13:38
Абайтануға айқындама

ОТАУ ИЕСІ

«Он бесте отау иесі». Көшпенді халқымыздың бір салты осы болған. Ділдә Түсіпқызы Алшынбай немересі – Абайдың бәйбішесі. 1860 жылы Құнанбай мен Алшынбай құдаласып, 15 жастағы Абай мен 17 жастағы Ділдәні қосады. Осы жылы тете інісі Ысқақ та отау көтеріп, екеуі бауырдағы Ақшоқы деген елсіз алқапқа бірге орнықты.

Бір шегініс жасайық. Мұсақұл соғысынан кейін Құнанбай істі болып, Омбы қаласында ұзақ тергеліп, ақырында елге оралады. Аз уақыт тыныштық орнайды. Абай да байыз тауып, Жидебайда шешелерінің үйінде отырып кітап оқуға кіріседі. Мұхаң «Абай жолында» бұл мезетті былайша суреттейді: «Ғабитхан да кітап оқығыш болатын. соның кітаптырынң ішінде... Фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбаттал Ғази», «Мың бір түн», әт-Табари жазған тарих, «Жүсіп-Зылихалар», «Ләйлі-Мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая-дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар». Оның үстіне, Абайға деген орысша кітаптарын көтеріп, Омбыда оқып жүрген інісі Халиолла (ел іші «Халел» деген) да келіп жетеді.

Бірақ жаңа басталып келе жатқан өнер-білім есігі тағы жабылған. Омбыға дәм тартып, абақты талқысын татқандығы болар, аға сұлтан Құнанбай көзі тірісінде үш ұлын шұғыл үйлендірмекке ұйғарады. Абай Қарқаралы жері – қаракесек Алшынбай ауылына қайындап барады, отау көтереді. Сөйтіп: «Оқу-білім, кітап тәрбиесі сияқты нәрселер осы қалғаннан көп уақытқа шейін бұйырмаған ас сияқты болып Абайдан алыста қалады» (Әуезов).

Отау иесі болған Абайға қайта оралайық. Үлкен Ақшоқыда Абай мен Ысқақ қысылып-қымтырылып ескі тамда бірге тұрады. Келер жылы Абай ол маңды Ысқаққа қалдырып, өзі бір шақырым жер – Кіші Ақшоқыда сегіз бөлмелі үй салады. Елсіз жердегі құрылыстың әуресі бітер ме. Күнделікті малды бағып-қағу, суару бар. Онан тыс қора басына пішендерін тасу, қыс жағатын қиларын қалап алу, мал қораның жыртық-тесігін бүтіндеу, үй сылау, пеш түзету сияқты істер бар. Осының бәріне қыстаудағы бірер үй малшы, жалшымен бірге жас отау иелері – ағайынды Абай, Ысқақ та араласады.

Ақыл керек, іс керек, мінез керек,

Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.

Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,

Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек. (1886 ж.)

Жары Ділдә ақын әйел затына қойған осы талаптарға толық сәйкес еді. Ол Ақшоқы қыстауын жұнттай ғып ұстаған зерек, іскер, ұқыпты, салиқалы бәйбіше болды.

Ділдә қатарына 6 құрсақ көтерген: Ақылбай (1861 ж.), Гүлбадан (1863 ж.), Әкімбай (1865 ж.), Әбдірахман (1868 ж.), Мағауия (1870 ж.) және кенже қызы Райхан (1872 ж.(.

Ақшоқы қорығы – елсіз орын. Сол себепті Абай мен Ысқақ қалың шидің арасында қараңғы қапасқа қамалғандай күй кешеді. Көпке, дуға үйренген жастарға қатты қиындық түседі. Сондықтан Абай «Қарашолақ деген бүркіт алғызып, жүйрік тазы тапқызып алып, жүйрік мықты аттарды жаратып алып, қасына Ысқақты алып, қағушы адам алып аңға шығатын болды» (Әрхам Ысқақов). Ол заманда балақ тауларда аң деген өріп жүреді. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңіндегі:

Көре тұра қалады қашқан түлкі,

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

Ол да талас қылады шыбын жанға (1881 ж.), -

деген жолдар Абайдың бүркіт салудың қыр-сырына қанық, кәнігі аңшы болғанының куәсі. Абай өмірінің 14-16 жас аралығына және оған жалғас 17 жастан 21 жасқа шекті бөлігіне жасалған ой-шолуымыз осымен тәмам.

Абай 21 жаста. Күрделі өмірдің тағы бір белесі бұл. Қатал әке ықпалынан азат, өз сүрлеуін тапты. 1866 жылдың жазында ол болыстық билікті қолына алады (оған дейін болыс ағасы Құдайбердінің кандидаты қызметінде жүрген). осы жылдың мамыр айында Құдайберді Қарашоқыдағы қыстауында айықпас өкпе ауруынан дүние салды. Сергиополь округтік приказы Құдайберді орнына болыстыққа жедел түрде Абайды сайлаған болатын.

Сөздің пәтуа байламын М.Әуезовтің пікірімен сабақтайық. Ол бозбала Абай «түгелімен әкесінің шәкірті болған» дей келе, былайша ой ой қорытады: «Құнанбай басының жалғыздық көрген кезінде, бұл тұқымның қолынан шығып кетуге айналған бақ пен абұйыр, қайрат пен қожалық болса, соны бұрынғыша толық қалпында қайта қолына жиып алу, жігіт болған Абайдың барлық мақсаты болады. Бұл кездерде өзіне бұл жолдан басқа жол бар, осы істен түзу іс бар деп түсінбеген».

Асылында, осы жасқа келген келешек ақынның көкірегі ақыл-есі кіргеннен көз жеткісіз дария, тылсым ой, тұңғиық сезімдерге толы болғаны пайымдалды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 135 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: