жазады М.Әуезов, - Семейдің оязы, ояздық соты, тіпті Семей губернаторы да қолға алады. Бірақ ұзақ тексеру соңында чиновниктер аппаратының өзі де Абайдың жазықсыз, адал, халыққа пайдалы адам екенін ықтиярсыз таниды».

Сонымен, ақын өзі жайлы «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» деген реквиум-өлеңінде:

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ (1898), -

десе, міне сол етекбастының бірі де бірегейі Таймақ оқиғасы болғаны сөзсіз. Міне ғажап, тергеу жүрген 7 жыл Абай үшін зор сәттілік болды, келешек ұлы ақын «ғылымнан махрұм қалған» олқылықтың орнын толтыруға толық мүмкіндік алды.

Болыс тақырыбын жазушы Герағаң (Герольд Белгер) айтқан мынадай пікірмен сабақтайық: «Гете мен Абай тағдырында, танымдарында, ізденістерінде, адамгершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана-сезімді ояту бағытындағы ересен еңбектерінде үндес, сарындас әуендер жиі кезедседі». Алып-қосары жоқ әділ пікір. Мәселен, неміс алыбы Гете туған қала Веймарда он жыл министр болса, қазақ алыбы Абай онша уақыт өзінің Шыңғыс болысының әкімі болды. Министр – Германия кінәздіктерінде, болыс – Қазақстан облыстарында сол заман әкімшілік жүйесінің ең шешуші де пәрменді тетігі болғанын ескерте отыралық.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 148 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: