16:19
Абайтануға айқындама

ҮШ ЖЫЛДЫҚ АХМЕТ РИЗА МЕДРЕСЕСІНДЕ

Абайдың Ахмет Риза медресесінде оқуы онша қиынға түспейді. Неге десеңіз, наху, мантық, мұхтасар, ғылымхал, құранды оқыту және араб тілінің грамматикасын үйрету сияқты ауылда үш жылдай Ғабитхан молда оқытқан дін сабақтары бұл оқу орны үшін де негізгі пәндер еді. Жалпы мешіт-медреселерде оқыту сапасы қандай еді? Отаршыл өкімет ешқашан да езілген ұлттар өссін, болсын демейді. Генерал-губернатордың атына даярлаған медреселер жөніндегі есебінде патша шенеунігі былай деп мәлімдейді. «Шәкірттер уақытының көбін құранды оқып, жатаумен өткізеді. Тек әредікте ғана шығыстың классик ақындарының шығармаларымен және арабтың оқу кітаптарындағы есеп, география, тарих пәндерімен үстірт танысады. Бірақ география, тарих пәндері әрқилы түсініксіз мәліметтермен толтырылған, есеп болса, арифметиканың төрт амалын шығарудан аспайды».

Қоғам құмбыл, билік құлықсыз жерде, оқу-ағарту істерінің көсегесі көгермейді. Бірақ Семейдегі Ахмет Риза медресесі классикалық үлгідегі оқу орны болды. Ол Орта Азия медреселерінен өзіндік оқу тәртібімен ерекшеленді, имам Ахмет Ризаның өзі бастатқан білікті ұстаздар қауымы шәкірттердің білімге құштарлығын оятуды және заманға сай сапалы білім беруді көздеді. Шығыстың атақты шайырларын таныту, дәріс беру сөзіміздің бір дәлелі. Медреседе бәйіт айту, діни жырларды қосылып әндету, тарауық айту сияқты түрлі мәжілістер, мәдени шаралар үзбей өткізіліп тұрған. Әнге, өнерге таяу Абай дәріс тыңдаудан қолы босаған шақта жаңағының бәрін игеруге ынта салады.

Тек дін шеңберінде қамалып қалмай, ғылым-білім айдынына құлаш ұрған бұл оқу орны бедел-абыройлы болды. Ол келешекте «жәдидшілдік» деп аталатын жаңашылдық рухпен тыныстады.

Тағы бір ерекше жәйт, Ахмет Риза медресесі татардың оқу орны еді. Оған оң жағалауда орналасуы және ұстаздар мен шәкірттер құрамы айғақ (қазақтар сол жағалауды мекен етті де, ескі қалада оқитын қазақ баласы жоқтың қасы болған). Сол себепті әуелінде «түйе көрген мәстектей құлағын тігіп, үрке қараған» (Әрхамның сөзі) үлкен-кіші татар балаларын Абай тез қуып жетіп, тіпті басып озады. Сөйтіп, татар малайларының (татар тілінде баланы «малай» дейді) аузын аңқитады. Өйткені Абай құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған. Алдымен татар тілін жақсы игеріп алып, татардың Шигабутдин маржани, Каюм Насыри сияқты жәдидшіл ғалымдары аударған медресенің кітапханасындағы тәржіманы, араб, парсы, шағатай, түрік мұсылман ғалымдары еңбектерін өндірте оқыған екен.

Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің «Абай мен Мәшһүр Жүсіптің ұстазы Камараддин хазіреті» атты мақаласында Семей медресесінде Абайға сабақ берген Айжарық Бижомартұлы деген қазақ ұстазы жайында мәліметтер береді. Айжарықтың туған жері – Бөкей ордасы. «Камараддин» (қазақша – «діннің айы») деген ат бұл кісіге Бұқара медресесінде оқып жүргенде білімге деген құштарлығы мен тақуалығы үшін берілсе керек. Камараддин татар ғалымы Маржаниді ұстаз тұтқан көрінеді. Бұл факті Абай оқыған медресе кітапханасы негізінен Қазан баспасынан шыққан кітаптардан құралған деген болжамды растай түседі.

Абай медреседе оқып жүрген кезінде өмірлік азық боларын көре білгендей сопылық ілім қайнарынан көп нәр алады. Сәтн салғанда, ол күнде Яссауи, Бақырғани, Софы Аллаярдың сопылық сарындаы кітаптары діни білім беңгегі есебінде еді.

Нәпсі-шайтан тұтқын қылды адам ұлын,

Түйедей ғып байлап алды екі қолын.

Білмеудің несі қиын оң мен солды,

Әттең, қу нәпсі көге перде салды.

Терең сырлы бала Абай ұғып алды дей алмаймыз. Бірақ оң мен солды ажырату кілті дінде жатқанын сезінгені сөзсіз.

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Аят, хадис емес қой,

Күпір болдың демес қой, -

деуі, я болмаса «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде:

Әуелі аят, хадис – сөздің басы,

Қосарлы бәйітсымал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтқан пайғамбар мен оны Алласы, -

дегені медреседе алған академиялық білімінің көрінісі. Әуезовтің: «Абайға Шығыстан кірген бұйымдардың басы – ислам діні» деп атап айтуы осымен өз түсінігін табады. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 163 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: