16:33
Абайтануға айқындама

«ЕСКІТАМ» БАСТАУЫШ МЕКТЕБІ

«Бауыр» деп аталатын кең алқапты мол жазықтың орта тұсына құнекең шамасы 1852 жылы бөлмелері көп, асты-үсті тақтайлы, терезелері жарық медресе үйін салдырады. «Бір бөлмесін зере әже мен Абайға береді де, - дейді Мұхаңның шәкірті, жазушы кәмен Оразалин, - басқа бөлмелерді тегіс балалар сабақ оқитын етіп, қала үлгісінде жабдықтайды. Сол медреседе Құнекеңнің өз балалары Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Халиолла, Смағұл, немерелері Шәке, Шәкерімдер қара танытып, қанаттанады».

Енді Абайдай дананың сауатын ашқан ұстаз – татар Ғабитхан Қабдыназарұлы молданы аз-кем таныстыра кетелік. Орыс тілін білетін ол, енді қазақ тілін меңгеріп, жергілікті тұрғындар арасына оңай сіңісіп кетеді. «Ескітам» басатуыш мектебіне қаладан Құранды және «Әптиек», «Шарх Ғабдолла», «Мұхтасар», «Бидан» атты діни кітаптарды алдыртады. Ол бір ғана дін жайын уағыздай бермеген, шәкірттерін есеп пен жағырафиядан е хабардар етеді. Ұстаз кітапқұмар адам болыпты. Фирдоусидің батырлар эпосы («Шахнама», «Рүстем-дастан», т.б.) және Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы сияқты көркем әдебиеттерді іздеп тауып, оқып отырады екен. «Мың бір түнді» ертек етіп айтады екен. Міне осы айтылғанның бәрі – Абайдың алғашқы ұстазы Ғабитхан дүмше емес, талапты, қабілетті адам болғанын байқатады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, ол Тобықты еліне мұсылмандық білім сәулесін шашуға күш-жігерін сарқа жұмсаған.

Абайдың Семей медресесін тәмамдар кезінде шығарған:

Әлиф деп ай йузіңе ғибрат еттім,

Би – Бәлаи дәртіңә нисбәт еттім.

Ти – Тілімнән шығарып түрлі әбиәт,

Си – Сәнан мәдхіңе хұмәт еттім, -

деп басталатын 8 шумақ өлеңі автордың татар тілі ықпалында жүргеніне айғақ (татар халқы «жүзің» дегенді «йузің», «құрмет» дегенді «хұрмәт» дейді). Сол сияқты Абайдың 1866 жылы інісі Халиоллаға жазған хатында да татарша тіл шұбарлығы тұнып тұр. Хат: «Сізге ғизатлу уә хурматлу ғазиз мукаррам ініміз Халиолла мырзаға бізки ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем», - деп басталып, мына сөздермен аяқталады: «Хатыңыз тиішімән һешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп үшбу хатты йаздық. Хәрдайым тауфықлы абройлы ғұмырыңызды тілеп хат йазушы ағаңыз ибраһим Құнанбайұғылы». Қырдағы Ғабитхан сияқты Семейдегі ұстаздары да татар ұлтынан болғанын ескергенде бұл, әрине, заңды құбылыс. Оған Қазан баспасынан шыққан Абай оқыған көп кітаптардың ықпалын қосыңыз.

Тоқ етері, ХІХ ғасырдың орта тұсында қазақтың жазба тілі шұбарлануына «кінәлі» татар тілі еді. «Татар мұғалімдерінің тіл шұбарлығын балалар тез қабылдайды» дегенді Абай ескертіп отырыпты деп жазады Кәмен Оразалин. Бұл құбылысты татардікі демей, «шағатай тілінің етек алуы» деп шатастыруға болмас, тегі.

Сөз ыңғайына жаза кетейік, он бес жылдай кейініректе әскерлік ауыр міндеттен қашқан (ақ патшаның әскерлік міндеті 25 жыл болған!( Мұхамедкәрім деген Қазан татары да пананы Құнанбай ауылынан табады. Ғабитханнан жасы кіші болған соң, ел оны «Кішкене молда» атап кетеді. Қандас адамдар тез түсінісіп, туыстай болып араласады. Ғабитхан молданы Құнанбай сақтап, қамқорлық көрсетті демек, өз кезегінде Кішкене молда жақсылық, шапағатты Абайдан көреді. Ол Ақшоқы қыстауында қыстап, мол маңдағы ағайындардың ұл-қыздарын оқытқан. 1904 жылы 23маусымда Абай дүние салғанда, оның жаназасын шығару осы Кішкене молданың баласы Махмұт молдаға тапсырылған.ескітамда Ғабитханнан оқыған шәкірттің бірі – Мүрсейіт Бікі баласы. Оны жазуы өте жақсы болып, кейінде ол Абай шығармаларын көшіруге кіріседі. Сөйтіп, асыл мұраны таратуға өлшеусіз еңбек сіңіргені көпке аян.

Сонымен Абай жасы 7-ге толғанда өзі құралыптас балалармен бірге Ескітам мектеп-медресесіне Ғабитхан молда алдына келеді.

Бауырдағы Ескітам медресесінде Абай молдадан 3 жыл сабақ алып, зеректігімен көзге түседі. Әрхам Ысқақовтың сөзінше, Ғабитхан жарықтық шәкіртін өте жақсы көріп, Құнанбайға реті келгенде: «Мырза, мына Абай дана иігіт. Иншы-алла, шаһарға оқуға жіберсеңіз не йәтәді. Сөйтәргә керек. Хұдандауи, хакім-хазіреттер алдын көрсе –бек дұрыс» дей беріпті. Әрбір пендеге, әсіресе шығармашылық адамына тағдыр әлбетте тосын сыйларын тартады. Шыңғыстау өңірінде Ғабитхан молданың пайда болуы сондай сәттіліктің әуелгісі. Сол сияқты Абайдың Семейдегі медресеге оқуға аттануы да қыр сахарасы үшін айта қаларлық сирек оқиға-тұғын.

Тамыз айында Ырғызбай ауылдары шалғай аумақ – Бақанас жайлауынан Бауырға қайта көшіп, Қасқабұлақ жеріне күзеу-қорықтарына жетіп, орнығатын. Рубасы, атқамінер азаматтар күз басталмас бұрын малды, тері мен жүн-жұрқаны саудалайтын базар мен жәрмеңкенің нарқын білуге, қысқа керек-жарақты (ұн, қант, шай, мата, т.б.) алуға, іскерлік қатынасты орнатуға дегендей Семейге қатынай бастайды.

1856 жылы осындай сапардың бірінде он жасты толтырған Абайды Семей қаласына Құнекең өзі ертіп келіп, медресеге оқуға береді. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдулжаппар деген татар. Артынан онан шығарып, жақсы атағы шыға бастаған Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешіт имамдары және сол мешіттері жанында медреселер ұстаған.

«Абай жолында» М.Әуезов бүкіл қыр елінің қаталдығын Құнанбайдың бойына жиып-теріп бергендей көрінеді. Бірақ қаталдық пен озбырлық Құнанбайға туа біткен қасиеттер емес. ол өмірдің күшті талқысын көре, тата келе ғана қаталдыққа сүйенген. Оған дейінгі Құнанбай «Обал-сауаптың да, қайырымдылықтың да, бейбіт тіршіліктің де қадірін білген. Қуанған, күлген, әзілдескен» (Т.Жұртбай).

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 136 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: