13:51
Абайтануға айқындама

ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР

Әкенің үлгі-өнегесін Абай 14-16 жас аралығында алды. Осы кездерде ол ізбасарым деп, өзіне сенім артқан әкенің тәлім-тәрбиесін көп көреді. Сөзінен ісі ажырамаған Құнекең баршаға зор тәрбиеші, ұстаз бола білді. Тобықтының құты болды. Мұхаң «Абай жолында» осы ақиқатты айналып өтпей, Құнанбайды кемеңгер, кемел, білгір тұлға сапасында сомдаған. Мысалы, романның «Шытырманда» тарауында: «Мырза кім?» дегенге Қаратай жауап беріп, «Мырза – Құнанбай» деді. Тағы біраздан соң ол жиын. «Шешен кім?» деді. Тағы да Қаратай жауап беріп, «Шешен – Құнанбай» деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп. «Жақсы – Құнанбай» деді». Міне, «Құнанбай кім болған?» дегген сұраққа ұлы суреткер Байдалы ауылына жиылған игі жақсылардың аузымен жауап береді.

«Құнанбай... төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше, толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабілеті таңқаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады». Бұл үзінді поляк А.янушкевичтің күнделік жазбасынан алынып отыр. Ал Абайдың әкесін қалай бағалағаны мына шумақтардан-ақ көрініп тұр:

Мұқым қазақ баласы –

Тегіс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып құрапты. (1895 ж.)

Тәуелсіздік алған тұста «Құнанбай біз ойлағаннан бөлек адам, әттең бұлай жазуға болар еді...» деген әңгімелер шыққан. Бірақ Әуезов қателескен жоқ, біле білсек, құнекеңді сол қаһарлы уақыттың кезінде де ғарыштық биікке көтеріп кеткені хақ.

Айтылған мысал-дәйектер абайдың неліктен әкесін жоғары бағалағанын және оның беделіне бас ұрғанын түсінуге жеткілікті сияқты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, жас Абай, әрине, қайраткер әкеге ұқсауға тырысып-ақ бақты.

Бауырдағы қорық, күзеу, қыстаулардың көбісі үш Олжайға тиесілі еді. Әкенің тапсырмасы бойынша Бауырды түгел аралап, үш Олжай қоныстарын, атап айтқанда, Ырғызбай, Жігітек, көтібақ, Бөкенші, Топай, Торғай ру басшылары арасында Құнекеңнің шабарманы Қамысбаймен бірге жосылта шапқылап жүрген мұрты жаңа тебіндей бастаған бозбала Абайды көзге елестету қиынға соқпайды. Ел есіндегі бірер оқиқаға тоқталайық.

Бетқұдық деген жер әу баста Қайдостың бір баласы Борсаққа тиесілі болған ғой. Сол қонысқа ен салып, қайтсем алам деп жүрген ырғызбай Ақберді: «Сол маңда іргелес отырған Құлыншақ (Торғай руының белді кісісі) иесіз қонысты маған қиса екен! Қонбаса екен!» деген сөзін Құнанбайға өткізеді. Осыған орай, Абай әке тапсырмасын алып, «Бөкенші, Борсақтан жер олжа қылмадым» деп өкпелеп жүрген Құлыншақ ауылына жарау атымен құстай ұшады.

«Абай жолында» жас Абай әкесі құралыптас кісімен «келіссөз» жүргізеді ғой келістіріп. Сол тұсты келтіре кетелік. «Қайтпек керек? Ақберді! Ақберді! Ақбердіге құдай бақ берді, - деп, Құлыншақ ащы бір мысқылмен күліп қойды. Абай Құлыншақтың сабырлы сықағына қызығып, күліп жіберді. Тартысам деп келген емес. және әке қарызынан құтылды. Сондайды шапшаң болжап шыққан Абай жаңағы Құлыншақ қалжыңын іле жөнеліп:

Бақ берген емей немене,

Борсақтан қалған аз жерді

Менікі деп тап берді деңіз! –

деді».

Балаң жігіт әке сәлемін жеткізгенде кексе кісіге алдырмай, сыр ашпай, салмақты көрінген. Бұл айтуға оңай, шын мәнінде таңдай қақтыратын қабілет (оқырман сүйсіне оқитын осындай сәттер арқылы жазушы бір Абайға қос бейне: бірі – ақын, бірі – қайраткер қатар қалыптасқанын байқатады).

«Әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек» (31-сөз). Естіген нәрсені ұмытпауға төрт түрлі себеп осылар.

Жазу-сызу жоқ заманда адамдардың есте сақтау қабілеті күштітұғын. Оның үстіне, Абай жаңағы төрт амалды ұстанып, пайдаға асырады. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не сөйлейді, не істейді? Бұрынғы жақсылар не айтып, не істеген, өз әкесі қайтеді? Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ толық ұғынып, өз өміріне үлгі қылуға тырысқан. Бірде Құнанбайдың сыйласы, Көкше руы ішінде шешен, жүйрік атанған Қаратай Абай құрбы-құрдастарымен отырған жерде жастардың замнын жамандап, өз заманын мақтай келіп: «Менің заманым пайғамбарға жақындау» депті. Бұған қарсы Абай: «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады, сайында неше түрлі өсімдік, алуан жеміс шығады. Алланың рақымына алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға әкесінен жақын емессіз, Қареке, ол дінге кірмеген кәпір болған», - деп, қарт шешенді сөзден жығады.

Қорытып айтқанда, жас Абай әкесіне бұйдалы тайлақтай ерді, бір. Дау, талас, егес, жүгіністе ұтымды, шешен жауап айтуға дағдыланды, екі. Кейде мұсылмандық білімін іске асырып, кейде жаңағы мысалдағы сияқты өлеңмен айтып жіберетін болған. Соған қарап, ел жақсылары Абай туралы «сөз ұғатын бала» десе бастайды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 155 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: