13:50
Абайтануға айқындама

ҮШ ЖЫЛДЫҚ АХМЕТ РИЗА МЕДРЕСЕСІНДЕ

Абайдың мұсылмандық білім алуы жиыны алты жылға жалғасты. Нәзік шыбық тамыр жая келе, құлаш жетпес бәйтерекке айналады. Шәкірт шағында санасына шөккен рухани білімі құнарлы топырақ болып, Абай өмірінің соңында әлем ойының алыбына айналды. Қай тұрғыдан келгенде де, Ахмет Риза медресесі ақын өмірінің ең жарқын парағының бірі және шығармашылығының бастау көзі. Ақынның Семейдегі шәкірттік жылдары жайлы М.Әуезов былайша қорытып айтады: «Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп дүниенің шетін ашқан сияқты».

Сол Семейде жүргенде, жаңа заманның өнер-білімі орыстың тілімен, оқуымен табылатынына көзі жетеді. Сондықтан қырдағы әкесіне ақыладсып рұқсат алмай қаладағы орысша «городская приходская» школына түсіп оқи бастайды. Оның бір жылдық оқу бағдарламасын ендігі қалған 3-4 айда игеруге күш салып, мамыр айының ортасында «өте жақсы» деген бағалау қағазын алып шығады (Әлхам ақсақалдың естелігінен). Бұл аз ғана оқуы да келешек өсіп-дамуының іргетасына қаланды.

Абайдың шәкірттік кезінде, 12-13 жаста шығарған үш өлеңі белгілі. Әуелгісі – «Иузи – рәушан, көзі – гәуһар» деген шығыс ақындарына еліктеп, шағатай дәстүрінде жазған үш шумақ өлеңі. Екіншісі – «Әлифби» өлеңі әрбір жолын араб әліпбиінің бір әрпінен бастап отыратын ғашықтық хат үлгісінде жазылған. Үшіншісі – парсы поэзиясының классик ақындарынан медет сұрап жазған шумағы мынау:

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Навои, Сағди, Фирдоуси.

Хожа Хафиз – бу һәммасы,

Мәдәт бер я шағири фәрияд.

Қарап отырсақ, Абай таңдауы – кілең Шығыстың атақты шайырлары. Жетеуі де сопылық поэзияның өкілдері. Бұлар немістің ұлы перзенті Гетені де тамсандырған ғой. Олардан медет сұрауына қарағанда, Абай осы уақытта да ақын. Бірақ өзін ақынмын деп санамаған.

Келешек қазақ классигі Семей медресесінде берісі Шираз, Самарқан, Бұхара, әрісі Ғират, Ғазна, Бағдаттың сарайлары, медреселері, кітапханалары және миуалы, бұлбұлды бақтары, салқын самал хауыздары жайлы естіп біледі. Оқу орны қабырғасында шығыс поэзиясын іздеп тауып, сүйсіне оқиды. Бұл әсте кездейсоқтық емес. науаидің «Тотынама», Физулидің «Ләйлі – Мәжнүнні», Фирдоусидің «Шахнама», «Жүсіп – Зылиқасы», Низамидің «Фархад – Шырыны» қазақ сахарасы, көшпелі халық ертеден білетін әдеби мұралар еді. Осы жәйтке М.Әуезов назар аударып, былай деп жазады: «Медреседе оқып жүрген кездерінде жаздыкүні елге қайтқанда, қаладан ала келетін кітаптары – тағы сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған».

Мұхаңның мына сөзіне де ден қоялық: «Ол замандағы сұлу-сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули, Қожа Хафиз, Мағари, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр. «Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды» деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған, тіпті ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген». Көріп отырмыз, Мұхаңның пікірі көп жайды аңғартады.

1858 жылдар қарсаңында Құнанбай Семейдегі Абайды шақыртып, ел жұмысына жегеді. Неге? «Өзі тұстас ру басылардың қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қып алған соң» (Әуезов) және «Қыл аяғы біреуге айт деп жіберген сөзімді түгел айтып, толық жауап алып келетін адам табылмады деп» (Әрхам). Осымен, Абайдың білім алуы үзілді. Балдәурен балалық шақ та сынаптай сырғып өте шықты.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 140 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: