13:54
Абайтануға айқындама

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ. ЖАН ДОС

Ажарына ақылы сай Тоғжан – Абайдың шын ғашығы, алғашқы махаббаты. Абай ару Тоғжанға арнап әлденеше өлең жазған. Ол ол ма, Тоғжанға деген сезімі күллі ғашықтық поэзиясын көктей өтеді. Алғашқы махаббаттың құдіреттілігі деген осы болса керек. Тоғжанның әкесі Сүйіндік – тобықты ішінде бөкенші деген атаның көсемі, кесек тұлға. Ел аузында жүрген бір әңгіме мынау. Топ бастаған Құнанбай жерб өліп келе жатқан Сүйіндікке: «Уай, алапес (алапес дейтіні, Сүйіндіктің бетінде ақ дақтар болған)! Сен қалай барасың?» деп саңқ етеді. Ызғарлы дауысқа Сүйіндік еш ықпастан сәйкесінше: «Мен жерді қойдың соқпағына қарап емес, Құдайдың әділдігіне сәйкес бөлемін!» депті. «Айтқанымнан қайтпаймын» дейтін Құнанбай мырзаны өстіп аталы сөзімен тосылтыпты.

Абай мен Тоғжан арасында махаббат шоғы қалай тұтанған еді? «Абай жолы»эпопеясынан мына бір оқиғаны еске түсірелік. Әкесінің сәлемін алып, Сүйіндік ауылына барған Абай дастархан үстінде мұндағылар бұрын естімеген қызғылықты әңгіменің шетін шығарады. Доғалаң, шұнай, Орда, Шаған, Қарауыл, Хан атты биік – бұлар ХІІІ ғасырда Шыңғыс ханның сұрапыл жорығынан қалған аттар дейді. Ертісті бойлаған қаһарлы хан осы жерде қыстаған, Шыңғыстауы боп айтылатыны содан дейді. Сүйіндік жас қонақтың сөзін тамсана тыңдап, «жеп іш, Абайжан» деп отырған соң, абайға Тоғжанның да ілтипат, ықыласы ауады ғой: «Сүйіндік Абайдың шынысын өзі әперіп: «Жеп іш, Абай! - деп, енді қонағының алдына жент пен майды да, бауырсақты да молырақ ысырып қойды. Әкесінің жас қонаққа жасаған осындай бейілін де Тоғжан сезіп отыр». Әңгіме құнарлы да жарасты болғасын «Тоғжаншай ішіліп болса да, дастарханды жиғызбай, күлімсірей түседі. Жиі қарап, Абай көзімен кездескенде, көптен бергі сыйлас танысына жасайтын ілтипат білдіреді».

Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!

Саяламай, сай таппай.

Не күн туды басыңа,

Күні-түні жай таппай?

Жаңағы таныстықтан соң жан тыныштығын жоғалтқан Абай осылай басталатын өзіне тоқтау еткен өлеңін шығарыпты (әсілі, «сап-сап» деп өзін-өзі тоқтата білуден келешек кемеңгер төбе көрсетеді).

Лажы не, Абай шын сүйгені Тоғжанға қосыла алмаған. Өйткені Тоғжан атастырылған, ал Абайда қалыңдық бар. Бірақ бұдан өткен себептер де бар. Туыстығы жағынан үш Олжай бір-біріне қалың беріп, қыз алыспаған. Оның үстіне, Құнанбай мен Сүйіндік ауылдары өзара дүрдараз еді. Бөкенші батырдың ұрпақтары әу баста Шыңғыс тауының күншығыс жағындағы Қарашоқы, Қызылшоқы, Мыңғазан, Түйеөркеш деген адырларды айнала қонған еді. Пәлендей қыстауларын салып үлгермесе де, бауыр басқан сол жерлер шамасы 1851 жылдары Бөкенші ауылдарын үлкен таудың етегі – тақыр қара адырға (қазіргі аудан орталығы – Қарауыл орналасқан аумақ) ығыстырды. Жүдә, он жылдай уақыт өтсе де, іште мұздың ерімегені сол. «Абай жолында» Қарауыл өзені жиегіндегі Тоғжан ауылы бөтен ауыл делінген: «Иелері Абайға араз, бөтен ауыл. Онда Құнанбайдың баласы баруға жол жоқ. Әсіресе мынау келген сапарынан қастық пен қаттылығын аямайды. Әділбек, Асылбектер – бұл өңірдің намыскер, мықты жігіттері. Олар жау ұлының ниетін білсе, өлердей өртенеді». Мінеки, жоғарыда аталған «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» өлеңіндегі:

Қарсақ жортпас қара адыр,

Қарамай неге шабасың?

Сонда тәуір бола ма,

Ұстап ап біреу сабасын? –

деген жолдар бізге руаралық жаулықтың сызын жеткізеді. Айта отыралық, Құнанбай Сүйіндіктің әділдігін жоғары бағалаған. Кішік Тобықты болысына інісі Майбасардан соң Сүйіндікті болып қылып сайлатуы соның айғағы.

Абай сынды асыл азаматқа Тоғжан да құлай ғашық болған. Ұзатылар алдында шарасыз Тоғжан Абаймен қоштасу зарын шығарады. Бұл зар «Тоғжанның сыңсуы» деген атпен өткен ғасырдың ортасына дейін айтылып келіпті. Онан соң ұмытылған. Кейінде әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов халық арасынан осы әннің жұрнағын тауып алыпты. Ән сөзінің:

Кертаудың ат байладым аршасына,

Сәлем де Тобықтының баршасына, -

деген екі жолынан өзгесі табылмаған.

Балаң жігіт Тоғжанды қайтіп кездестірерін білмей, басы қатқанда, міне ғажап, Бөкенші азаматы, пысық жігіт Көмекбайдың Ерболы кездесе кетсін. Ол – махаббаттың құдірет-күшіне арбалған қос жүрек табысуының дәнекері. Қалай десек те, досы Ербол бозбала Абай жүрегінен ойып тұрып орын алады. Бірі – ғашығы, бірі – досы, екі бейне онсыз да сыр мен сезімге толық ақынның жан сарайын онан сайын жарық етіп, сәулелендіре түсті. «Кімді көрсең – бәрі дос». Абай мен Ербол шуағы мол жастық шақтарды бірге өткерді. «Ақырын, ақырын шегініп» алыстап кеткен сол күндерді:

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ? (1899 ж.) –

деп сағына есіне алады жүрегі жаралы, тәні шау тартқан ақын.

Жинақтап айтқанда, жасы он бестегі Абайдың тапқан рухани олжасы Тоғжанның махаббаты мен Ерболдың достығы болды.

Бозбала ғұмыр шолақ, бірақ адамға зор ықпал етіп, жадында мәңгі сақталады. Неге? бұл кезде адамның рухы тез жетіліп, шапшаң өседі, көкірегі мөлдір сезімдерге толы болады. Айтпағымыз, ел аузында жас жігіт Абайдың Найман елінен Қуандық пен Тұржан (лақап аты – Қаламқас), Уақтан Салтанат, Керейден Сағындықтың қызы, Тобықты-Мырзадан Таза деген сұлу қыздармен таныс-біліс болып, олармен айтыс, сұхбат құрып, хат, өлең жазысқаны жайлы әңгімелер сақталған. Алайда алғашқы махаббат сезіміне олардың ешбірі жақын келіп, теңесе алмайды. Алғашқы мөлдір сезім өле-өлгенше сақталмақ. Абайдың мына шумағы соның куәсі:

Асыл адам айнымас,

Бір бетінен қайрылмас.

Көрмесем де, көрсем де,

Көңілім сенен айрылмас.

Абайдың ғашықтық лирикасына өзге де арулардың түрткі болғандығы жоққа шығарылмайды. Кейініректе ел ағасы Абай шығарған керемет әндер («Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «т.б. өлеңдерге) тыңдаған құлаққа «Жүрегім сенде, Тоғжан!» деген мұңлы астар бардай естілетіні несі?

«Абайдың махаббат лирикасында, - дейді Тәкен Әлімқұлов, - ақын сезімінің пәктігі, тереңдігі, опалылығы әсершіл жанның мейірбандығын танытады. жасы тоқтасқанда өнерге бой ұрған Абайдың ғашықтық сазында селқостық бар деген пікір – түгелдей ағат. Ұлы Гетенің ең ыстық махаббат лирикасы жасы алпысқа жеткенде туған. Абайдың жүрегінде де осындайлық ыстық қуат бар».

Бірақ жасы елуден асқанда Абай барша қуатын – Тәңірінің хикметін тануға салғаны шүбәсіз. Ақын Абайда махаббат лирикасы қалай жарқыраса, ойшыл Абайда пәлсапалық, сопылық әуендер де дәл солай жарқырайды. Мұқағали Мақатаевтың: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дегені неткен әділетті пікір десеңізші.

Шіркін, бозбалалық махаббат. Оның құдіреттілігі неде? Ол Тәңірінің хикметі, тылсым дүние. Бір философ ғұлама: «Алғашқы махаббаттың міндеті – жас жүректі азапқа салу арқылы шыңдау» деген екен. Жаны бар сөз. Анық деп айтарлық бір жәйт, айнымастық, яғни бір бетінен қайрылмау – жүрегі таза, адал, зерек жанға тән қасиет. «Ар ұялар іс қылмас – ақыл зерек». Бұл сөзді Абай өз өмір тәжірибесінен алған. Оның мәнісі – ар жазасы бар жазадан ауыр жаза. Оны білу – сезімтал жүректің ісі.

Махаббатты жырламайтын ақын бола ма? Бірақ бұл сезімді «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегендей ғажап құдіретті тапқырлықпен жеткізген Абайдай шайыр некен-саяқ, жүдә. Махаббаттан туатын күшті сезімнің бірі – достық. Уыз ғашығы Тоғжан бәрізді шын досы Ербол да ақын ойына қайта-қайта орала берген. Шежіре қария Бекен Исабаев өзінің «Ұлылар мекені» кітабында Ербол тарапынан болған бір опасыздыққа тоқтала келіп, «бірақ ақын жүрегі бір кездегі Ерболдай шын досты аңсап, іздей берген сияқты» дейді.

Махаббат, ғаделет сезімдер хақында Абай: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі» (45-сөз), - дейді. Абай шығармашылығында саялы екі ұғым – махаббат пен достық желісін үзбей тартатыны сол.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 216 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: